Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Лифт өндірісіне мемлекеттік қолдау қажет

459 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Mega Towers» тұрғын үй кешенінде 25-қабатқа дейін бар жылдамдықпен көтеріліп барып, үйдің төбесіне соғылған лифті туралы ақпарат сол күні-ақ елге тарап кетті. Абырой болғанда жазым болғандар жоқ, алайда көптің көңіліндегі күмән мен қорқыныш әлі күнге дейін сейілмей тұр.

Лифт өндірісіне мемлекеттік қолдау қажет

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстан лифтішілері ұлттық қауымдастығының басшысы Ержан Игібаевтың айтуын­ша, Ал­матыда шу болған лифт орна­ласқан тұрғын үй кешенінің пай­да­лануға берілгеніне 10 жыл ғана болған. Бұл – жарам­ды­лық мерзімімен салыстыр­ғанда мүлдем жаңа үй. Ал лиф­тінің «секіріп кетуіне» каби­на­сы­ның өздігінен бақылаусыз қозғалғаны, тежеу механизмінің дұрыс істе­меуі себеп болған. Одан бөлек лифт кабинасындағы жоғарғы қызу көрсеткіші лифт жаб­дықтарының қауіпсіз жұмы­сына кері әсер етіпті. Сондай-ақ тұрғын үй кешеніндегі лиф­тіге қызмет көр­сететін «Л» сері­к­тестігінде өнер­кәсіптік қауіпсіздік коми­те­тінен рұқсат қағазы және СТ-РК 3305-2018 лифтілердің Ұлт­­тық стандартына сәйкестік серти­­фикаты болмағаны да тексеру нәтижесінде белгілі болды. Атал­ған сервистік компа­ния­ның қыз­меттің бұл түрімен айналысуға, қызмет көрсету шартын жасасуға құқығы болмағанын білдіреді.

Бұған дейін Қазақстанда сер­вистік компаниялар қызметінің реттелмеуінен лифтілер шахтаға құлап, апатқа ұрындырған жағ­дай­лар жайлы сан рет айтылды, жазылды. Бірақ бұдан апат саны азай­ған жоқ. Тіпті жыл басынан бергі жағдайларды санасақ та жет­кілікті.

Лифт саласындағы басты мәселе – ескірген лифтілердің көбеюі сервистік қызмет көрсететін компаниялар тарапынан тиісті қызметтің кәсіби деңгейде көрсетілмеуінен туындап отыр.

Сарапшы бізбен әңгімесінде айтып өткендей, тұрғын үй кешендерінде лифтке сервистік қызмет көрсететін компанияларда Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіз­дік комитеті берген лифтілерге техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды жүргізу құқығының куәлігі болуы керек. Одан кейінгі талап – СТ-3305-2018 «Мүгедектерге арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және көтергіштер» Ұлттық стандартының талаптарын сақ­тауға, жабдықтауға, орнатуға және пайдалануға, тәулік бойы жедел қыз­мет көрсетуге міндетті.

Қазір Қазақстан бойынша 4 мыңнан аса лифтіні жаңғырту қажет. Олардың бәрінің нормативтік мерзімі өткен. Стан­дартты қызмет ету мерзімі – негізі­нен 25 жыл. Мамандар мерзімі аяқта­луға жақын лифт қызметін 2 жылға ғана ұзартуға мүмкіндік барын айтады.

Алматыда 6 мыңға жуық лифт бар. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылдың басында қалада жаңғыртуды қажет ететін мыңға жуық лифт болыпты, қазір олардың саны 300 лифтіге дейін қысқарды. Қалғаны 2022 жылдың соңына дейін ауыстырылады.

Лифт таңдау – құрылыс компания­ларының құқы. Дегенмен Қазақстанда шыққан лифт бағасы Ресей және Беларусь өндірісіндегі лифттердің баға­сы­мен теңесіп қалды. Орташа есеппен бір отандық зауыт толығымен іске қосыл­са, жылына 500-ге жуық лифт шыға­руға болады. Ержан Игібаевтың айтуын­ша, лифт саласында отандық өнімдерді қолдау мәселесі де өткір тұр. Қазақстанға жылына 5 мыңнан аса лифт сырттан тасымалданады. Ал отандық өндірушілер сұраныстың 21 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Қазір елде лифтінің керек-жарағын шығаратын 3 зауыттың бірі – Алматыда, қалғаны Алматы, Ақмола облыстарында жұмыс істеп тұр. Олардың өнімдерінің сапасы ішкі нарықта бренд ретінде танылып жүрген технология­лармен теңесе алады. Сарапшы айтып өткендей, тапсырыс берушілерге дайын өнімді шетелден сатып алу тиімді, жергілікті нарықта толық өндірістік цикл үшін қажетті кейбір керекті құрамдас бөліктер тапшы. Атап айтқанда, элеваторды құрастыруға арнал­ған негізгі қондырғылар басқа елдер­­ден келсе, пайдаланылған бөл­шек­­тер мен тораптардың 40 пайызға жуығы негізінен Қытай мен Корея елдері­нен әкелінеді. Бағасы біраз өлшем­дерге тәуелді болған соң инфляция, дол­лардың бағамына қарай өзгеріп тұрады.

«Дайын лифтіні жеткізушілерге кеден бажы салынбайды. Ал оны жинақтау үшін салынатын баж – 5-15 пайыз. Бұл фактор қазақстандық өндірушілерге экономикалық жағынан тиімсіз. Таратып айтқанда, Қазақстанда лифт құрастырғаннан дайын өнімді сырттан әкелген оңай. Осыған орай, нарықта отандық өндірушілерге басымдық беру, жеңілдетілген несие беру қарасты­ры­лып жатыр. Қазақстанда өндірілген лифтілердің бағасы бәсекеге қабілетті екені осыған дейін талай рет айтылған. Бірақ оның бағасы бірқатар параметр­лерге тәуелді болған соң, доллардың бағамына қарай құбылып отырады. 9 қабатқа арналған 500 килолық лифттің бағасы – монтажсыз 8-8,5 млн теңге, ал монтаж бағасы – 1-1,5 млн теңге. Лифтілердің кабинасы, айнасы тәрізді біраз бөлшектері өзімізде дайындалады. Сырттан тасымалданатыны – ақпаратты басқару нүктелері. Бізге өнімдерін экспорттап отырған Ресей мен Беларусь өнімдерінің басқару тетіктері – импорт. Басқаша айтқан­да жан-жағымыздан келіп жатқан өнімдердің бағдарламалық басқару тетіктері – реэкспорт. Біздің импорттық нүктелерімізден олар да импорттап отыр. Қазір бұрынғы Кеңес Одағына мүше елдер арасында лифт өндірісі бо­йынша оқ бойы озып кеткен ешкім жоқ. Бәрі – бір деңгейде. Елде ақпаратты технологияның тілін меңгерген жас­тар көбейіп келеді. Демек лифтінің ақпараттық бағдарламасын да өзімізде дайындауға мүмкіндік бар», дейді Е.Игібаев.

Тұрғын үй кешендеріндегі жеделсаты айналасында проблема қорда­ланып қалды. Қазақстанның ірі қа­лаларында, атап айтқанда, Алматы мен Астанада лифтілерге қызмет көрсететін 60-тан 80-ге дейін кәсіп­орын бар. Бірақ олардың бәрі бірдей сертификаттаудан өтпеген. Тіпті тендерде жолы бол­ғандардың кейбірінде сертификат жоқ екенін айтады мамандар.

2012 жылы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, лифтіні монтаждауға, оған қызмет көрсетуге лицензия беру алынып тасталды. Сол-ақ екен, пәтер иелері кооперативтері көңіліне жақын ком­паниялармен келісім жасап, білік­тілігі төмен, қызмет ақысы арзан ма­ман­дардың көмегіне жүгіне бастады. Е.Игібаев айтып өткендей, қазір қауым­дастықта Ұлттық стандарттау жүйесінің сертификатына ие сервистік компаниялар бар. Мамандарының да кәсіби біліктілігіне ешкім сын айтып көрген емес. Бірақ саланың қыр-сырын түсінбейтін және мамандардың біліктілігіне көңіл бөлмейтін сервистік компаниялардың «жолы болып» алдарын орап кеткені нарықтың көңіл күйін бұзып қана қоймай, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Сол себеп­ті қауымдастық Өнеркәсіптік қауіп­­сіздік комитетіне хабарласып, ком­па­­ния­лардың қабылдау процесін бақы­лауды күшейтуді сұрап отыр.

Былтыр қауымдастықта диспетчер­лік қызмет көрсететін компаниялар туралы деректерді жаңғыртуды талап ететін қанатқақты жобаға жолдама беріпті. Енді лифтілерде оның көтергіш крандарының жағдайынан хабар­дар беріп тұратын деректер авто­матты түрде жаңартылып тұра­ды. Егер тұрғын күмәнданса, сервис­тік қызмет көрсететін компания ту­ралы мәліметтерді талап етуге құ­қы бар. Себебі лифт – тек қана жалт-жұлт етіп тұрған әдемі каби­на емес, кез келген сәтте өмірге қауіп төн­діруі мүмкін объект. 2020 жы­лы бақылау, реттеу жұмыстарын Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен жергілікті атқарушы органдарға бермекке талпыныстар жасалған. Ал жергілікті атқарушы орындар болса, бұл құзыретті тұрғын үй инспекциясына сілтейді. Мұндай жауапсыздық онсыз да түйткілді саланың жағдайын одан сайын күрделендіріп жіберген. Себебі тұрғын үй инспекциясы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі проблеманы шеше алмайды әрі істі жүргізе алатын мамандар да тапшы.

Қазақстан жыл сайын 5 мың лифт импорттайды. 2017 жылы елімізде 5 лифт құрастырушы зауыт болған. 2019 жылы қолданыстағы 2 056 лифті­нің 232-і ғана отандық болса, қалған

1 824-і импортталған. Ал қазір бізде жұ­мыс істеп тұрған 5 зауыттан үшеуі ғана қалған. Бұл мәселе бо­йынша нарықта отандық кәсіпкерлерге басымдық беру, жеңілдетілген несие беру жағы енді қолға алынды. Осыған дейін аталған жағдай Парламентте көтерілген. Тозығы жеткен лифт шахтасының есігі ашық-шашық жататыны биыл да депутаттар тарапынан айтылды.

Сенатор Есқали Әбдікеров мамыр айында Үкіметке жолдаған ұсыныс-хатында лифтілердің жағдайы мен оған техникалық қызмет көрсететін компаниялардың сапасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы тұрғыдағы бақылаудың төмендігі сын көтермейтінін жеткізген. Оның айтуынша, кейінгі 5 жылда еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлер­де лифтілердегі апаттық жағдайлар көбейіп, азаматтардың жарақат алу, қайғылы қазаға ұшырау оқиғалары жиілеп кеткен. Жергілікті жерлерде лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметіне бақылау жасалмайды, олардың қыз­метіне қойылатын талаптар айқын­далмаған, лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі әзірленбеген. Лифтілерді монтаждау және оған техникалық қыз­мет көрсету құқығына лицензия берудің күшін жою жағдайды ушық­тырып отыр.

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, 2018-2022 жылдар аралы­ғында елімізде лифт ақауынан 13 жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталған екен.

Қазақстанда зәулім үйлер қатары жыл сайын көбейіп барады. Заманға лайықты жылдам әрі жайлы лифтілер де аса қажетті құралға айналғанын, өркениет пен лифтіні бөліп жара алмайтынымызды көріп жүрміз. Бұл бағытта бизнестің ғана емес, бизнестің жұмысын үйлестіріп, «тендерге» «бата беріп отырған» жауапты орындардың да жауапкершілігін көтеру маңызды.

 

АЛМАТЫ