Футбол • 22 Қыркүйек, 2022

Беларусь қақпасына жеңіс голын соға аламыз ба?

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы турнирі аясындағы бесінші тур ойынын елордада Беларусь құрамасымен өткізеді. Екі ел құрамаларының арғы-бергі тарихына үңілер болсақ, бүгінге дейін Қазақстан мен Беларусь құрамалары ресми матчтарда бес мәрте кездесіп, өкінішке қарай, 4 рет жеңіліп, 1 мәрте тең түскен екенбіз. Ал бүгінгі алтыншы матчта жерлестеріміз тарихи жеңіске қол жеткізе ала ма?

Беларусь қақпасына жеңіс голын соға аламыз ба?

Қазақстан мен Беларусь құрамала­рының таныстығы 2009 жылы басталды. Сол жылы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта өнер көрсетіп, екі матчта да қарсыластар басым түсті. 1 сәуірде Астанада өткен кездесуде 1:5 есебі тіркелсе, қыркүйектегі қарымта ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Кейіннен араға 11 жыл салып екі елдің футболшылары Ұлттар лигасы турнирінде қайта жолықты. Өкінішке қарай, бұл кездесулерде де Беларусь құрамасына шамамыз жетпеді. Алматыдағы бәсекеде 1:2 есебімен жол берсек, қарымта ойында 2:0 нәтижесімен жеңілдік.

Кеше екі елдің бас бапкерлері ойын алдындағы баспасөз мәслихатын өткізді. Беларусь құрамасының бас бапкері Геор­гий Кондратьев өз командасының жеңісіне сенімді.

«Шәкірттерім Қазақстанға жоғары дайындықпен келді. Біздің құрамада қазақстандық футболшыларды, Қазақстан біріншілігін жақсы білетін Эбонг, Юден­ко және Поляков секілді ойыншылар бар. Олар бүгінгі ойында маңызды рөл атқа­рады деп ойлаймын. Сербияда өткен екі құрама арасындағы соңғы ойында біз барлық көрсеткіш бойынша қазақтардан алда болдық. Соққы бағыттау, бұрыш­тама­лар орындау, допқа иелік ету, барлық жағынан басым түстік. Бұл жолы да шабуылда ойнаймыз, біздің команданың жеңетіндей шамасы бар», дейді ол.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий Беларусь құра­масын жеңіп, барлық мәселеге нүкте қоюға тырысамыз дейді. «Елордадағы оқу-жаттығу жиыны жоспарлы түрде жүріп жатыр. Оны жаттықтырушылар құрамы өте жақсы ойластырған. Жігіт­тердің дайындығы да, матчқа деген көңіл күйлері де өте жоғары. Беларусь құ­рамасын осы жолы жеңуге тырысамыз. Әрине, матчтың оңайға соқпайтыны бел­гілі, бірақ осы кездесуде барлық мәселеге нүкте қоюға ұмтыламыз», дейді қақпашы.

Айта кетейік, Беларусь пен Қазақстан құрамалары арасындағы алғашқы ойын Сербияда өтіп, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Бірінші таймда Қазақ­стан құрамасы есепте алда болға­ны­мен, кездесудің соңғы минуттарында гол өткізіп, жеңісті уысында сақтай алмады.