Рикардо Кака жаттықтыратын қазақстандық футзалшылар кездесудің алғашқы кезеңінде 0:2 есебімен жеңіліп жатып, матч соңында тамаша камбэк жасады. Қазақстан құрамасы сапынан «Қайрат» ойыншылары Альберт Ақбалықов, Эдсон және Дуглас гол соғып, Ақтаудағы «Халық Арена» спорт кешеніне жиналған футзал жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Эдсон хет-триктің авторы атанса, Ақбалықов пен Дуглас Әзербайжан қақпасына бір голдан салды.
Сондай-ақ матч барысында қазақ футзалының аңызына айналған Дінмұхамед Сүлейменов карьерасын бірер жыл бұрын аяқтаған болса да, алаңға шығып, ұлттық құрама сапындағы 100-ші ойынын өткізді. 41 жастағы ардагер футболшыға федерация тарапынан арнайы құрмет көрсетілді. Айта кетейік, ұлттық құрама 8 қазан күні әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өз елімізде Словениямен өткізеді.