Өңір басшысы облыс аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды, патрульдеуді күшейтуді және халық арасында көші-қон заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Шекара маңындағы аудан-ауылдардың әкімдері мен тұрғындарына шекараны заңсыз кесіп өту фактілері, күдікті адамдар туралы хабарлау үшін кезекші телефон нөмірлері таратылған.
Батыс Қазақстан облысының шекара аумағында 6 автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді. 20-23 қыркүйек аралығында бұл бекеттерден Ресей Федерациясының 8658 азаматы өткен.
«Жолаушылар ағынының 3 есе өсуі байқалады», дейді мамандар.
Сондай-ақ шекараның Ресей жақ бетінде жүк және жеңіл автокөліктердің жиналуы байқалады.
Бүгінде барлық шекара маңындағы өткізу пункттері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.
Еліміздің заңдары бойынша шетел азаматын қабылдаушы тарап ол жөнінде жергілікті көші-қон қызметін хабардар етуге міндетті. Бұл үш жұмыс күні ішінде жасалуы керек. Мұндай хабарламаны уақтылы бермеген тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалауы мүмкін.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға жағдайы тұрақты. Жеткізу және сату қалыпты режімде жүзеге асырылады. Нарықта және қоймада азық-түлік қоры жеткілікті. Сонымен қатар өңірдің тауар өндірушілері жиналған егіннің кемінде 15%-ын тапсырып, өндірілген өнімді нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен облыс тұрғындарына жеткізу жөнінде меморандумға қол қойған.
«Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін жеке штаб құрылатын болады. Сондай-ақ арада делдалдарды болдырмау үшін азық-түлік тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тексеру жөніндегі комиссия да қаралатын болады. Біз өңірде азық-түлік тапшылығына жол бермей, қажетті тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етеміз», деді Батыс Қазақсан облысының әкімі Ғали Есқалиев.
Өңір басшысы жылжымайтын мүлік нарығында, сондай-ақ жолаушылар тасымалында ең өзекті мәселенің бірі – заңсыз қызметке тосқауыл қою үшін тиісті органдарға тапсырма берді.
Қазіргі уақытта Орал қаласы мене Самара, Тольятти, Саратов, Орынбор қалалары арасында халықаралық 4 автобус бағыты жұмыс істейді. Жолаушылар ағыны әсіресе Самара бағытында көбейген. Соңғы күндері Орал қаласынан Самара қаласына – тәулігіне 3 рейс, Самарадан Орал қаласына 4 рейс жүріп тұр.
Самара, Тольятти және Орынбор бағытындағы билеттердің бағасы өзгерген жоқ. Саратовқа билет бағасы биылғы 8 қыркүйектен бастап көтеріліп, 7 550 теңгеге жетті. Бұрын ол 6 000 теңге болатын.