Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2022

Шекаралық өңірлердің әлеуеті қандай?

999 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның Қытаймен шекарасының жалпы ұзындығы 1 782,8 шақырымға тең. Аталған шекара бойында Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары орналасқан. Аталған өңірлердің іргелес жатқан елмен қазіргі әлеуеті қалай? Қандай экономикалық мүмкіндікке ие? Экономикалық зерттеулер институты осы сұраққа жауап іздеп көрген екен.

Шекаралық өңірлердің әлеуеті қандай?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлының мәлі­метінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағ­дай бойынша Қытаймен шекаралас облыстарда 3,5 млн адам тұрады. Бұл дегеніміз – Қазақстан халқының 18 па­йызы.

– Мәселен, Абай облысы шығы­сын­да Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лық ауданымен шектеседі. Ауданы – шамамен 180 мың шаршы шақырым. Облыста 610,7 мың адам тұрады. Урбан­далу деңгейі – 60,5 пайыз. Облыс экономикасының негізі – агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру, ма­шина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құ­рылыс материалдарын өндіру. Шың­жаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен Ақсуат және Үржар аудандары шек­тесіп жатыр. Үржар ауданының тиісті инфрақұры­лым құрылысы есебінен Бақты ауылын­дағы шекара өткелінде Қытаймен еркін сау­даны дамытудың әлеуеті зор. Бұл шекара өткелінің 200 жылдық тарихы бар. Ол «Қытайдың Еуропаға шығар терезесі» ретінде белгілі, – дейді Нұрболат Құрметұлы.

Қытай – Абай облысының сырт­қы экономикалық қатынастағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Экспортта ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік өнімдері, металл кендері негізгі үлеске ие. Қытайдан көкөністер мен жемістер, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, санитарлық-техникалық бұ­­йымдар, машиналар мен жаб­дық­тар, электроника импортталады.

Қытаймен шектесетін өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша бұл аймақта 731,3 мың адам тұрып жатыр. Аумағы – шамамен 103 мың шаршы шақырым. Өңірде урбандалу деңгейі жоғары – 66 пайыз.

– Облыс экономика­сы ай­тарлықтай әртарап­тан­ды­рылған. Өңір түсті металлургия, машина жасау, химия өнер­кәсібі, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығына маманданған. Облыс­та төрт аудан, атап айт­қанда Зайсан, Катонқарағай, Күр­шім, Тарбағатай аудандары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен шекаралас жатыр. Зайсан ауданында «Майқапшағай» ірі шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Өңірдің Қытаймен сауда және инвестициялар саласында жақсы байланыс қалыптасқан. Қытайға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері, түсті металдар, сирек кездесетін және қымбат металдар экспортталады. Ал ол жақтан бұл өңірге әкелінетін импорттың негізін көкөністер мен жемістер, машина жасау өнімдері, электроника, құрылыс материалдары, мұнай-химия өнімдері құрап отыр, – дейді Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Алматы облысы да Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен шекаралас. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бо­йынша Алматы өңіріндегі халық саны – 1,5 млн адам. Облыс аумағы 104 мың шаршы шақырымнан асады. Тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Қазақстан бойынша урбандалу көрсеткішінің ең төменгі (16,2 пайызы) деңгейі де осы өңірге тән.

– Алматы аграрлық-индус­триялық өңір болып саналады. Экономикалық тұрғыдан ауыл шаруашылығы, тамақ өнім­дерін өндіру, құрылыс мате­риал­дарын өндіру және маши­на жасауға маманданған. Облыс­та екі аудан (Ра­йымбек, Ұйғыр) Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­лық аудан­ымен ортақ шекараға ие. Облыс аумағы арқылы «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі өтеді. Ұйғыр ауданында «Қалжат» шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Қы­тай – Алматы облысының негіз­гі сау­да серіктестерінің бірі. Қытайға жөнел­тілетін негіз­гі экспорттық тауарлар – ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік. Ал Қытайдан көкө­ністер мен жемістер, химия өнер­кәсібі өнімдері, құрылыс материалдары, парфюмерия, пластмасса және резеңке бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, ағаш бұйымдары, қағаз өнімдері, шыны және шыны бұйымдары, металл бұйымдары мен машина жасау өнімдері импортталады, – дейді Нұрболат Құрметұлы.

Сарапшының пікіріне сүйен­сек, Қытаймен арадағы басты транзиттік көпір ретінде Жетісу облысын атауға болады. Мұндағы халық саны – 699 мың адам. Облыс 119 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Урбандалу деңгейі – 44,4 пайыз. Облыс экономикасының құрылымы аграрлық-индустриялық бағыттан тұрады. Экономиканың негізін агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру құрап отыр.

– Өңірде екі ірі шекаралық өткізу пункті орналасқан. Бұл – Қа­зақ­станның Панфилов аудан­ын­д­ағы алғашқы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лықаралық орталығы, сондай-ақ Алакөл ауданындағы «Достық» шекара өткізу пункті. «Қорғас» екі ел арасындағы экономиканы дамытудың маңызды кешені болып саналады. Орталық 30 күн визасыз жүруді, адамдардың, тауар­лар мен көліктің еркін жүруін қам­та­масыз етеді. Қытайдан келушілер үшін күніне 8 мың юань тұратын бажсыз та­уарлар экс­порты бар. Қазақстандықтар үшін салмағы 25 кило немесе айына бір рет құны 500 еуро бола­тын тауарлар­ды бажсыз әкету мүмкіндігі қарасты­рылған. Ер­кін экономикалық аймақ инвес­тор­ларға корпоративті табыс салы­­ғы­­нан, мүлік салығынан, қосыл­ған құн салығынан және бас­қа да бірқа­тар төлемдерден бо­сату сияқты түрлі салық­тық же­ңіл­діктерді ұсынады, – дейді ол.

Сауда қатынастарынан басқа, Қытай­мен шекаралас өңірлер экономи­каның нақты секторларын дамыту үшін Қытай инвес­тициясын белсенді түрде тарту мүмкіндігіне ие. 2022 жыл­дың басындағы жағдай бойынша Қы­тай­мен шекаралас төрт облыс­та ҚХР инвес­торларының қа­ты­суымен 131 кәсіпорын тір­келген. Бұл кәсіпорындардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы сала­сында, өнеркәсіпте, құры­лыста және саудада жұмыс істейді.

Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 2018 жылы 24,8 млн адам тұрған. Яғни Қазақ­станға қарағанда 5,2 млн адамға көп. 2018 жылы урбандалу деңгейі 50,9 пайыз­ды құрапты. Өңірдің аумағы 1,6 млн шақырымға тең. Оның әкімшілік-аумақ­тық құры­лымына 14 префектура, 4 пре­­фек­туралық деңгейдегі қала, 105 уезд, 13 му­ни­ципалдық аудан, 1 076 кент кіреді. Әкім­шілік орталығы – Үрімші қаласы. Онда 4 млн-нан астам адам тұрады.

– Шыңжаң-Ұйғыр автоно­миялық ауданының экономикасы соңғы жылдары ел Үкіме­тінің инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ауқымды инвес­ти­циялық жобалары есебінен қарқынды дамуда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оның жалпы өңірлік өнімі 184,4 млрд долларды құраған. Ал жан басына шаққанда 7,4 мың долларға тең. Өңір мұнай және табиғи газ өндіруге, мұнай өңдеу мен мұнай химиясына, көмір өндіру мен қайта өңдеуге, электр энергетикасына, жеңіл өнеркәсіпке, электроника өндірісіне, ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеуге маманданған. Болашақта Қазақ­станның ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­лық ауданмен шекаралас өңір­лерінің сауда-экономикалық қатынас­тарын дамыту күшейеді деп күтілуде. Бұған мемлекеттің көлік байланысын, трансшекаралық сауданы дамыту, шекара маңындағы өңірлердің инфра­құрылымдық әлеуетін арттыру, трансше­каралық суларды (мысалы, Ертіс өзені) және басқа да салаларды бөлу мәселелерін реттеу жөніндегі шаралары ықпал ететін болады, – дейді Нұрболат Құрметұлы.

Сарапшы Қазақстанның 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарын­да сыртқы көлік байланысын дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Бұл сыртқы факторлармен – Қазақ­­стан­дағы географиялық жағ­дай­­мен байла­ныс­ты. Оларға ірі ішкі нарықтың болмауы, әлемдік на­рықтардан алыстау, ха­лық ты­ғыздығының төмендігі және алыс қа­шықтықтар, сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстан тарапынан күшті сыртқы гравитация жатады.

– Сыртқы байланысты ны­ғайту мақсатында халықаралық экономикалық дәліздердің құры­лысын аяқтау, облыс орталық­тары арасындағы автомобиль жолдарын жаңғырту, облыс орта­­лықтарындағы халық­ара­лық маңызы бар әуежай­лар­ды реконс­трукциялау және жаң­ғырту болжанып отыр. Шека­ра ма­ңындағы өңірлердің бәсе­кеге қабілеттілігін сақтау үшін олар­дың экономикалық әлеуе­тін іске асыру жөніндегі шара­лар, оның ішінде өндірістік инфра­құ­рылымды дамыту, еркін эконо­микалық аймақтарды, клас­терлер мен шекара маңындағы сау­да орта­лықтарын құру іске асырылады. Көлік-логистикалық орта­лықтар ретінде шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру жөніндегі шаралар да көзделіп отыр. Шекара маңындағы көлік-логисти­ка ор­талықтарын салу өткізу пункт­тері­нің жанында немесе Қазақ­стан учаскелерін­дегі өткізу пункт­терінің аумағына жақын жерде болады, – дейді сарапшы.

«Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстан аумақтық даму жоспарын іске асыруда Қытайдан транзиттік ағындарды ұлғайту үшін бірқатар жобаны жос­парлап отыр. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Ре­сей Федерациясы шекарасы – Май­қапшағай», «Үшарал – Дос­тық» автомобиль жолдарын қай­та жаңарту, екінші жолдарды салу және «Достық – Мойынты» темір­жол учаскесін электрлендіру, Шы­­ғыс Қазақстан облысының Зай­­сан қаласындағы жергілікті әуе же­лілері әуежайының ұшу-қону жо­лағын қайта жаңарту көздел­ген.

– Болашақта Шыңжаң-Ұй­ғыр автоно­миялық ауданы тара­пынан Қазақстанның шекара маңындағы өңірлеріне сыртқы гравитация күшейе түседі. Атап айтқанда, Үрімші қаласының одан әрі дамуына байланысты Алматымен дарындар, инвестициялар және ресурстар үшін өзара бәсекелестік күшейеді, – дейді Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Институттың дерегіне сүйен­сек, Қазақстан мен Қытай ара­сындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 13,5 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыс­тырғанда 38,2 пайызға немесе 9,7 млрд долларға жоғары. Қаң­тар-шілдеде Қазақстан-Қытай бағытындағы экспорт 51,7 па­йызға өсіп, 8 млрд долларға тең болған. Біздің елден Қытайға экспортталатын негізгі тауарлар – шикі мұнай, мыс пен катодтар, мыс кендері мен концентраттары, табиғи газ, ферроқорытпалар, темір кендері мен концентраттары, уран, мырыш кендері мен концентраттары, бағалы металдар кендері мен концентраттары, циклдік көмірсутектер.

Дәл осы аралықта Қытайдан Қазақ­станға бағытталған импорт 22,4 пайызға өсіп, 5,5 млрд долларды құрады. Қытайдан келетін негізгі тауарлары – есептеу машиналары, телефон аппараттары, электр генераторлық қон­дырғылар, қара металдардан жа­салған өзге де бұйымдар, жол жә­не құрылыс машиналары, ав­то­мобильдер мен трактор­лар­ға арналған бөлшектер мен ке­рек-жарақтар, ауаны баптау­ға ар­налған қондырғылар, резең­кеден немесе пластмассадан жасалған аяқ киімдер.