Бизнес • 21 Қыркүйек, 2022

Кәсіпкерлік керегесін кеңейткен жобалар

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жеті лақ» ферма шаруашылығы – өңірдегі ең ірі ешкі шаруашылығы және ешкі сүтінен өндірілетін таза табиғи ферма өнімдерінің бірден-бір өндірістік алаңы. Өз жұмысын жоғары деңгейде үйлестіріп, сапалы тауарымен халық қажеттілігін өтеп келе жатқан «Жеті лақ» фермасы – «Маңғыстау облысы бойынша Қазақстанның үздік тауары» сыйлығының иегері.

Кәсіпкерлік керегесін кеңейткен жобалар

– Қазақстанда жеке ферма шаруашы­лық­тарын дамыту, бұл – бүкіл елдің эко­номикасы үшін зор мүмкіндік. Мә­се­лен, қазіргі уақытта республикада жылына 15 мың тоннаға жуық ірімшік өндіріледі. Ал біздің ірімшігіміз өте дәмді. Шаруашылығымыздың негізін қалаған кезде біз осы ерекшелікті кө­бі­рек дәріптеуді мақсат етіп, экскурсиялар өткізе бастадық, балаларды ірімшік өндірісіне қызықтырып, кәсіптік бағ­дар жүргіздік. Business Bilim жобасы арқылы көптеген кәсіпкердің қа­те­ліктерін айналып өтіп, бизнесті дұрыс құра алдық. Алдағы жоспарымыз – бизнесті кеңейтіп, экс­портқа шығу, – дейді ферма басшысы Александра Григолова.

Александра жобаға 60 бас ешкісі бар фермасы және ферма негізінде ешкі сүтінен ірімшіктер мен ашыған сүт өнімдерін өндіретін шағын зауыт бизнес-идеясымен келген болатын. Жоба барысында сүт өнімдері мен ірімшік зауытының жұмысы бір қалыпқа келіп, өндіріс көлемі ұлғайды. Қазіргі уақытта ешкілер саны екі есе көбейді.

Ал Bal Balyk компаниясы жаңа ауланған балықты өңдеумен, албырт, бақтақ және майшабақты қақтаумен айналысады. Бұл отбасылық өндіріс айы­на үш тоннаға дейін балық өнімдерін өндіреді және айына 30-40 тонна көр­сеткішке қол жеткізуді көздеп отыр. Са­рапшылардың көмегімен биз­нес­тің айрықша мақсаты анықталып, жұ­мыстың құрылымы жасалды. Ком­па­ния қазақстандық тізілімге ен­гі­зі­­ліп, сәйкестік сертификатын және ветеринарлық-санитарлық қорытынды мен сынақтар хаттамасын алды.

– Қазіргі уақытта өнімдерді Оңтүстік Корея мен Қытайға экспорттап көру­де­міз. Басқа елдерге шығу үшін өндіріс көлемін ұлғайту керек. Дегенмен біз­дің нарық біршама күрделі. Балық өңдейтін шаруашылықтарға қолдау көрсету үшін қазақстандық балықтың өзіндік құнын ретке келтіру қажет. Бұл жанармай, логистика, жер-су телімін күтіп ұстау, браконьерлермен күрес, жер телімдерін монополияландыру құны сияқты бірқатар қаржылық шы­ғынға тәуелді. Біз Business Bilim жобасынан 4,7 млн теңге грант алып, өн­дірістік көлемді ұлғайтып келе­міз, – деді Bal Balyk қақталған, сүр­лен­ген, маринадталған, тұздалған ба­лық өн­­ді­рісінің негізін қалаушы Айжан Нұғманова.

Маңғыстаудағы мақтаулы шаруашы­лық­тар өз өнімдерін тарату көкжиегін кеңейтіп, шетел нарығына қадам баса бастады. Қазақстандық өнімнің керегесі кеңейсе ел экономикасына да олжа.

 

Маңғыстау облысы