Саясат • 25 Қыркүйек, 2022

Азаматтық қоғам және өзгерген әлем

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылдарда егеменді мемлекет құру үдерісі барысында елімізде қателіктердің орын алғаны ақиқат. Соның кесірінен туындаған мәселелер сөзбұйдалыққа салынып жылдар бойы өз шешімін таппауы азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін төмендетті.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның саяси жүйесіндегі демократияның жоқтығы туралы мәселе көтеріп, шектен тыс орталықтандырылған биліктің бір адамның қолына шоғырлануы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін нашарлатып, жемқорлық күшеюде деп, азаматтарды билікке қарсы қойып, үкіметтік емес ұйымдар құруға арнайы қаржы бөліп, «мамандарын» жіберіп, батыстық «құндылықтарын» табандылықпен таңып, азаматтарымыздың демократиялық «сауатын ашуға» тырысып бағуда.

Сондықтан бүгін Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамдық келісімді нығайту, қоғамдық және саяси институттарды, азаматтық қоғамды дамыту қажет. Азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттырудың маңызын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті күшейту мен осы ортақ іске бейжай қарамайтын азаматтарды тарту мәселесіне ерекше мән беріп, олардың Әділетті Қазақстанды құрудағы шешуші рөлімен қатар бұл әлеуметтік күштің орасан зор әлеуетіне де үлкен мән беріп отыр. Сондықтан Әділетті Қазақстанды құрудың ұлттық идеясы ретінде әлеуметтік топтастыру алгоритмдерін әзірлеуге ерекше көңіл бөлуінде терең ой жатыр. Ел бірлігін нығайтып, қоғамды біріктіретін тың идеялардың ордасына айналып, азаматтық диалог пен бақылау осы жүйенің бір бөлігі ғана емес, өткеннен бүгінге және болашаққа бағытталған ұлттық идеологияның маңызды элементіне айналатын болады. Сонда ғана қайта құрулар бірте-бірте жалпыхалықтық сипат алып, еліміздің әрбір азаматына түсінікті болып, бір мезгілде саяси жауапкершілік мәдениетін дамытып, қоғамда шынайы патриоттық сезімнің қалыптасуына әкелмек. Бұған Қазақстанның белсенді азаматтық қоғам мен азаматтық ұстанымға мүдделілігі өз ықпалын тигізбек. Нәтижесінде, ұлттық бірегейлік нығайып, әлеуметтік құндылықтар жаңарып, қоғамдағы өзара әрекеттесу мәдениеті өзгеріп, тарихи әділеттіліктің орнығары анық. Ол үшін заң салтанат құрып, қоғамның құқықтық сауаттылығы артып, сана жаңғырып, диалог мәдениеті өмірге келуі қажет. Сонда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік нығайып, адал еңбек пен әділеттілікке қол жеткізуге болады. Бұл түбінде қазақстандық бірегейліктің жаңа, жалпыазаматтық және сая­си алғышарттарын қалыптастырар еді.

Бұл мәселеде сыни тұрғыдан қарастыруды қажет ететін кейбір проблемалық тұстар да бар. Бұл, ең алдымен, қазақстандық ҮЕҰ-ның қызметі мен ұстанымдарына деген сыртқы әсердің күшеюі және халықаралық ұйымдар­дың қысым көрсету мүмкіндігіне қатысты болып отыр. Себебі бүгінгі мемлекетаралық қатынастардың шиеленісуі жағдайында халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу мәселесі де күрделеніп кетуі ықтимал. Өйткені олар бізді ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бері «жетелеп», экономиканы былай қойғанда, осы саладағы көптеген заңдар ЕҚЫҰ, АҚК, ЕО сияқты адам құқығын қорғауға қатысы бар халықаралық ұйымдардың талап етуімен барабар «ұсынымдары» бо­йынша қабылданғаны да жасырын емес. Оның үстіне қазір жаһандық либералдық демократия өзінің дәрменсіздігін көрсетіп отырғандықтан бұл мәселе әлемде бұрынғыдан бетер өткір және баламасыз сипатқа ие болып барады. Осы тұрғыда, үкіметтік емес халықаралық ұйымдар мен АҚШ бастаған ұжымдық Батыс елдері ұстанымдарының бұлыңғырлығы мен қызметтерінің шектен тыс саясиландырылуына байланысты және халықаралық қатынастардың бұрын-соңды болып көрмеген деңгейде шиеленісуі, көршілеріміздің санкциялық соғысқа тартылуы жағдайында Қазақстанға ерте ме, кеш пе, осы және басқа да күрделі мәсе­ле­лермен бетпе-бет келуіне тура келері анық. Қалай болғанда да, осының барлығын еске­ріп, әрбір ісімізде тәуелсіздік, ұлттық мүдде мен мәдениет, адамгершілік пен дәстүрлі құнды­лық­тық мұралар басымдыққа ие болуы керек.

Қазір қазақстандық ҮЕҰ қызметінің кәсібилігі мен дербестігін арттырып, оны тар ведомстволық шеңберден шығарып, елдің стратегиялық даму мүддесі мен патриоттық ұстанымының әлеуетін көтеру мәселесінде қаңтар трагедиясының сабақтарын ескерген жөн. Сонда ғана Қазақстан азаматтарының өз болашағына, билікке деген сенімі артып, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың арасындағы қарым-қатынас деңгейі көтерілетіні сөзсіз.