Футбол • 21 Қыркүйек, 2022

Ұлттар лигасында үмітіміз ақтала ма?

211 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА құрамына енген 20 жылдың ішінде әлем, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдерінде ешқашан өз тобында жоғары орындарға көтеріліп көрмеген. Ұлттық құраманың топтық кезеңдегі тұрақты мекені соңғы орындар болатын. Ал биыл сол олқылықтың орнын толтыратын зор мүмкіндік туып тұр. Ертең маусымда жалауы желбіреген Ұлттар лигасының ойындары қайта жалғасады.

Ұлттар лигасында үмітіміз ақтала ма?

Бірер жыл бұрын тұсауы кесіл­ген Ұлттар лигасының үшін­ші маусымы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтті бас­талды. Жерлестеріміз жаздың алғашқы айында өткен төрт турдың үшеуінде жеңіске жетіп (Әзер­байжан – 2:0, Словакия – 1:0, 2:1), бір кездесуде тең (Бе­ларусь – 1:1) ойнады. Сөйтіп, Ма­гомед Адиев шәкірттері доп додасының алғашқы төрт турынан кейін 10 ұпай жинап, «С» дивизионының 3-тобында көш бастады. Турнир кестесінде екінші орында тұрған Словакия біз­дің құрамадан бақандай төрт ұпай қалып келеді. Алда әлі екі тур бар. Егер жерлестеріміз сол екі ойынның біреуінде үш ұпай олжалайтын болса, онда өз то­бындағы бірінші орнын сақтап қана қоймай, аталған лигада бір саты жоғарылап, «В» дивизионына тікелей жолдама алады. Ал Еуропаның үздік құрамалары бақ сынайтын «В» лигасында Кәрі құрлық чемпионатының жолдамалары сарапқа салынатынын жанкүйерлер жақсы біледі.

Футболдан биылғы әлем чем­пио­наты әдеттегідей жазда емес, күз мезгілінде Қатарда өте­тін болғандықтан, ФИФА мен УЕФА 2022 жылғы футбол күнтізбесіне өзгеріс енгізіп, Ұлттар лигасының ойындарын маусым және қыркүйек айларында өткізуге мәжбүр болды. Дәстүр бойынша ойындар қарашаға дейін созылатын еді.

Жерлестеріміз Ұлттар лига­сының бесінші тур ойынын ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында ФИФА рей­тингінде 96-орында тұрған Беларусь құрамасымен өткізеді. Осыдан үш ай бұрын сырт алаңда ұйымдастырылған алғашқы ойында Қазақстан құрамасы «ақ­орыстармен» бірінші рет ресми матчта тең ойнап (1:1), төрт ойынға жалғасқан жеңіссіз серияға нүкте қойды. Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджордже» ста­дионында (УЕФА Беларусь құрамасына өз елінде ресми ойындарды өткізуге тыйым салған) өткен кездесудің 13-минутында Абат Айымбетов есеп ашса, екінші таймның 84-минутында Владислав Малькевич таразы басын теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарып қалған еді.

22 қыркүйек күні елордада Беларусь құрамасымен өтетін ойын ұлттық құрама жігіттері үшін қай жағынан алып қарасақ та маңызды матчтың бірі болып тұр. Өйткені ең бірінші, футболшыларымыз ұлттық құраманың наурыз айында басталған жеңісті жолын бұзып алмаса екен дейміз. Екіншіден, жаңа бапкердің басшылығымен сырт алаңда Беларусьпен тең түскен ұлттық құрама футболшылары оларды Астанада жеңіп, бұған дейінгі жеңілістің есесін қайтаруға тиіс. Үшіншіден, егер осы матчта еш қиындықсыз үш ұпайға қол жеткізетін болсақ, онда соңғы турдың нәтижесіне қарамай-ақ Қазақстан ұлттық құра­­масы мерзімінен бұрын Ұлт­тар лигасының «В» дивизионына көтеріледі.

Өз алаңымыздағы матчтан кейін Могамед Адиев шәкірт­тері соңғы тур ойыны үшін Әзер­байжанға сапар шегеді. Екі елдің құрамалары арасындағы алғашқы тур ойыны «Астана Арена» стадионында өтіп, жер­лестеріміз 2:0 есебімен басым түскен еді. Матчтағы екі голды да «Астананың» шабуылшысы Абат Айымбетов соққан болатын. Әзербайжан мен Қазақстан құ­рамалары арасындағы қа­рым­та матч 25 қыркүйек күні Ба­кудегі 31 мың жанкүйер сыятын Тофик Бахрамов атындағы респуб­ликалық стадионда өтеді. Матч елорда уақытымен 22:00-де басталады.

Өткен аптада Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев осы екі ойынға шақырту алған футболшылардың тізімін жариялады. Адиев қыркүйектегі матчтарда да негізінен маусым айындағы бәсекелерде жасыл алаңға шыққан футболшыларға сенім білдірмек. Сондай-ақ ұлттық құрамаға жарақаттарынан айыққан қорғаушы Марат Быстров пен Бақтиер Зайнудтинов оралды. Ал Владислав Васильев («Тобыл») пен Максим Самородовтың («Ақ­төбе») орнына Юрий Логвиненко («Ақтөбе) мен «Қайраттың» жас ойыншысы Әділет Сәдібеков келді. Сонымен қатар ұлттық құ­ра­маға ұзақ уақыт үзілістен кейін «Шахтердің» шабуылшысы Роман Мұртазаев қайта оралды. Қалған фут­болшылар құрамадағы өз ор­нын сақтап қалды. Магомед Адиев алдағы екі ойында мына фут­болшыларға сенім артпақ.

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Мұхаммеджан Сей­сен («Тараз»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (барлығы – «Тобыл»), Елдос Ахметов («Тараз»), Михаил Габышев, Талғат Көсепов (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ах­мат», Ресей), Темірлан Ер­ланов, («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей);

Жартылай қорғаушылар: Юрий Логвиненко, Рамазан Ора­зов, (екеуі де – «Ақтөбе»), Ас­хат Тағыберген, Самат Жарын­бе­тов (екеуі де – «Тобыл»), Аслан Дара­баев, Тимур Досмағамбетов, Ис­ламбек Қуат (барлығы – «Ас­тана»), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Бақтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Әділет Садыбеков («Қайрат»);

Шабуылшылар: Абат Айым­бетов («Астана»), Абылайхан Жұ­мабек («Тараз»), Артур Шу­ше­начев («Қайрат»), Роман Мұртазаев («Шахтер»);