Қытайдың Шанхай қаласында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен Қытайда тұратын Қазақстан жастары ұйымдары көшбасшыларының слеті өтті. Жиынға Бейжің, Шанхай, Сиань, Ухань және Үрімші қалаларынан келген студенттік ұйымдардың жетекшілері мен Қытайдағы қазақ диаспорасының жастар өкілдері қатысты. Шамамен 500-ге жуық делегат Қытайдың әр қиырынан келіп, қазақ жастары жат жұртта жүрсе де бірлігінен айнымайтынын тағы да бір байқатты.
Шара аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызы арнайы ұйымдастырылған конференцияда талқыланды. Басқосу Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Қытайдағы Қазақстан студенттері қоғамдастығының қолдауымен өтті.
– Бүгінгі таңда Қытайда 1,5 млн. қазақ тұрады. Бұл – ең ірі қазақ диаспорасы. Бұған қоса, Қытайдағы жоғары оқу орындарында жүздеген қазақстандықтар оқып жатыр. Ертеңгі күні дәл осы азаматтар Қазақстан мен Қытай арасын жалғап, ел мен елді байланыстыратын дәнекер болады. Яғни, біздің бизнес үшін, жалпы барлығымыз үшін, демек, елімізді ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу жолында сіздердің көмектеріңіз зор болмақ. Шанхайда біз осы мәселелерді талқылау үшін жиналатын боламыз. Дәл қазір біздің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға бар күшімізді салуымыз маңызды, –дейді қозғалыс көшбасшысы Данат Жумин.
Қытайдағы қозғалыс белсенділері Тілектес Адамбеков пен Олжас Сүлейменов шараның мақсаты «шетелде білім алып жатқан жастардың Отанға деген патриоттық сезімін нығайту, мемлекеттік тілді насихаттау, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының жүзеге асырылу жолындағы жастардың маңыздылығын түсіндіру» екенін айтады.
Кездесуден бөлек, шара аясында Қытайдың әр қаласынан келген көңілді тапқырлар клубының ойындары өтеді. Оған Қазақстаннан «Жайдарман» командасының қатысуы да жоспарланып отыр. Ал осы жерде айта кететін жайт – «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы 2013 жылдың 6 желтоқсанында бір топ көшбасшы жастардың ынтасымен құрылған еді.
«Егемен-ақпарат».