Президент • 21 Қыркүйек, 2022

Жер және оның қойнауы халыққа тиесілі - Президент

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде Конституцияға енгізілген саяси жаңашылдықтар жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жер және оның қойнауы халыққа тиесілі - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде қазіргі биліктің өкілеттігі бөлініп, Президенттің кейбір құзыреттері Парламентке берілгенін мәлімдеді.

«Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді», делінген үндеуде.

Мемлекет басшысы Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген жаңа бап енгізгенін атап өтті.

«Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді. Мен осы ережені жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – балаларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым», деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Конституциялық реформа – жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі екенін қадап айтты.

«Осы бағдарлама аясында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын-ала ескерту тәртібі енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламенттік оппозиция институты құрылды. Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық деп танылмайтын болды, 174-бабы ізгілендірілді. Өлім жазасы жойылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді», делінген Президент үндеуінде.