Президент • 21 Қыркүйек, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз реформалар жолында нық қадаммен алға басып келеміз

708 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз алдағыны дұрыс болжауға құрылмаған, оқшауланған стратегиядан бас тартып, болашаққа ұмтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз реформалар жолында нық қадаммен алға басып келеміз

Бұдан сәл ертерек, нақты айтсақ, осы айдағы Қазақ­стан халқына Жол­да­уымда әлдеқайда әділетті де ашық Қа­зақстан туралы ұстанымымды, жаңа демокра­тия­лық мандатқа ие болуға бел буғ­а­ным­ды жария­ладым.

Таяу айларда еліміздегі сайлау қар­саңында, әлемде беймаза уақыт туған кезде біз оқшаулануға қарсы тұруға тиіспіз. 

Жаһандануға, өзара тәуелділікке және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке балама болу мүмкін емес. Тәуелділікті азайтуға және тұрақ­ты­лық­ты арттыруға күш салу түсінікті әрі көп жағдайда ақылға қонымды болғанымен, бұл кейінгі онжылдықтарда жаһандық көркеюді қамтамасыз еткен нәрсенің бәрінен кең көлемде кері шегінуге әке­ліп соқпау үшін нәзік шекті сақтай білу қажет.  

Біз тәуекелді азайтуға, жаһандық жүйенің осалдығын кемітуге міндеттіміз және бұған ынтымақтастықтан бас тарта отырып емес, оны нығайту жолымен қол жеткізуге  тиіспіз.

Мұны жаһандық бөлініске байланысты туындаған қауіп-қатердің алғы шебіндегі елдің көшбасшысы ретінде айтып отырмын. 

Қазақстан әрдайым Жібек жолының нақ жүрегінде, Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір болды. Біздің Ре­сей­мен – 7600 километрлік, Қытаймен 1800 километрлік шекарамыз бар, Еуропамен, жалпы әлеммен ауқымды сауда байланыстамыз.

Бүкіл тарихымызда, әсіресе тәуел­сіздік алғаннан бері біз көршімен ара­дағы күрделі мәселелерге сындар­лы қарап, оның байланыстарды үзбеуге, ын­ты­мақ­тастыққа және сенімге негіз­дел­ме­уін басшылыққа алдық.

Бұл Қазақстан мен Орталық Азияның әлеммен үйлесімділікте өңір халқының мүддесін көздеп дамуына ықпал етті.

Оның үстіне, біз халықаралық сала­дағы ашықтық пен ынтымақтастық қағи­даттары ел ішінде де құнды деп санай­мыз. Шынында да, осы рух біздің сая­сатымыздың ішкі реформалар жолын айқындады.

Тіпті басқа елдердегідей мемлеке­ті­міздің басына қиындық туғанда ха­лық­­аралық қысым жағдайында да біз оқ­шау­лан­баймыз.

Оның орнына біз бүкіл әлемдегі өмір сүру деңгейінің айтарлықтай көтерілуіне әкел­ген либералды, халықаралық, ашық саясатты күшейтуге ниеттеніп отырмыз.

Менің елім жол айрығында тұр. Осы кезеңде алдымыздағы аса маңызды мәсе­ле­лерді дер кезінде шешпесек,  «орташа кіріс тұзағына» түсіп, оптимист, жігерлі, өршіл тұтас буынды жасытып алуымыз  мүмкін.

Екі апта бұрын мен Парламентте «Әділетті және Берекелі Қазақстанды» құру жоспарын ұсындым. Бұл жос­пар шешім қабылдауды орталық­сыз­дан­дыруға, заң үстемдігін нығайтуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арт­тыруға, әр азамат үшін тең мүмкін­дік­­терді қамтамасыз етуге бағытталған.

Ол саяси жүйемізді түбегейлі қайта құруға және жаңа амбициямызды жүзеге асыруға, тиімді басқару үлгісі саналмайтын «суперпрезиденттіктен» бас тартуға бағытталған.

Оның орнына біз Парламент пен жер­­гілікті билік органдарының рөлін кү­шейте отырып, билікті орталық­сыз­дан­­дырып, халық пен қоғамның рөлін арттырып жатырмыз. 

Біз саяси партияларды тіркеу мен құруға қойылған шектеулерді алып тас­тау арқылы плюрализмнің жаңа дәуірін ашып отырмыз.

Және де мен бірыңғай жеті жылдық президенттік мерзім енгізу туралы бас­тама көтердім, өйткені бұл Қазақстанда демократияны дамыту мен елімізді дамыған мемлекет ретінде жаңғыртудың айқын серпілісі болады деп ойлаймын. Бізге қатысты әлем бөлігінде бірде-бір мемлекет бұған дейін мұндай батыл қадамға барған емес.

Осы өзгерістердің барлығы бізге жаңа үлгіге – күшті Парламенті мен есеп бе­ре­тін Үкіметі бар президенттік рес­пуб­лика үлгісіне қарай жылжуға мүмкіндік береді.

Мұны ұлттық саясатымызды толық транс­­­фор­мациялау деуге болады. Сон­дық­­тан да осы реформаны ілгерілету үшін берік сенім мандаты қажет.

Менің биылғы күзде президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылда­ға­нымның және еліміздегі болашақ президенттердің бір мерзімнен артық қыз­мет етуіне тыйым салатын заң енгіз­ге­ні­м­нің себебі осы.

Кейбір байқаушылар мұндай амби­циялы реформаларды жүзеге асыра алатынымызға күмәндануы мүмкін. Алайда тарихи өзгерістердің барлығы саяси батылдық пен жанкештілікті талап етеді. Мен бұл міндеттің қаншалықты ауқымды екенін жақсы сезінемін.

Сондай-ақ біздің ұлттық ой-санамыз кейінгі жылдары бастан өткерген терең әлеуметтік өзгерістерден, эконо­ми­калық және қауіпсіздік дағ­да­рысынан туын­да­ған, бәрінен де гөрі біз әлдеқайда әділетті, әрбір аза­матқа қызмет ететін ел құруымыз керек екенін айқындаған түбе­гей­лі өзгеріс деңгейіне көтерілді деп санаймын.

Егер біз тоқырауға ұрынғымыз келмесе, үдемелі реформаларға қарай барынша жылдам алға басуға тиіспіз.

Бұл біздің қаперсіздігімізді немесе аңғалдығымызды білдірмейді. Қа­жетті қарқынмен, бә­рін ойластырып әрі байсалды түрде іл­ге­рілейміз. Ішкі және сыртқы ұстанымымыз да осы жолда.

Біз кез келген проблема – мейлі мем­лекеттік болсын, мейлі жаһандық болсын –  ортақ проблема екенін мойын­дау арқылы ғана алға жылжи аламыз. Ал  осы ортақ сын-қа­терлерге тек топтасқан, бірлескен іс-қимылмен  жауап бере аламыз.

Біз Қазақстанда билікті неғұрлым ашық­тық пен орталықсыздандыру ар­қы­лы әділ бөлу, ұлттық даму және эко­­номиканы әртараптандыру мәселе­ле­рін шешіп жатқанымыз сияқты, климаттың өзгеруі, азық-түлік, энер­­гетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу үшін халықаралық дең­гейде бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Осы жаһандық проб­ле­ма­лар­дың барлығын шешуде Қазақстанның өз орны бар. Мұны қалай атқаратынымызды БҰҰ Бас Ассамблеясындағы үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын.

Осы күрделі бетбұрысты кезеңде ұлт­тық, жаһандық деңгейдегі дағда­рыс­тар­дан дұрыс сабақ алып, жолымызды жаңартып, жабық оқшауланған тәсілден бас тартып, нығаюға ұмтылуымыз қажет. 

 

2022 жылғы 20 қыркүйек