Әдетте мен жаңа аудиторияның, оның ішінде Қордың жаңа серіктесінің не бағдарламаның жұмысын байқауға келген халықаралық ұйымдардың өкілдерінің алдында Келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы (КАЖБ) туралы әңгімелеу барысында «бірегейлі» деген сөзді көп қолданамын. Бұл сөз нақты осы инновациялық бағдарламаны сипаттауға лайық деп санаймын, себебі, ол әлемнің 20-дан астам елінде әлеуметтік қамсыздандыру бағытында пайдаланылып келе жатқан ең жаңа құрал болып табылады.
Бірегейлі Ақпаратты басқару жүйесі, бірегейлі еріктілер жүйесі, бенефициарлар санаттарының бірегейлігі және басты бірегейлігі – КАЖ бағдарламасы мемлекет тарапынан емес, коммерциялық емес ұйымның тарапынан жүзеге асырылады. Сондай-ақ, меніңше, «БОТА» қорының КАЖ бағдарламасының бірегейлігі – төрт жылдың ішінде саналы түрде қызметкерлердің, еріктілердің және бенециарлардың бойында қалыптасқан адамдарға деген қарым-қатынаста.
Аз қамтылған отбасылар елімізде бірінші рет қайырымдылық шараның нысаны ғана емес, олар өз балаларының жарқын болашағын жақсарту мақсатында әлеуметтік бағдарламаның толыққанды қатысушысына айналды. Бағдарлама қызметкерлері: «Біз оларға жәрдемақы төлейміз», дегенді аузына алған емес, керісінше, олар: «Біз адамдарға өз балаларының ертеңгі келешегін жақсарту үшін көмектесеміз», дейді. Еріктілер де өмір сүруді үйретпейді, тек «тең-теңімен» форматында кеше ғана өздері алған жаңа ақпаратпен бөліседі. Бағдарлама осындай екіжақты өзара түсіністік пен жауапкершілікке негізделген. КАЖ бағдарламасының қызметкерлері мен еріктілерін үйрету «аз қамтылған отбасының портретін» суреттеуден және оның мықты жақтары мен жаңа мүмкіндіктерін анықтаудан басталады. Яғни, біз отбасының әлсіздігі мен қиындықтарын талқыламаймыз. Бұл тәсіл тренинг қатысушылары үшін балалардың болашағы үшін жауапкершілікті тиек еткен бағдарламаның бірегейлігі мен мықтылығын түсінуге көмектеседі.
Бағдарламаның жүзеге сәтті асуы «БОТА» қорының қызметкерінің, еріктілері мен қатысушы отбасылардың өзара ынтымақтастыққа және тең-теңімен қағидасына негізделіп жұмыс жасауына ғана байланысты. Осы жылдың соңында бағдарлама өз жұмысын аяқтайды, осыған орай, оның нәтижелерін еске алғанымыз жөн болар. КАЖ бағдарламасы 150 мыңнан астам қатысушысына қолдау көрсетті, ал олардың отбасында орташа есеппен алғанда 470 мыңға жуық адам тұрады. Бағдарламаға қатысқан адамдарға Қор 8 млрд.теңгеден астам жәрдемақы төледі.
«БОТА» қоры әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі әдістемелерін мемлекетке ұсынды – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне. Яғни, 4 жыл ішінде жасалған жұмыс өз жалғасын табуы әбден мүмкін. Ал ана мен баланың денсаулығын күту, үйдегі күтімді жақсарту, балалардың мектепке дайын болып келуін қамтамасыз ету, балаларын түсініп, оларға қолдау көрсететін ата-аналар санының артуы – КАЖБ-ға қатысқан жекелеген отбасылар мен жергілікті қауымдастық аясында өз жалғасын әрмен қарай табады деп сенеміз. Сонымен қатар, еріктілердің де жұмысы алға өрлей бермек, олардың бірқатары биыл Ақмола және Жамбыл облыстарында жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында жұмыс жасайтын мемлекеттік «Өрлеу» жобасына тартылды.
Ал қызметкерлер қай жерде еңбек етсе де адамға деген құрметтің маңыздылығын әрқашан жоғары қоятын болады. Осы қасиеттер әрмен қарай жалғасып, тіпті, «БОТА» қорының КАЖ бағдарламасы туралы ешқашан естімеген адамдарға да өз септігін тигізеді деп үміттенеміз.
Елена ВИНОГРАДОВА,
«БОТА» қоры КАЖ бағдарламасының кеңесшісі.