Конференция коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің, қор донорларының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Парламент өкілдерінің және халықаралық ұйымдардың қатысуымен zoom платформасында ұйымдастырылды.
Қорытынды конференцияда қордың негізгі қызметі және елімізде қайырымдылықты дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу негізінде жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы айтылды. 1 шілдеде басталған конференция осы уақыт ішінде 1 173 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдерінің қатысуымен 43 zoom-конференция өткізген. ҮЕҰ-ның ұсыныстарын зерделеу мақсатында ҮЕҰ үшін онлайн-сауалдама іске қосылып, оған 1 041 респондент қатысқан. Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев жұртшылық алдында қордың жаңартылған тұжырымдамасы мен проспектісін таныстырып, Үкіметке үндеу және конференция декларациясы қабылданғанын айтты. Тұжырымдаманың қолданыстағы редакциясын дайындауда Мемлекет басшысының 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында «Қазақстан халқына» қорын құру туралы тапсырмасы негіз болған. Қор қайырымдылық саласында ірі жеке капиталдың тұрақты ағымын қамтамасыз ететін донорлық пен қайырымдылық экожүйесінің драйверіне айналу үшін қоғамдық сектор ұйымдарының көмегімен қайырымдылық бағдарламалары әзірленіп, іске асырылады.
«Қазақстан халқына» қоры күрделі кезеңдерде халықты материалдық-техникалық құрал-саймандармен жабдықтау, ресми және бейресми білім беруді ілгерілетуге жәрдемдесу, халыққа әлеуметтік қызметтер көрсетудің қолданыстағы жүйелерінің тиімділігін арттыруға қатысу, әлеуметтік инновацияларды қолдау, айрықша жағдайларда жекелеген азаматтарға және төтенше жағдайлар кезінде кешенді көмек көрсету аясында алты бағыт бойынша жұмыс жүргізеді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Конференция барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров пен «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сөз алса, пленарлық сессияда қайырымдылық саласындағы негізгі мәселелер жөнінде қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Help Today қоғамдық қорының төрағасы Элмира Әлиева, ауылдық аумақтарды қоғамдық дамыту қорының үйлестірушісі Данияр Тоқтарбаев, «Полиметалл Еуразия» компаниясының бас директоры Қанат Досмұқаметов, «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры Жібек Бисенова, Қоғамдық денсаулық сақтау менеджерлерінің қазақстандық қауымдастығының атқарушы директоры Айнұр Айыпханова сөз сөйледі.
Айта кету керек, Үкіметке жолданған үндеуде әлеуметтік инфрақұрылымға, ауылдық мектептердегі білім берудің, азаматтарды оқытудың, әлеуметтік қорғаудың, азаматтардың жекелеген санаттарын нысаналы қолдаудың назарға алынуы қажет екені көрсетілді.
«Қазақстан халқына» қоры осы уақытқа дейін қаңтар оқиғасында қаза болған әскерилердің отбасы мен әскерилер қатарында зардап шеккен 154 адамға көмек көрсеткен. Жарақат алған 6 баланың отбасына қордан 18 млн теңге берілген. Зардап шеккен 19 отбасына 133 млн теңге бөлінсе, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қайтыс болған 18 адамның отбасына 126 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендер жөнінде: «Бас прокуратурадан тізімді күтіп отырмыз. Ол туралы Президент те айтқан. Осы айдың ішінде Бас прокуратура тізімді берсе, қаза болған адамдардың отбасыларына 7 млн теңгеден бөлеміз», деді Болат Жәмішев.
Ал қаңтар оқиғасына байланысты Бас прокуратураның тізіміне тіркелмей өздігінен көмек сұрағандарға көмек беріле ме деген сұраққа қордың басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева: «Өздігінен өтінім беретіндер көп. Біз оны заң жүзінде нақтылау үшін Бас прокуратураға өз хатымызбен қосып жібереміз. Олар бізге оның көтеріліске қатысы бар-жоғын анықтап, дәлелдеген соң ғана көмек беру жағын қарастырамыз», деді.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға тұрғын үйлері салынып біткен соң тұрмысқа қажетті заттар алып беруге көмектесетінін айтты. Қор жаңа үйлерді инфрақұрылыммен қамтуға да қаржы бөлмек. Қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева қорға 150 млрд теңге түскенін айтып, алайда қор қоржынындағы өтінімдердің 40%-ы денсаулық сақтауға байланысты болғандықтан бұл сала мәселелеріне басымдық беріліп, көмек ең алдымен сирек кездесетін дәрі-дәрмектерді қажет ететіндерге көрсетілетіндігін тілге тиек етті.
Білім беруге қатысты барлық жоба, білім гранттары да ауылдық жердегі оқушыларға есептелсе, бейімделген спорт жобасы бойынша ауылдың да, қаланың да балалары қарастырылған. Тек тұрғын үй және несие төлемеу мәселелеріне қатысты 40 мың өтініші бар «Қазақстан халқына» қоры мәдениет саласына әзірге көмек көрсетілмейтіндігін айтады.