Саясат • 25 Қыркүйек, 2022

Президент сайлауы: Үміткерге қандай талаптар қойылады?

686 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент сайлауын ұйымдастыру бір күндік іс-шара емес. Қазірдің өзінде саяси маңызы зор оқиғаға дайындық қызу басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері әр мәселе бойынша түсініктеме беруде.

Президент сайлауы: Үміткерге қандай талаптар қойылады?

Жақында Нұрлан Әбдіров­тің төрағалығымен Орта­лық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ішкі істер және әділет министр­ліктері, Бас прокуратура және БАҚ өкілдері, бейнебай­ланыс режімінде облыс­тар­дың, республикалық маңы­зы бар қалалардың және астана­ның аумақтық сайлау комиссия­ларының мүшелері қатысты.

Ең әуелі Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы баяндама жасады.

– Орталық сайлау комис­си­ясы президент сайлауын өткізу бойынша сайлау құ­жат­тарының 18 нысанын да­йын­дады. Атап айтсақ, кан­ди­датты ұсыну бойынша құжат­тар; аумақтық сайлау комис­сия­ларының өкілеттіктері шең­берінде қабылданатын құжат­тар; учаскелік сайлау комис­сия­ларының өкілеттіктері шең­­берінде қабылданатын құжат­тар және сайлау құжат­тарының бас­қа нысандары.

Президенттікке канди­дат­тарды республикалық қо­ғам­дық бірлестіктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Президенттікке кандидаттар ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы са­нының көпшілік даусымен қабылданады және хатта­мадан үзінді көшірмесімен ресім­деледі. Республикалық қо­ғам­дық бірлестіктің жоға­ры органының шешімі прези­денттікке кандидаттың назарына жеткізіледі. Президенттікке кандидаттың дауысқа түсуге келісуі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады. Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы хаттамасының үзінді көшірмесінде республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы саны және кандидатты ұсыну туралы дауыстарды қолдау туралы мәліметтер болуға тиіс. Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттік­терге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының прези­дент­тікке кандидаттың Конститу­ция­да және «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы­на қойылатын талаптарға сәйкес­тігін анықтау туралы хаттама қабылдайды. Аумақтық сайлау комиссияларының функ­­ция­ларына қатысты бір­қатар құ­жат әзірленді. Бұ­дан бас­қа мынадай сайлау құ­­жат­­тары­ның нысандары бар: сайлаушы­лар тізімі; Прези­дент­тікке кан­ди­даттарды қол­дау үшін сай­лау­шылардың қолдарын жинауға арналған қол қою пара­ғы­ның нысаны; кан­ди­дат­тың куәлігі; сенім біл­ді­ріл­ген адам­ның куәлігі; шет мем­лекет­тің, халықаралық ұйым­ның бай­қаушы куәлігі, – деді К.Петров.

Президент сайлауын­да президенттікке канди­дат­тардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйым­дастыру туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндады.

– Бұған дейін кандидатқа қойылатын талаптар айтылды. Бұдан бөлек, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бос­тандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, рес­пуб­ликалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Соттал­ған­дығы белгіленген тәртіппен өтел­меген немесе алып тастал­маған, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам да Президенттікке үміткер бола алмайды.

Кандидаттың барлық талап­тарға сәйкестiгiн Орта­лық сайлау комиссиясы рес­­пуб­­лика­лық қоғамдық бiрлес­­тiктiң жоғары органы оты­рысы­ның кан­ди­датты ұсыну туралы хатта­ма­с­ынан үзiндi көшір­ме канди­даттың дауысқа түсу­ге келiсiм беруi туралы өтiнi­шi­мен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде айқындайды. Канди­д­аттың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішінің нысаны Орта­лық сайлау комиссия­сы­ның қаулысымен бекітіледі. Өтініш­ке жеке нысан бойынша өмір­баяндық деректер, мемле­кеттік қызметтегі немесе сай­лан­балы мемлекеттік лауа­зым­дар­дағы жұмыс тәжірибесі тура­лы мә­лі­меттер, сайлау жар­­на­сын енгізу туралы құжат қоса беріледі, – деді Шавкат Өтемісов.

Бұдан кейін президент­тік­ке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген құжаттар келіп түскен кезден бастап уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу сұрау салулар жібереді. Көрсетілген мем­лекеттік органдардың сұрау салуларды қарау және Орта­лық сайлау комиссиясына мәлімет­терді ұсыну мерзімі сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік екі күнге созылады.

Өкілетті органдардан тиісті мәліметтер түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін орнату туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген нысандағы хаттаманы жүзеге асырады. Орталық сайлау комиссиясының хаттамасында кандидаттың линг­вис­тикалық комиссияның мем­лекеттік тілді меңгергені туралы қорытындысымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәй­кес келетіні немесе келмей­тіні белгіленеді.