Президент • 21 Қыркүйек, 2022

Олар озық компанияларда еңбек етеді

214 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан отандастарымызбен кездесті. Олардың басын қазір Digital Nomads IT қоғамдастығы біріктіріп отыр. Президенттің бейресми кездесуінде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды.

Олар озық компанияларда еңбек етеді

Digital Nomads IT қоғам­дастығына 400 қазақстандық мүше. Кездесуде жас мамандар Президентке елімізде IT-секторды дамыту жолдарына қатысты ұсы­ныстарын жеткізді. Ал Google-дің инженер-бағдарламашы Арай Сабыржан әлемдік ІТ-ком­паниядағы жұмы­сы туралы баяндап берді. «Алматы қала­­сының тумасымын. 2017 жылы Халықаралық ақпарат­тық техно­логиялар универси­тетін тәмам­дап, компьютер сала­сында бакалавр дәрежесін алдым. 2018 жылы Сан-Фран­циско қаласына келіп, біраз стар­тап компаниялар­да жұмыс істедім. Қазіргі таңда Google ком­паниясында виртуалды маши­на­лардың бағдарламашы­сымын», деді Арай Сабыр­жан. Қасым-Жомарт Тоқаев Арай­дың Google компания­сымен келі­сім­шартының мерзімі туралы сұрады. «Келісімшарт толық мерзімге жасалды», деп жауап берді отандасымыз. Әң­гі­ме барысында Мемлекет басшы­сы ІТ саласындағы білікті ма­мандардың Қазақстанға да қа­жет екенін айтып: «Әрине, АҚШ-та жақсы, бірақ Қазақстан одан да керемет! Сіз Отаныңызда да қызмет істей аласыз деп ойлаймын», деді.

Сонымен қатар кездесуде, DCVC компаниясының вен­чур­лық инвесторы әрі директоры Анна Фокина, Booking.com ком­паниясының менеджер-бағ­дар­ламашысы Әлібек Датбаев сөз сөй­леді. Осы орайда, Әлібектің же­тек­ші мекемедегі қызметі мен же­тістігін айтып өткен жөн.

– Booking-ке дейін мен АҚШ-та тұрып, жұмыс істедім. Алайда қысқамерзімді визаның уақыты біткен соң ол елден кетуге тура келді. Қазақстанға оралдым, бірақ жұ­мысымды шетелде жалғас­тырғым келді. Содан америкалық компанияларға түйіндемемді жіберіп отырдым, уақыт айыр­ма­шылығына байланысты сұх­батқа көбінесе түнгі уақытта онлайн қосылатынмын. Жұмыс визамның жоқтығына байланыс­ты көп компания менен бас тартты. Сөйтіп, АҚШ-ты қойып Еуропа елдерін қарастырдым. Сол кезде Booking-те онлайн кодтау байқауы ұйымдастырылып, соған қатыстым. Шамалы уақыт­тан соң маған Booking-тің кадр жөніндегі қызметкері хабарлас­ты. Бірнеше сұхбаттан соң, олар мені бас кеңсесіне шақырды, төрт күндік ұшақ пен қонақүйдің ақысын өздері төледі. Осылайша, Амстердамда түрлі Booking қызметкерлерімен толыққанды сұхбат жүргізілді. Содан кейін шешім қабылданды. Үш күннен кейін олардан жұмысқа шақырту алдым, – дейді Әлібек Датбаев. Қазір отандасымыз Booking-тің белді қызметкері, жұмысқа орналасқан бойда адал қызмет етуге барын салған.

– Қазіргі жұмысым алғашқы қызметімнен бөлек. Мен қазір ме­неджермін, бағдарлама жаса­маймын, басқару мәселе­лері­мен көбірек айналысамын. Қа­ра­мағымда Израиль, Ресей, Үн­дістан, Нидерланд, Бра­зилия, Словения елдерінен келген бағ­дарламашылар бар. Командамыз көп­ұлтты. Негізі компанияның бір ғана IT бөлімінде 100-ден ас­там ұлт өкілі қызмет етеді. Бар­лық команда әртүрлі, әрқай­сы­сының мәдениеті де әртүрлі. Бұл менеджерлер үшін үлкен сы­нақ, әрине, мен үшін де. Әр адам­ға жеке қарым-қатынас қажет. Мен олардың өсуіне, жеке және кәсіби дамуына жауапты болғандықтан бұл қиын, бірақ қызық, – дейді Әлібек Датбаев.

Digital Nomads жиынында Мемлекет басшысымен отан­дық IT саласының әлемдік тренд­тері мен перспективаларын тал­қы­лаған кездесуге зияткерлік мектеп­тердің түлектері Ділназ Камалова мен Азат Сүлейменов те қатысқан еді.

Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS түлегі Азат Сүлейменов белгілі америкалық Lucid Motors компаниясының озық моторлы технологиялар командасында аға инженер болып қызмет атқарады.

Мектепте оның сүйікті пәні математика болды. 2010 жылы Азат Назарбаев Университетіне оқуға түсіп, химиялық инженерия мамандығы бойынша білім ал­ды. Оқу барысында Оңтүстік Ко­рея мен Лос-Анджелестегі Кали­фор­ния технологиялық инсти­­тутында тағылымдамадан өтті. Өз мамандығы бойынша оқу­ын Бос­тон универ­сите­тін­де жал­­ғас­тырды.

Lucid Motors стартапындағы инженер-механик лауазымына жүргізілген іріктеуде бірден көзге түскен Азат электр қозғалтқышын жасаумен айналысатын команда құрамында жұмыс істей бастады. Кейін Lucid Motors компаниясы оның көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін назарға алып, Азатқа автокөліктің тиімділігін арттыруға маманданған бөлім­шеге ауысуды ұсынды.

Ал Ділназ Камалова Алма­ты­дағы физика-математика бағы­тындағы зияткерлік мектепті аяқ­тады. Ол әлемнің үздік жоға­ры оқу орындары –  Harvard Uni­versity, Stanford University, Prin­ceton University, Lehigh Univer­sity, Rice University, Duke University-ден ресми шақырту алды. Зияткердің таңдауы Стэнд­форд университетіне түсті.

Ділназ көптеген халық­аралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Ол – Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастардың өмірін жеңілдету үшін жасалған «ақылды» дәрі қобдишасының авторы. Бұл өнертабысы Google Science Fair журналының «20 үздік идея» тізі­міне енді. Силикон алқабында өткен Technovation Challenge бай­қауында жеңіске жеткеннен кейін ол Google-дың штаб-пәтерін­де корпорацияның бас директоры Сундар Пичаимен кездесті.

Президенттің жас мамандармен кездесуінен кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағ­дат Мусин де пікір білдірді.

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­зақ жастарының басын қос­қан Digital Nomads қауымдас­ты­ғының мүшелерімен кездесті. Қауымдастық әлемнің түк­пір-түк­пірінде алпауыт техно­ло­гия­лық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-ма­ман­дардың басын біріктіріп отыр. Атап өтерлігі, Digital Nomads министрліктің бас­та­ма­сы бо­йынша құрылған. Бү­гін­де оның құра­мында 400-ден астам IT-маман бар. Кездесуге жер-жаһаннан 30-дан астам IT-маман келді. Басқосу барысында IT саласының өзекті мәселелері талқыланды, атап айтқанда, олардың қазақстандық мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектесуі, спорттық бағдарламалау және венчурлық инвестициялар бойынша жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтылды. Бұдан бөлек, Digital Nomads өкілдері шетелдік IT материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша, олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосуда. «Ұйым­дас­қан ұтады» деген қанатты сөз бар. Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғары оқу орындарында білім алған Үндістан азаматтары қазақ жастары сияқты өздерінің IT мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компания­ларда басшылық лауазымдарды ие­ленді. Қазіргі уақытта олар өз отан­дастарының стартаптарын қол­дай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартуда. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің да­муына қолұшын созғанын қалаймын, – деді министр.

АҚШ-тағы кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев та Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өр­кен­деуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

 

Думан АНАШ,

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»