Қоғам • 21 Қыркүйек, 2022

Жастарға арналған баспана

816 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленеді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Отбасы банк» АҚ қазақстандық жас­тар үшін тұрғын үй несиесінің қолайлы шарттарын және тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту қажеттілігін айқындау бойынша бірлесіп зерттеу жүргізбек.

Жастарға арналған баспана

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Зерттеу негізінде бірыңғай жастар тұрғын үй бағдарламасының арнайы жобасы әзірленеді. Аталған зерттеу жұмысына негіз болған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жүргізген сауалдамасындағы «Сіздің ойыңызша, жастар өздерін се­німді сезініп, дамуға қабілетті болу үшін не қажет?» деген сұраққа рес­понденттердің 40,9 пайызы «Өз бас­панасы» деп жауап берген. Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚ өңір­­лік әкімдіктермен бірлесе оты­рып, жастарға арналған дербес бағдарламаларды іске қосуда. Бұл – «Елорда жастары», «Алматы жас­тары», «Қарағанды жастары», «Әулие­ат­а жастары», «Қостанай жас­тары». Жа­қын арада осындай бағ­дар­ла­ма Аты­рауда да («Атырау жастары») ж­үзе­ге аспақ.

Өңірлік тұрғын үй бағдар­ла­ма­ла­ры­на қатысу үшін іріктеу кри­те­рий­лері әр өңірге байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Несие беру шарттары әдетте стандартты болып табылады: бас­тапқы жарна кемінде 10 пайыз болу керек, несие мөлшерлемесі жыл­дық 5 пайыз, несие мерзімі 19 жылға дейін.

Жастардың бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының жобасын әзірлеу «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Отбасы банк» АҚ қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асады.

Еліміздегі статистикаға сүйенсек, 18 бен 29 жас аралығында жастардың саны 4,5 миллионға жуық. Ал енді аталған санатқа жатпайтындар қайт­пек? Белгілі болғандай, «Отбасы бан­кінде» 2003 жылы банк ашылғалы жинақ жүйесі жүргізіледі. Азаматтар өз атынан есепшот ашып, кемі үш жыл ішінде алғысы келетін үй құнының 50 пайызын жинап бітірсе, бағалау көрсеткішін белгілі бір мөлшерге жет­кізсе (ең төменгісі 16), онда 5 па­йыздан 3,5 пайыз аралығында үйді несиеге рәсімдей алады. Бұл – жалпыға қолжетімді бағдарлама. Жинақ жасау уақыты мөлшеріне келсек, әркім қалтасына қарай көсіледі. Ең төменгі мерзім үш жыл болып саналады. Үйді несиеге рәсімдеуге 18 жастан асқан азаматтың кемінде 6 айлық табысы болуы талап етіледі. «Табыс көзін растаған 18 жастан асқан азамат үй алуы үшін ата-анасы жастайынан атына есепшот ашып, ақша салып отырса, уақытты азайта алады», дейді мамандар.