Әлем • 20 Қыркүйек, 2022

Қырғызстан мен Тәжікстан бейбітшілік орнату туралы келісімге қол қойды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Тәжікстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің басшылары Саймумин Ятимов пен Камчыбек Ташиев келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде бейбітшілік орнату туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қырғызстан мен Тәжікстан бейбітшілік орнату туралы келісімге қол қойды

Құжатта шекара сызығынан қосымша күштерді шығару қарастырылған. Тараптар шекаралас аймақтардағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ атысты тоқтатуды талқылады. 

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиевтің айтуынша, шекарадағы жағдай тұрақталып келеді, бұл жұмыс жалғасады.

Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс 16 қыркүйек күні таңертең басталды. Тараптар  бір-біріне оқ жаудырды.

Кейін Қырғызстанның шекара қызметі екі елдің арнайы қызметінің басшылары атысты тоқтату туралы келісімге келгенін хабарлады. Алайда бірнеше сағаттан соң тараптар бір-бірін атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптады.

«Равод» кеден бекетінде тәжік-қырғыз жұмыс топтарының келіссөздері өтті. Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон Самарқандта келіссөздер жүргізді. Тараптар шекарадан әскери күштерді шығару және оқиғаның себептерін анықтау үшін комиссия құру туралы келісімге келді.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 18 қыркүйектегі жағдай бойынша Қырғыз Республикасының 46 азаматы қаза тауып, 140-ы жараланған. Тәжікстан тарапынан 41 азамат қаза тапты.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев екі республика басшыларына көңіл айту жеделхатын жолдады.