Руханият • 25 Қыркүйек, 2022

Кітап фестивалі – ел көзайымы

688 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың алдында Kitaptime – 2022 республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Онда оқырмандар мен авторлар, ақын-жазу­шылар мен әдебиетқұмар жұрт кітап жәрмеңкесінде қауышып, емін-еркін дидарласып, мәре-сәре болысты. Осы күні елорда төрінде басталған мәдениет пен рухтың жәрмеңкесі бір мезетте барлық аймақта, еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатты.

Кітап фестивалі – ел көзайымы

Ашық аспан астындағы фес­тивальда кітаптар әдеттегіден 25-30 пайыз төмен бағада сауда­ланды. Кітап саудасы қызу жүр­генін көрдік. Соған қараған­­да қа­зір ел кітап оқымайды деген сөздің өзі бекер ме деп қал­дық. Кітап жәрмеңкесі мен көр­месі өз алдына, мұнда «Буккро­­синг», «АвтографTime», «Ka­zakh-­Comic», «ПоэзияParty», «Блогерлер құпиясы», «OYNA» бала­лар институтымен бірлесе «Оқи­мыз, жазамыз, сурет саламыз!», Моно қо­йылымдар және тағы басқа да мәдени іс-шаралар­дың куәсі болдық. Мәдениет және спорт министрлігінің қолда­уы­мен Ұлттық академиялық кітапха­на ұжымы ұйымдастыр­­ған рух мерекесіне министр Дәурен Абаев қатысты.

«Ел арасында жастар кітап оқымайтыны туралы пікір айтылады. Мұндағы басты мақсат – кітапқа деген қызығушылық­ты ояту. Авторлар мен оқырмандар­ды бір-біріне жақындастыру. Бұл бастамасы ғана. Фестиваль келесі жылы жалғасатынына сенім артамын. Кітап жәрмеңкелері өтеді, бұйырса. Фестиваль құтты болсын!» деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

«Адамзат баласы даму жо­лында қарыздар қандай құнды­лық бар десек, әуелі кітапты атар едім» депті бір ғұлама. Осыншама өркениет пен құндылықтардың басында тұрған қаттаманың неше атасы осы фестиваль барысында көрсетілді. Балалар әдебиетінен бастап ұлт қазынасына айнал­ған туындылар, әлемдік классикалар, түрлі салалық кітаптар, от­басылық дүниелер – бәрі осында.

«Шын мәнінде, қазір кітапқа деген ықылас, ниет дұрыс жолға қойылып келеді. Ел кітап оқитын болды. Осыдан бірнеше ай бұрын Алматыда ашық аспан астында кітап жәрмеңкесі өтті. Сол кітап жәрмеңкесі республика көлеміне тарады. Кітапқа бет бұру – мәдениеттің белгісі. Шекспир «кітап маған тақтан да қымбат» депті. Асқар Сүлейменов «жақсы кітап ұяттың антологиясы» деген. Сондықтан бүгінгі мереке құтты, қайырлы болсын!» деді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы.

Республикалық кітап фести­ва­ліне Қазақстанның әр айма­ғынан 74 кітапхана қатысты. Бар­­­лығы 130-дан астам мәдени-ру­хани шара жоспарланып, ұйым­­дастырылған.  Іс-шараға қаты­су­шылар фестивальдың тия­­нақ­ты өтуіне ұйытқы болған Ұлт­­тық академиялық кітапхана ұжымы мен оның басшысы Ғазиза Құдай­бергеннің еңбегін атап өтті. Фило­логия ғы­лымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова мен жазушы, драматург Роза Мұқа­нова сөз сөй­леп, пікір бө­ліс­ті. Сондай-ақ фестивальға «Отан­дастар» қорының өкілі қатысып, Ұлттық кітапханамен бірлесе «Әр қазақ­қа бір кітап» акциясын баста­ғандарын тілге тиек етті.

«Қандастарымыз «Отан­дас­­тар» қорымен өткен кез­де­сулерде қазақтың көркем әдеби шығармалары мен тарихи кітап­тарының жетіспеушілігін жиі айтады. Осы орайда, қор Ұлт­тық кітапханамен бірлесе отырып «Әр қазаққа – бір кітап» акциясын бастады. Іс-шараның басты мақсаты халқымыздың әдебиеті, тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін кітаптарды алыс-жа­қын шетелдерде тұратын қан­дастарға табыстау. Ендеше, «Кі­тап қорын жинайық, шетелдегі қан­дастарға сыйлайық» деген ұран­мен баршаңызды кітап жинау ак­циясына белсене қатысуға шақырамын», деді «Отандастар» КеАҚ президенті Абзал Сапар­бекұлы.

Ашылу салтанатына дейін де қызып жатқан кітап жәрмеңкесі одан кейін де толастамады. Қолы жеткен авторлардан оқырман­дар қолтаңба алды. Әсіресе зейін­ді оқушыларға қызықты дүние­лер қойылып, кітап авторларына сұрақтар қойды. Ақындар өлең оқыса, жазушылар өнегелі ойын ортаға салды. Сөйтіп, таңертең басталған фестиваль кешке дейін кітапқұмар елдің көзайымына айнал.