Футбол • 21 Қыркүйек, 2022

Футбол да реформаға мұқтаж

716 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы өтіп, онда балалар футболы мен бұқаралық футболды дамыту, осы салаға маман даярлау мәселелері талқыланды. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, ФИФА-ның еуропалық ұлттық қауымдастықтар бойынша директоры Эльхан Мамадов, УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар бойынша кеңесшісі Йозеф Климент қатысты.

Футбол да реформаға мұқтаж

Қазақстан футбол федера­ция­сының баспасөз қызметі тарат­қан мәлімет бойынша, конференция делегаттары жиын барысында 2034 жылға дейінгі Қазақстан фут­болын дамыту стратегиясын бе­кітті.

«Бүгінде қазақ футболы жүйе­лі реформаға мұқтаж екені белгілі. Алдағы үш жылда негізгі күшті келесі міндеттерді ше­шуге бағыттаймыз. Олар: бала­лар-жасөспірімдер және бұқа­ралық футболды дамыту, фут­­бол мамандарын дайындау сала­сын жандандыру, бұқаралық фут­болға арналған футбол ин­фра­құрылымын жаңғырту. Мақ­са­тымыз – жастар арасында фут­болды дәріптеу, жарысты ұйым­дастыру жүйесін жақсарту және фут­бол инфрақұрылымының жыл он екі ай қолжетімді болуын қамта­масыз ету», деп атап өтті ҚФФ прези­денті Әділет Барменқұлов.

Amanat партиясымен жа­­салған меморандум аясында еліміздің барлық аймағында бұқа­ралық футбол мен волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған 20 жастар қоры құрылмақ. 

«Amanat партиясы футболды дамыту арқылы мемлекет алдындағы әлеуметтік және эко­но­микалық міндеттерді шешу­ді көздейді. Футбол – мем­лекет­тің саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру бойынша мін­деттерін жүзеге асыра алатын құ­рал», деп атап өтті Эльдар Жұма­ғазиев.

Сондай-ақ жиынға қатысқан УЕФА ұлттық қауымдастықтары бойынша кеңесшісі Йозеф Кли­мент УЕФА мен ҚФФ қарым-қатынастың аясы жылдан-жылға ұлғая бастағанын, қазақстандық делегацияның УЕФА-ға сапары­ның жоғары маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жылдың соңына дейін Қазақстан футбол федерациясы қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын семинар ұйымдастыруды жоспарлап отыр­ғанын мәлімдеді.

Конференция қорытынды­сында Қазақстан футбол федера­циясының Атқарушы комитетінің жаңа құрамы сайланды. Оған Премьер-Минис­трдің орынбасары – Қаржы минис­трі Ерұлан Жамаубаев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ардагерлер фут­бол одағының төр­ағасы Сейілда Байшақов, фут­­­болдан Қазақстан әйелдер құра­­масының бас бапкерінің кө­мекшісі, «Оқжетпес» футбол клу­­бының бас бапкері Бегайым Қыр­ғызбаева, «Қайрат» футзал клу­бының президенті Қайрат Ораз­беков, «Фридом Финанс» АҚ ди­­ректорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов және Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының үш мүшесі лиганың құқық белгілеуші құжаттарына сәйкес құрамға енді.