Қазақстан • 23 Қыркүйек, 2022

Сенатор Ресей Мемлекеттік Думасы депутатының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей Мемлекеттік Думасы депутатының даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор Ресей Мемлекеттік Думасы депутатының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Жақында Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты, ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин «Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынастағы тайғақ жолы» туралы мәлімдеп, «Ресей Федерациясымен ең ұзын құрлық шекарасы бар ел ретінде басын қатерге тігіп отыр» деген еді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед осыған байланысты өз пікір білдірді.

«Депутат Затулин өзінің рейтингі төмендеп, танымалдығы бәсеңдей бастағанда дереу осылай елді арандататын мәлімдемелер жасай бастайды. Мұндай жағдай бұған дейін де болған және бір рет қана емес. Қазақстандық банктер «Мир» банк картасына қатысты өте дұрыс әрекет жасады. Біріншіден, біздің елімізде екінші деңгейлі банктердің бәрі жеке банктер. Сондықтан олар қандай банк картасымен жұмыс істеу пайдалы және ыңғайлы екенін өздері анықтайды. Екіншіден, соңғы уақытта «Мир» картасына қатысты дау-дамай көбейіп кеткені белгілі. Ал, ақша, әдетте, тыныштықты жақсы көреді. Сондықтан депутат «алаңдаушылығы» мен «наразылығын» өзі сияқтылардың кесірінен қиын жағдайға тап болған өздерінің банк жүйесіне білдірсін. Тіпті бізге ақыл айтпас бұрын, санкциялар тізімінен қалай шығатынын ойланып алсын. «Қазақстанның тайғақ жолы» дегеннің өзі баяғыда-ақ сол жолмен жүріп келе жатқанын бәрі біледі.

Бұл депутат жазда да біздің елге қатысты сөйлеп, «бәрі Украинадағыдай болуы мүмкін» деп қорқытпақ болған. Ал, Украинада не болғанын Ресейде жарияланған мобилизациядан-ақ көріп отырмыз. Сондықтан ресейлік депутатқа алдымен өзінің негізсіз ойлары мен бейберекет сөздерін түзеп алғаны дұрыс», деді сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед.