Еліміз Ата Заңының 17-бабында жазылғандай, адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайды. Сондықтан да экономикасы мен мәдениеті гүлденген біздің елімізде әр адамның бақытты да шадыман тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалған дейміз. Алайда, осылай деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, көңілге кірбің түсіретін келеңсіздіктердің де кездесіп қалатыны өкінішті-ақ. Және бұл кемшіліктерді, жоғарыда айтылғандай, бақытты болу үшін құқығымызды қорғайды дейтін құқық қорғау органдарының өздері жіберіп жатса, кімнен қайыр. Амал не, ащы болса да, осы бір ақиқатты кеше Бас прокуратурада өткен Қазақстандағы азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетiгiне қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың кеңесі ашып берді.
Ал бұл айтулы кеңесті Бас прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы ұйымдастырғанын атап өту қажет. Оның үстіне кеңестің мәні мен маңызы зор болғандықтан, оған Президент Әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелері, бейнеконференциялық байланыс арқылы – облыстардың прокурорлары, өңірлік мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов жиналыстың ашылуында атап өткендей, азаптау ауыр қылмыс болып табылады және ол ешбір жағдайда да ақталуға жатпайды. Азаптауды және тергеу жүргізудің өзге де заңсыз әдістерін жою – құқық қорғау органдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Өткен жылы азаптауды қолдану деректері бойынша 35 қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарының 31 қызметкері сотталған. Азаптаумен байланысты қылмыстардың жасырын түрін, яғни тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін пайдалануға ден қоюдың нәтижесінде кейінгі бес жыл ішінде осы санаттағы қозғалған қылмыстық істер саны он еседен астамға артқан. Ал мұндай келеңсіз сандар Ата Заңымыздың баптарына мүлде қайшы екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне мұндай кемшіліктердің қайталануы туралы жылма-жыл айтылып келе жатқаны және рас. Бірақ құқық қорғау органдары тарапынан адамдарды азаптау амалы азаяр емес. Сонда бұған кім жол беріп отыр?
Дегенмен, отырыста атап өтілгендей, соңғы жылдары елімізде адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды бекіту бойынша айтарлықтай қадамдар жасалды, азаптауды ескерту бойынша тиімді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстан адам құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылды, соның ішінде Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияны ратификациялады. Азаптауды қолдану үшін, сондай-ақ, азаптауды қолдану арқылы алынған дәлелдерді есепке алуға болмайтындығы бойынша жауапкершілік туралы қылмыстық заңнаманың нормалары халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді.
Мәселен, азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетiгi аталған Конвенцияның Факультативтік хаттамасын орындау үшін жасалған және тұңғыш рет азаматтық қоғам өкілдеріне жабық түрдегі мекемелерге кедергісіз кіру, сондай-ақ, азаптаудың қолданылғаны туралы шағымдар мен арыздардың барлығын жедел әрі тиімді тергеу құқығын береді. Қоғамдық бірлестіктердің мүшелері ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары болып табылады, олар Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен жұмыс жасайды. Құқық қорғау мандатына сәйкес, олар заңмен қарастырылған түзеу мекемелеріне, тергеу абақтыларына, уақытша ұстау абақтыларына және басқа нысандарға шығады. Бұл орайда омбудсмен А.Шәкіров Қазақстанда ұлттық алдын алу тетігін іске асыру тәжірибесі бірқатар мәселелерді анықтағанын атап өтті. Аталған тетіктің белгілі бір жаңашылдығын есепке ала отырып, қазіргі таңда мониторингтеуге жатқызылатын мемлекеттік мекемелердің басшыларымен және қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде көрінеді.
Отырыс барысында Ұлттық алдын алу тетігін іске қосумен байланысты көптеген тәжірибелік мәселелер, Ұлттық алдын алу тетігінің мандаты шеңберінде мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам арасындағы өзара келісілген іс-қимылдар бойынша жан-жақты пікір алмасу болды. Кеңеске қатысушылар аталған үдерістегі жоғары қадағалауды және конституциялық нормалардың орындалуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын үйлестіруді жүзеге асыратын Бас прокуратураның анықтаушы рөлін атап көрсетті.
Сондай-ақ, мониторингтеуге жатқызылатын мекемелермен Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың арасындағы жемісті ынтымақтастықты орнату мәселелері, сонымен қатар, ұсталғандар мен сотталғандар құқықтарының бұзылуын шұғыл түрде жою, шиеленісті жағдайлардың алдын алу, мониторингке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелер талқыланды. Өйткені, кеңеске қатысушылардың ортақ пікірлері бойынша, Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі адам құқығын қорғау саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттардың бірі болып табылады. Сондықтан оның құрылуы Қазақстан үшін адам құқықтарын қорғау кепілін нығайтуға бағытталған маңызды қадам дейміз. Осылайша енді алдағы уақытта жаңа құқықтық институттың еліміздегі заңдылықты нығайтудың, құқық қорғау органдарының қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтудің әрекет етуші құралы, алда тұрған міндеттердің табыстылығының басты кепілі болатындығына сенім артылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».