Денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың маңызды бір буыны – кадрлық ресурстарды дамыту стратегиясы екендігі аян. Бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен медициналық қызмет көрсетудің сапасы сол сала қызметкерлерінің жұмыс көрсеткіштеріне байланысты. Ал бұл өз кезегінде мамандардың білімімен, машығымен және дәйектеуімен айқындалады. Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, кадрларды басқару саласында жасалатын іс-шаралардың тиімділігі жоғары болып келеді.
Жаңа кадр саясаты мен кадр әлеуетін дамыту стратегиясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау саласының 2012-2020 жылдарға арналған кадрлық ресурстарын дамыту тұжырымдамасының маңызды бір бөлігі болып отыр. Соған орай ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін және отандық денсаулық сақтау саласын дамытудың тиімділігін қамтамасыз ететін медициналық және фармацевтикалық білімнің сапасына қол жеткізу осы тұжырымдаманың басым бағыты.
Жоғары оқу орнында алған базалық білімнің сапасы маманның өмірлік және кәсіби жолын белгілеп береді. Бүгінде медициналық қызмет көрсету саласына тәжірибе мен функционалдық білімге негізделген мықты мамандар аса қажет. Бұл ретте Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде білікті мамандар даярлап шығаруды басты мақсат ете отырып, өз түлектерінің кәсіби даярлығының жоғары болуы шешуші фактор ретінде белгіленген. Университеттің білім беру бағдарламалары бірінші кезекте мамандарды даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған және түлектердің жаңа кәсіби бейнесі мен клиникалық ойлау дағдыларын жасақтайды.
Бүгінгі уақытта медициналық жоғары оқу орындарының қабырғасынан теориялық білім алып шығу онша қиын емес, ал практикалық тәжірибе алу өте қиын болуымен қатар, іс жүзінде пациенттің денсаулығына қатер туғызуы да мүмкін. Сондықтан студент-медикті даярлап шығарудың басты міндеті – оның бойында практикалық дағдылар мен машықтарды қалыптастыру. Бұл мәселемен университеттің оқу-клиникалық (симуляциялық) орталығы жүйелі түрде айналысып жүр.
Симуляциялық орталықта практикалық дағдылар мен клиникалық ойлауды дамыту машығын тиімді және қауіпсіз пысықтау үшін қазіргі заманғы күрделі технологиялар қолданылады. Мысалы, тәжірибе жүргізу кезінде пайдаланылатын манекендер мен тренажерлер әртүрлі аурулар мен адам жағдайын бейнелеуге қабілетті, сол сияқты қазіргі заманғы медициналық білім беру үдерісінде нақты пациентті алмастыра алады.
Болашақ дәрігерлерді клиникалық даярлау облыстық және қалалық медициналық ұйымдарда орналасқан клиникалық кафедраларда жалғастырылады, соның ішінде жекеменшік түріндегі ұйымдарда да жүргізіледі. Мұндай ұйымдар жоғары оқу орындары түлектері үшін бәсекелестікте барынша мүдделі тарап болады. Бұл денсаулық сақтау саласында жеке сектор үлесінің артуына, мемлекеттік медициналық ұйымдар дербестігінің кеңеюі мен құқықтық мәртебесі өзгеруіне, меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдарды аккредиттеудің бірыңғай стандарттарын енгізуге, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді іске асырудың тең құқықты өлшемдерін белгілеуге, медициналық ұйымдарды рейтингтік бағалау жүйесін енгізуге байланысты орын алып отыр.
Бұл жағдайларда жекеменшік клиникалардың бәсекеге қабілеттілігі тиімді менеджментке, соның ішінде кадр әлеуетін тартуға, сақтауға және жетілдіруге де байланысты екенін атап айтқымыз келеді. Сондықтан жекеменшік медициналық ұйымдардың болашағы дұрыс таңдалған кадр саясаты мен дәйектеу тетіктеріне байланысты.
Сол себептен мемлекеттік медициналық білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласының жекеменшік құрылымдарының альянсы жауапкершілік пен қатерлерді тең ала отырып, ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін өзара ортақ мүдделер негізінде аса маңызды. Бұл ретте жоғары оқу орындарының инновациялық құрылымы білім беру үдерісінің тиімділігі мен сапасын арттыру, оның қолданбалы бағытталуын дамыту, мамандар даярлау үшін зияткерлік, материалдық, ақпараттық және адам ресурстарын барынша пайдалану, зерттеулер мен инновациялық жобалар әзірлеу қажет.
Бүгінде жекеменшік сектор денсаулық сақтау саласын реформалау мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жағдайларында жоғары оқу орны өміріне белсене араласып келеді. Бұл – материалдық базаны дамыту мен жетілдіру, мамандар даярлау жүйесіне жекеменшік клиникалардың мамандарын тарту, түлектерді жұмысқа орналастыру, қаржыландыру мен өзара пайда негізінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру деген сөз.
Осыған байланысты Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті мен «Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығы» ЖШС-нің арасындағы 15 жылдан бергі өзара жемісті әріптестікті мысал ретінде келтіруге болады. Аталған емхана 1997 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсетіп келеді. Емхана Қарағанды қаласының орталық бөлігінің тұрғындарына (100 000 адамға жуық) медициналық қызмет көрсетеді.
Бұл денсаулық сақтау саласының жекеменшік секторында бастапқы медико-санитарлық көмек көрсетудің мемлекеттік тапсырысын орындау бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асырудың алғашқы тәжірибесі болып табылады. Елімізде жалпы тәжірибе дәрігерлері институты енгізілуіне сәйкес орталық аралас қабылдау тәжірибесіне бірінші болып ауысты. Отбасылық тәжірибе түрі бойынша медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастыру-экономикалық және клиникалық тиімділік үлгісі бүгінде уақыт сынынан өтті деп айтуымызға толық негіз бар. Сондықтан да, ол денсаулық сақтау саласын реформалаудың мемлекеттік саясатынан көрініс тауып, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде заң жүзінде бекітілді.
Университет студенттері амбулаторлық-емханалық тәжірибемен танысуды 5-курстан бастайды. Олар емхананың ұйымдастыру құрылымымен, негізгі бөлімдерімен және есепке алу-есеп құжаттамасымен танысады. Сабақтардың тәжірибелік бөлімі жалпы тәжірибе дәрігерінің біліктілік сипаттамасының талаптарына сәйкес науқастарды қабылдау кезінде және үйде жүргізіледі. Шұғыл көмек көрсетудің тәжірибелік машықтары негізінен ҚММУ симуляциялық орталығында жүргізіледі, ал емханада студенттер бейіндік мамандардың қабылдауларына қатысып, білмегендерін үйренеді, үйде портативті аппараттардың көмегімен манипуляциялар жүргізе алады. Оқу үдерісінде студенттер емхананың күндізгі стационарында науқастарға ем жүргізу барысына белсене қатысады. Осылайша, мамандар дайындаудың осы кезеңінде студенттер сабаққа қатысып қана қоймай, сонымен бірге, өндірістік үдеріске тікелей қатысушылар болып табылады, олар нақты клиникалық жағдайларға қатысады. Мұндай кәсіби бағдарлаудың оң нәтижелері айқын: теориялық курс тәжірибемен үздіксіз байланыста, студенттер интернатураға жалпы дәрігерлік тәжірибе бойынша қажетті білімнің базалық деңгейімен жан-жақты даярлықпен келеді.
Дуалды оқыту шеңберінде «Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірқатар жылдардан бері Қарағанды мемлекеттік медициналық университетімен емхананың клиникалық базасында студенттердің интернатурадан өтуі туралы келісімшарт жасауды дәстүрге айналдырды. Бюджет арқылы оқымайтын студенттер бойынша үштарапты келісімшарт жасалады, соған сәйкес орталық түлекті одан әрі жұмысқа орналастырумен оның интернатура курсының ақысын төлейді. Бұған қоса емхана базасында интернатурадан өтетін интерндер барлық оқу кезеңінде жеке стипендия алады. Барлық интерндер жалпы тәжірибе дәрігері бөліміне бөлініп, учаскелерде отбасылық дәрігермен бірге жұмыс істейді. Бөлімше меңгерушісі тікелей басшылықты жүзеге асырады. Жұмыс барысында интерндер пациенттерге үйлерінде және отбасылық дәрігермен бірге қабылдау кезінде дәрігерлік қызмет көрсетеді.
Дәрігер-интерндер барлық дәрігерлік консилиумдарға, дәрігерлік бақылау комиссияларының отырыстарына, бөлімшенің және емхананың жалпыемханалық өндірістік мәжілістеріне қатысады. Медициналық көмек көрсету кезінде интерндер бейіндік мамандармен бірге бірлескен қабылдау өткізеді, амбулаториялық манипуляциялар өткізуге қатысады.
Клиникалық базада жұмыс істей жүріп, дәрігер-интерндер әлеуметтік маңызды аурулар мәселелерімен жақын танысып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген стратегиялық міндеттерге сәйкес науқастарға ем жүргізудің барлық кезеңдері мен профилактикалық іс-шараларды үйренеді. Осында студенттер ішкі аудит үдерісіне тікелей қатысады және тәжірибеде алғаш рет пациенттер мен персонал қауіпсіздігінің және медициналық қызмет көрсетулер сапасының халықаралық нормаларын қамтамасыз ету жүйесімен танысады. Бұл болашақ дәрігерлердің жауапкершілігін елеулі түрде арттырады.
Мамандар даярлаудың осындай жүйесі болашақ мамандардың арасында жалпы тәжірибе дәрігерлерінің беделін арттыратыны сөзсіз. Нәтижесінде оқу бітірген түлектердің көбісі Бастапқы медико-санитарлық көмек ұйымына жұмысқа баруға сұранады. Мысалы, кейінгі 3 жыл ішінде Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығына жұмысқа тұрған түлектердің қатары өсіп отырғаны байқалады. Атап айтар болсақ, егер 2009 жылы емхана өтінімі небәрі 50% қанағаттандырылса, кейінгі жылдары мамандардың осында жұмысқа орналасуы 90-95%-ды құрайды. Бұл Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті мен «Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығы» ЖШС-нің арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саясатының нәтижесінде орын алып отыр.
Медициналық жоғары оқу орнының бизнес әріптесі бола отырып, «Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығы» ЖШС өз саласында беделді ұйымға айналды. Қарағанды қаласы бойынша мемлекеттік тапсырыстың үлкен көлемін орындайтын жоғары рейтингті емхананың жүргізіп келе жатқан емдеу-профилактикалық іс-шараларының көрсеткіштері басқа қалалық және облыстық көрсеткіштермен салыстырғанда анағұрлым жоғары болуы осы сөзіміздің айғағы болса керек.
Орталықтың бизнес-жоспарын кадрлық ресурстар қиығында студенттердің интернатурада оқу ақысын төлеу қоры, сол сияқты үштарапты келісімшарт жасаған интерндер үшін ынталандырушы стипендиялық қор анықтайды. Сонымен қатар, орталық практикалық қажеттілікке байланысты әртүрлі мамандықтар бойынша жас мамандарды қайта даярлауды қаржыландырады. Әріптестік өзара қатынастар шеңберінде жасалатын келісімшарттар көлемі жыл сайын орта есеппен 12-15 келісімшартты құрайды. Алайда, кадрлардың табиғи ауысып отыруларына байланысты кадрлар ресурсын нығайтуды одан әрі оңтайландыру қажет. Бұл тек кадрлар тапшылығын толтыру мақсатында ғана емес, сонымен бірге, жекеменшік емхана мен мемлекеттік жоғары оқу орны арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру негізінде үздіксіз кәсіби білім беру негізінде де жүргізілуі керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050» Стратегиялық Жолдауында ұлттық экономиканың жетекші күштерінің бірі ретінде кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету қажеттігі туралы атап көрсеткен болатын. «Бастапқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығы» ЖШС-нің бүгінгі жұмысы осының нақты дәлелі. Денсаулық сақтау саласында бірыңғай ұлттық жүйені енгізумен осы саладағы мемлекеттік емес сектордың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды, мемлекеттік және жекеменшік медициналық қызметті жеткізушілерге бірдей жағдай жасалды, тарифтердің тартымдылығы қамтамасыз етілді.
Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғырту болашақ дәрігер мамандарын басым бағыттар бойынша оқытудың жүйелі іс-шараларын іске асыру жолымен медициналық кадрлар даярлауды жетілдіруді, кредиттік жүйені енгізуді, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін тарту жолымен білім және ғылым ұйымдарында бәсекелік ортаны құруды талап етеді.
Раушан ДОСМАҒАМБЕТОВА,
Қарағанды мемлекеттік медицина
университетінің ректоры, медицина
ғылымдарының докторы, профессор,
Татьяна БАШИРОВА,
Бастапқы медико-санитарлық көмек
Қарағанды қалалық орталығының бас дәрігері,
Светлана ВИТТ,
Бастапқы медико-санитарлық көмек
Қарағанды қалалық орталығы бас
дәрігерінің орынбасары.
ҚАРАҒАНДЫ.