* Сауал салмағы
Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз
Мәжілісте палата спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Премьер-Министр К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайына енген көне жәдігерлер Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, адамзаттық маңызға ие құндылықтар екені даусыз. ХІ ғасырға тиесілі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері мен Шығыс моншасы, Ақыртас қалашығы қараған жанды әрі қуантады, әрі күрсіндіреді. Қуантатыны – олар Ұлы Дала өркениетінің қайталанбас көркем үлгілері. Күрсіндіретіні – сол ғажайыптардың құпиясы әлі ашылып болған жоқ.
Біз алыс тарихымыздың сырына толық қанғымыз келсе, Ақыртасты мемлекеттік және халықаралық деңгейде жүйелі зерттеуге тиіспіз.
Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жүрсеңіз, Ақшолақ теміржол бекетіне жетесіз. Оң қол жақта Алатаудың қарлы биіктері асқақтайды. Солардың сауырында құпиясы әлі күнге беймәлім тас қала мүлгіп жатыр. Ол туралы бұлыңғыр болжам көп.
Осы жерде 1893 жылы болған шығыстанушы Лерх Ақыртасты буддалық монастырьге телісе, түрколог Бартольд несториандар кезеңінің құрылысына балаған. Неміс ғалымы Брентьес араб қолбасшысы Кутейба салдырған қорғанға балайды.
Ашығын айтайық, мұның бәрі – дерексіз жорамал. Кейінгі зерттеулер Ақыртас ертедегі Майя үндістерінің әйгілі пирамидаларымен тамырлас деген тұжырым жасата бастады. Бұған негіз жоқ емес. Төс табанға және қабырғаларға қаланған тас блоктардың әрқайсының салмағы бір тоннаға жуық. Олар тегістеліп өңделген. Бір-біріне геометриялық дәл аралықта көтерілген тас бағаналар Афинадағы Акропольдардың сілемін көзге елестетеді. Рим Колизейінің сәулетіне тән белгілерді де аңғарасың.
Осындай ұқсастық – б.д.б. І ғасырларда Ғұн қағаны Чжан Чжин немесе Шөже Рим легионерлері мен Парфия шеберлеріне Талас, яғни Тараз қаласын салдырғанда, Ақыртасты да бірге көтерген жоқ па екен деген ойға бөктіреді. Асылында, бұл ой шындыққа жақын.
Түйіп айтсақ, Ақыртасқа ЮНЕСКО-ның назарын аударып, осы беделді ұйымның қорғауына алдыруға тиіспіз. Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, осыған ықпал етуді өтінеміз. Сондай-ақ, Ақыртасты зерттеуге халықаралық археология орталықтарын тарту қажет. Себебі, тас қаланың тарихы тым әріге кетеді, оның құпиясы сонда ғана ашылады.
Ақыртасқа бүгінде келушілер көп, республиканың шартарабынан, шетелдерден арнайы атбасын бұрушылар да аз емес. Олар қонатын үй республикалық бюджет арқылы салыныпты. Мұнда зерттеушілер мәжіліс құратын орын да бар.
Қазірге жетпей тұрғаны екі нәрсе: Ақыртасқа Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралінен 8 шақырым асфальт жол тарту керек. Содан кейін сумен қамтамасыз ететін скважина қазып берсек, ежелгі археология ескерткіші көптің игілігіне айналады, Таразда туризмнің дамуына ықпал етеді.
Бұл тілек-ұсыныстар біздің ғана емес, қария тарихтың өтініші деп біліңіз».
* Депутат дауысы
Су мөлшерін қадағалаудағы ұтымды қадамдар
Балалардың жазғы демалысына бас ауыртпауды доғарайық
Міне, жазғы каникул кезеңі де жақындап қалды. Ал балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы мен іспен айналысуын ұйымдастыру мәселесі бүгінгі таңда анағұрлым өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр.
Тіпті, Білім және ғылым министрлігінің ресми деректері бойынша оқушыларды ұйымдастырылған жазғы демалыс түрлерімен қамту деңгейі төмендеп келеді. Мысалы, 2010 жылы ол 92,7 пайызды, 2012 жылы 91,4 пайызды құраған. Бірақ, тексере келе, бұл сандар да өте жоғары екеніне көз жетеді, өйткені, балалардың қысқа уақыт болатын мектеп жанындағы лагерьлерін ұйымдастыру олардың жазғы каникул кезеңінде демалысын, бос уақыты мен бір іспен айналысуын ұйымдастырудың негізгі бағыты болып қалуда. Онымен тек төменгі сынып оқушылары қамтылады және де көбінесе тамақтандырусыз, демалыс үшін қажетті жағдайларсыз ұйымдастырылады, сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары жинау және мектептің жаңа оқу жылына дайындалу бойынша екі апталық практикамен қамтылады. Кезінде жекешелендірілген көптеген балалар лагерьлері қазіргі таңда мақсатты пайдаланылып отырған жоқ, жұмыс істеп тұрғандары – қалдық қағидаты бойынша ұсталынуда, солардың өзіне де жолдама құны қымбат болғандықтан, жағдайы осал, көпбалалы отбасылардағы балалардың басым көпшілігіне қол жеткізу екіталай. Жазғы еңбек тоқсанында балалар мен жасөспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің ең жақсы дәстүрлері, өкінішке қарай, жойылып, бүгінде оны жандандыру, еңбек пен демалыс лагерьлерінде, жоғары сынып оқушыларының еңбек отрядтарында, оқушылардың өндіріс бригадаларында, мектеп орманшылығында еңбек дағдыларына баулу мәселесімен, жалпылай айтқанда, ешкім айналыспайды. Балалар мен жасөспірімдерді жазғы кезде сауықтыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, мүдделі орталық, жергілікті органдардың күш-жігерін үйлестіру бойынша жүйелі ұйымдастырушылық жұмыс мектептерден еріксіз ақпарат жинаумен шектелсе, бұл нақты жағдайды көрсетпейді. Іс жүзінде оқушылардың негізгі бөлігі жазғы кезде өздерімен өздері болады. Бұған қоса, отбасы институтының бәсеңсуіне байланысты, балалармен және жасөспірімдермен тәрбие жұмысы, олардың жазғы кезеңдегі бейәлеуметтік жүріс-тұрысының алдын алу шаралары жоққа шығарылады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдарға қалыптасқан жағдайды зерделеу қажет. Оның ішінде мына мәселелерге назар аударылуы тиіс деп білеміз. Біріншіден, жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдер демалысының, сауықтырылуының және іспен айналысуының жүйелі мониторингін жүргізу және бақылау тәжірибесіне қайтып оралу керек. Екіншіден, жекешелендірілген және басқа қызмет түріне қайта бағдарланған лагерьлерді қайтару, жұмыс істемей тұрған лагерьлерді қалпына келтіру есебінен балаларды сауықтыруға арналған сауықтыру мекемелерінің, балдырғандарды оңалту профилакторийлерінің желісін дамыту жөніндегі арнайы («Баспана» бағдарламасына ұқсас) бағдарлама қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет. Үшіншіден, жазғы кезде жоғары сынып оқушыларының іспен айналысуын қамтамасыз ету, олардың денсаулығын нығайту мақсатында жазғы еңбек тоқсанын жандандыру бойынша шараларды іске асыру керек. Бұған қоса, жалға алынған лагерьлерде түрлі конфессия өкілдерінің балалар демалысын ұйымдастыру оқиғаларына байланысты қаладан тыс лагерьлердің қызметін бақылауды күшейту мәселесін қарастырған жөн. Сондай-ақ, балалардың судағы қауіпсіздігі мәселесін пысықтау, үлкен суда құтқару станцияларын құру мәселесін пысықтау, оларды сүңгу құралдарымен, жағажай аймақтарымен жабдықтау қажет. Оның ішінде білікті психолог-педагогикалық, спорт-денешынықтыру кадрларын, медициналық мамандарды даярлау проблемасын шешу, лагерь жағдайында балалармен жұмыс істеу үшін аға және отряд бастаушысы мектебі жүйесін қайта қалпына келтіру керек. Сонымен қатар, Қазақстан тарихын зерделеуде балалардың ой-өрісін кеңейту, қызығушылығын тудыру, экскурссиялық қызмет түрін, ішкі туризмді дамыту мақсатында жазғы сауықтыру лагерьлерінен келген балалардың ұйымдасқан топтары Астанадағы, облыс орталықтарындағы, курорттық аймақтардағы мұражайларға, ойын-сауық орталықтарына барған кезде олар үшін тегін кіру билеттері мәселесін қарастыру жайы оң шешілсе, ұтылмайтынымыз анық. Қорыта айтқанда, балаларды сауықтыру демалысын, жасөспірімдердің жазғы еңбек тоқсанында іспен айналысуы жүйесін дамыту өскелең ұрпақтың денсаулығын анағұрлым жақсартуға және көптеген проблемалардан құтылуға мүмкіндік береді. Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты. * Іскерлік іссапарларыГрекияда діни жиын өтті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экологиялық мәселелер және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин Грекиядан оралды. Ол аталған елдің Солоники қаласында ұйымдастырылған Православтардың Парламентаралық Ассамблеясының төрағалар мен халықаралық хатшылар комиссиясының отырысына қатысты. Басқосу шеңберінде «Христиандық – православие және бұқаралық ақпарат құралдары» деген тақырыпта семинар-конференция өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. *Талқылау тағылымы Электр қуаты тұтынушыға жеткенше оның құны неге шектен тыс шарықтап кетеді? Мәжілістің соңғы жалпы отырысында осы мәселеге қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, қызу талқыланды. Заң жобасының өзі кейбір заңнамалық актілерге электр энергетикасы нысандарының жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы деп аталса да, талқылау барысында электр қуатына байланысты талай толғақты мәселелердің басы шалынды. Мәселен, депутат Рауан Шаекин бүгінгі күні электр қуатын өндіретін кәсіпорындар 1 квт-сағатты 8 теңгеден өндірсе, ол тұтынушыға жеткенде 20 теңгеге дейін бір-ақ көтерілетінін айта келіп, мұның мән-мәнісі неде екеніне тоқталды, яғни ол қымбаттаудың нақты себептерін де ашып берді. Халыққа электр қуатын жеткізетін кәсіпорындар үш сатыдан тұрады екен: өндіруші; тасымалдаушы; жабдықтаушы. Біз өндіруші мен электр қуатын тасымалдайтындардың тарифін монополияға қарсы күрес туралы заңмен шектен шығармаймыз. Алайда, тұтынушыны электр қуатымен тікелей жабдықтайтын кәсіпорындардың 80 пайыздық әрекетін аталмыш заңмен реттей алмай отырмыз, дей келіп, бәленің бәрі осы жерде екенін атап көрсетті. Біздің осы заңымыздың әлсіздігінен тұтынушыға жеткенде электр қуатының бағасы аспандап кетіп тұр. Соның арқасында, тарифтерді ойларына келген көлемге дейін көтеріп отырған электр қуатымен жабдықтайтын кәсіпорындар шектен шығып кеткен көлемде табыс табуда деді ол. Осылай деген депутат осы жерде монополияға қарсы күрес агенттігінің тексеріс анықтамасының қорытындысынан мысалдар келтірді. Мысалы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС осы жолмен 2012 жылы 344 млн., ал 2013 жылдың алғашқы жартысында ғана 1 млрд. 43 млн. теңге тыс табыс тапқан. Р.Шаекин осының бәрі аталмыш кәсіпорындардың мүддесіне лобби жасалып отырғанның салдары екенін ашып айтты. Және ол бір жыл емес, 8 жылға созылып отырған іс, егер біз осы мәселеде саяси шешім қабылдай алмасақ, бәрі де өз орнында қала береді, деді депутат. Сөзінің соңында Р.Шаекин мына заң жобасының да тиімді боларына күмән келтірді. Екінші оқылымда үкіметтік нұсқаға «ұмытып» кеткен қосымшаларының бәрі енгізілетіні кестеден көрініп тұр, сөйтіп, бұл заң жобасы өзінің бақылау мен қадағалау үшін жасалып отырғандығынан мүлде ауытқып кетеріне сенімдімін. Ондайға айтатын себептер де дайын тұрады. Біреулері біз шетелдерге сатамыз деп кергиді, тағы біреулері тағы да басқа себептер табады. Сондықтан екінші оқылымға дейін тасымалдау мен жабдықтау мәселесіне бірдей қарау жөнінде ойланайық, деп қорытты ол өзінің сөзін. Ал депутат Шавхат Өтемісов қуат өндіретін және тасымалдайтын ұйымдарға уақытша басқару институтын енгізу туралы норманың түп орнымен қате екенін жеткізді. Бұл жаңа өзгеріс түпкілікті ойластырылмаған, оны орындау және іске асыру тетігі де нақтыланбаған. Сонымен бірге, ол әрбір жекеменшік субъектілердің несиелік және қарыздық міндеттемелері болатынын ескермеген. Мұндай міндеттемелерді жарты жылға қалай тоқтатуға болады? Ал егер уақытша басқару кезінде электрстансаның негізгі жабдықтарына нұқсан келсе ше? Оның шығынын кім өтейді? Өкінішке қарай, заң жобасы, міне, осындай мәселелерді есепке алмаған, деді ол. Сондай-ақ, ол заң жобасының нормалары бизнес-қауымдастықтың сарап қорытындысын алмай енгізілгенін де сынады. Заң жобасы екінші оқылымға ұсынылғанда аталған сындар түзетілер деген үмітпен депутаттар бірауыздан мақұлдады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Фотокүнделік
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

