Хоккей • 22 Қыркүйек, 2022

Көшбасшыны тобықтан қақты

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Ба­рысы» өз айдынындағы ойындар сериясын жеңіспен түйіндеді. Екате­ринбургтің «Автомобилисін» қабыл­даған Андрей Скабелка шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Көшбасшыны тобықтан қақты

ҚХЛ-дің алғашқы сегіз турынан кейін «Шығыс» конференциясында көш бастап тұрған Екатеринбург командасы кешегі матчта «Барысқа» бармақ батыра алмады. Кездесудің бірінші кезеңі толықтай айдын иелерінің үстемдігімен өтті. Матчтың алтыншы минутында «Барыс» хоккейшілері сан басымдығын тиімді пайдаланып, алғашқы шай­басын соқты. Джереми Браккодан пас алған Энтони Луис мергендігімен көзге түсті.

«Барыстың» екінші голы да жанкүйер­лерді көп күттірген жоқ. Бірінші кезеңнің аяқталуына бір жарым минут қалғанда Арка­дий Шестаков кезекті бір қарымта шабуыл­ды нәтижелі аяқ­тады – 2:0. Үзіліс­тен кейін қонақтар белсенді ойын көрсет­кенімен, «Барыс» қақпасына гол соға алмады. Үшінші кезеңде де табло өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Барыс» қатарынан екінші ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Жерлестеріміз келесі кездесуін 24 қыр­күйек күні Череповецте «Северстальмен» өткізеді.