17 Мамыр, 2014

Бәсекелестігіміз арта түспек

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үкіметтің жол картасындағы 10 нақты қадамның бірі қаржы жүйесін дамыту және банк секторын сауықтыру екені белгілі. Осы ретте Ұлттық банкке қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын алдағы маусымда аяқтау тапсырылған болатын. Тұжырымдаманың негізгі мақ­саты бәсекеге қабілеттілік пен тұрақ­ты­лықты арттыру болмақ. Бұл туралы өткен сейсенбіде Үкіметте қа­рал­­ған мәселелерге орай Орталық комму­никациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті. «Тұжырымдама бойынша, біз­дің өз алдымызға қойған басты міндет­темелеріміз Қазақстанның қаржы сек­торының бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру, сонымен қатар соңғы 10-15 жыл­да біздің жаһандық дағдарыс секілді жа­һандық қатерлерге ұшырағанымызды ескере отырып, сыртқы жағдайларға қаржы секторының төтеп беру қабілетін арттыру мен аталмыш сыртқы қатерлерге тойтарыс беруде мемлекет кедергісінен арылту», деді Қ.Келімбетов. Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, тұ­жырымдама бірнеше кезеңге бөлін­ген. Бірінші кезеңде қадағалау орган­дарының жұмысына баса назар аударылады. Әрі қарай тұжырымдаманың орындалуы бірнеше басты бағытты ескере отырып жүргізіледі. Сонымен қатар, «2020 жылға дейін негізгі трендтер баршылық. Еуразиялық экономикалық одақ құру келіссөздері аяқталып келеді және одақ аясындағы біздің байқауымыздағы жағдай осы құжатта ескерілген. Соның ішінде біздің еуразиялық интеграция аясындағы келісімдердің бірі 2025 жылға дейін қаржылық бақылау органын құру. Ол өз кезегінде Алматыда жұмыс іс­тей­тін болады. Сол уақытқа дейін осы саладағы заңнаманы үйлестіру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуы керек», деді ол. Қ.Келімбетовтің айтуынша, екінші басым бағыт Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі болып табылады және осы бағыт бойынша келіссөздер биылғы жылы аяқталуы мүмкін. Осы орайда өтпелі кезең анықталып, одан кейін келісім бойынша Қазақстанның қаржы нарығында әлемнің ең ірі деген ұйымдары жұмыс істеу құқығына ие болмақ. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».