Қоғам • 26 Қыркүйек, 2022

Энгель заңы

577 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Неміс экономисі Эрнст Энгельдің XIX ғасырда енгізіп кеткен теориясы ХХІ ға­сыр­да өзге елде емес, өз жерімізде практикада кө­рі­ніп жүр. Яғни күнделікті тір­шілікте. Энгель заңын қарапайым тілмен түсін­дірсек, «Отбасы неғұрлым кедей болса, оның жалпы шығындарының үлесі со­ғұр­лым көп болады». Сәйкесінше, «ел не­ғұр­лым бай болса, азық-түлік үлесі со­ғұр­лым аз болады».

Қазір қазақстандықтардың тамаққа жұм­сайтын шығыны тапқан табысының жартысынан асып кетті. Демек Энгельдің экономикалық заңдылығына сәйкес, халқы­мыз­дың жартысына жуығы кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатыр. Ал Саяси-экономикалық зерттеулер орталығының дерегі қазір елімізде кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан халықтың саны 5,5 миллионға жеткенін айтады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда несиесін төлей алмай, қара тізімге енген адамдар саны бір жарым миллионға жеткен. Бұл тек қара тізімдегілердің «ресми саны». Ал мойнынан қарыз қамыты түспегендер 6 жарым миллион борышкердің дені 1 миллионға жетпейтін несие алған. Ресми статистикаға сүйенсек, миллионға жуық халықтың бір айдағы табысы 33,9 мың теңгеден төмен немесе күніне шамамен 2,7 долларды құрайды. Ал Дүниежүзілік банк Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін кедей­шілік шегін күніне 5,5 доллар деп бел­гі­леді.

Жалпы, елімізде жалақысын жартылай емес, тұтас тамаққа жұмсап отырған отба­сы­лардың бар екенін дәлелдеу үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізудің қажеті шамалы. Кез келген азық-түлік дүкеніне бас сұқсаңыз «Қарыз дәптері» мен «Каспий редпен бөліп төлейтіндердің тізімі» табылады. Ауыр да болса ақиқаты сол, қазір қарызға көлік алатын­дар емес, тамақ ішетіндердің қатары күрт көбей­ген. Бүгінгі әлеуметтік картина осын­дай.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатындағы сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналғанын айтты. «Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі. Бұл күйзелістер, түптеп келгенде, климаттың өзге­руіне қарсы күресу және орнықты дамуды қол­дау жөніндегі біз бәріміз келіскен жедел шара­лардың жүзеге асырылуына айтарлықтай кедергі келтіреді», деді Мемлекет басшысы.

Шыны керек, бұрындары «сабырлы болсаң кедейлік те қорлық емес» деген сөзге тоқтайтын едік. Бірақ қазіргі шындық кедейліктің қорлық қана емес, үлкен қауіп екенін көрсетіп отыр. Күні кеше елорда төрінде сөйлеген сөзінде Рим Папасы Франциск «Кедейлік – бүгінгі ең басты қауіп-қатер», деді. Жоқшылықтан қажыған жұрттың сө­зі­не құлақ асу керектігін айтқан понтифик «Адамзатқа қамқорлық жасау дейтін миссияға қалай кірісеміз? Қалай бастаған жөн?» деген сұраққа: «Ең алдымен біз кедейлерді тыңдаудан, пандемиядан ең көп зардап шеккен кедейлер мен мұқтаждарға жаһандық тұрғыда ынтымақтастық білдіріп, жаһандық теңсіздіктер мен теңгерімсіздіктерден зардап шеккендерге құлақ түруден бастаймыз. Байлығы көп, берері аздарды емес, кедейлердің қамын күйттейік. Ар-ұжданның батыл үні болайық. Заманымызда елеусіз қалғандарға, мұрасыз, кедей және дәрменсіздерге, үні естілмейтіндер мен азап шегетіндерге қолдау білдірейік. Себебі кедейлік індеттердің және басқа да үлкен қауіп-қатерлердің таралуына жол ашады», деп жауап берді.

Кедейліктен келетін ең үлкен қатер – қылмыс. Себебі құлқынды қымбатшылық қысып тұрғанда ақшасы тамағынан артылмайтын адам заңдылықты ойламасы анық. Экономикадағы құлдырау адамдарды қылмыс жасауға итермелейтінін өмірдің өзі талай рет көрсетті. Қазіргі таңда пандемиядан кейін және жаппай жұмыссыздық аясында қоғамда туын­дап тұрған өткір сұрақ бар. Ол – «Кедейлік тығырыққа тіреген кезде қылмыс күрт өсе ме?» деген өзекті сауал.

ІІМ-нің мәліметіне қарағанда, елімізде жыл басынан бері қылмыс саны 2,5 пайызға азайғанымен ұрлық, қарақшылық шабуыл мен тонау төмендемей отыр. Биылғы 8 айда 111 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, бес қыл­мыс­кердің төртеуі жұмыс­сыз болып шы­ға­ды. Жалпы, елімізде анық­тал­ған қыл­мыс­тардың 80 пайызы осы жұмыс­сыз­дар­дың «ен­ші­сінде» екен.

Ал Энгель заңы бойынша, сіздің жалпы шығындарыңыздың басым бөлігі қайда жұмсалады? Азық-түлікке ме, әлде саяхатқа ма?