17 Мамыр, 2014

Шежіре көзді, шешен сөзді ағалар

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысы басталып, елге зұлмат кезең келгенде 6 жасар, мек­­теп­тің бастауыш сыныбына дайындалып жүрген бала болатынмын. Жас­тары әскерге алуға жататын әке-ағалар­дың бірқатары аттандырылып, елге олардан үшбұрышты хаттар да келе бастады, ұрысқа бара сала оққа ұшып арттарын қара жамылдырған боздақтар да көп еді. Беліміз қатаймастан үлкендердің тірлігіне араласып, қолымыздан келген көмектерімізді біз сияқты жас балалар да көрсете бастадық.Ұлы Отан соғысы аяқталып, неміс басқыншыларын өз астанасы Берлинде талқандағаннан кейін елге әскерлеріміз жеңіспен оралып жатты. 4-5 рет жараланса да сол Берлинге дейін барып, елге қайтуға нәсіп еткендердің бірі менің немере ағам Айтжанов Сиғабат болатын. Халқымызда «40 жыл қырғын болса да ажалды өледі», деген сөз бар ғой, сол сөз осы ағаға арналған ба деп қаласың. Бұл кісі орысша, қазақша, тіпті, арабшаны да таза сөйлейтін, қазіргі дәрежедегідей орта немесе жоғары оқу орындарын бітірмегенімен, дүниетанымы мол, үлкен-кішінің сөзін тауып сөйлей білетін, құймақұлақ шежірешілігі де бар, ұйымдастыру қабілеті де өте жоғары адам болатын.Осы қасиеттеріне байланысты болуы керек, ол кісіні Гурьев отын дайындау мекемесіне бір басшылық қызметке тартты.Ол бір соғыстан тұралаған шаруашылықты жолға қою, оған қоса,  екі үйдің бірі қара жамылып қара қағаз алған, қайғы-дерттің орны жазылмаған қиындау кезең еді ғой.Сол кезде елді алға бастау дегеніңіз, екінші майданмен пара-пар болатын. Гурьев-Орал тоғайларынан дайындалған ағашты жинап, кептіріп, одан оны Жайық өзені бойымен баржа сүйреген саусақпен санарлық пароходтармен қалаға тасыту деген оңай шаруа еместін. Қазіргідей көгілдір отын түгіл көмірдің өзі қат кезде жылылыққа талпынбаған кейбір отбасының суықтан өліп кеткендері кездескен. Ағамыздың Отан соғысында алған контузияға байланысты шаштары түсіп қалған маңдайының шып-шып терлеп, кейбір түндерді ұйқысыз өткізгендігін көзіміз көрген. Міне, Ұлы Отан соғысында ер атанып, кеудесін орден-медальдарға толтырып келген ағамыздың бейбіт жағдайдағы туындаған қиын-қыстау кезеңдерді жеңе білу қасиеттері бізге үлгі болды. Осындай елге тірек болған ағалар есімдері ұмытылмауы тиіс. Сайдеш ЕСМҰХАНОВ, еңбек ардагері, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері. Атырау облысы.
Соңғы жаңалықтар