Экономика • 26 Қыркүйек, 2022

АҚШ-қа экспорт артты

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айна­лы­мы­ның көлемі 1,5 млрд долларды құрады. Бұл – 2021 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығымен салыстырғанда 36,6 пайызға (былтыр 1,1 млрд доллар болған еді) жоғары көрсеткіш.

АҚШ-қа экспорт артты

Қазақстаннан АҚШ-қа тауар экс­порттауы қаңтар-шілдеде 77,2 па­йыз­ға өсіп, 769,2 млн долларға жеткен. АҚШ-қа экспорттың өсуіне шикі мұнай, фер­ро­қорытпа секілді тауарларды жет­кі­зудің қарқыны жоғары болуы әсер еткен. Атап айтқанда, Қазақс­тан­нан АҚШ-қа негізінен мына тауарлар: шикі мұнай (экспорттау 98,1 пайызға өскен); ферроқорытпа (+26,7 пайыз); күкірт (+2,7 пайыз); сутегі, сирек газдар және басқа бейметалдар (+1,8 пайыз); тантал және одан жасалған бұйымдар (+1,7 пайыз) экспортталады.

Өз кезегінде Қазақстан АҚШ-тан жеті ай ішінде 778,3 млн доллардың тауарын сатып алған. Мұхиттың арғы бетінен негізінен, ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер, бөлшектеп сату үшін қапталған дәрілік заттар, жүк автомобилдері, екпе, поршенді іштен жанатын қозғалтқыштар, жылжымалы құрам бөліктері, құс еті және жеу­ге жарамды қосалқы өнімдер сатып алынады.

Ұлттық экономика министр­лі­гінің Экономикалық зерттеу инс­титу­тының мәліметі бойынша, АҚШ Қазақстанның ең ірі инвесторларының үштігіне кіреді. Тәуелсіздік алғалы бері АҚШ-тан біздің елге 57,5 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция құйылған. Америкалық инвесторлар негізінен тау-кен өнеркәсібі, мұнай өңдеу, шикізат секторларында үлкен үлеске ие. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 695 кәсіпорын тіркеліпті. Оның 658-і – шағын, 15-і – орта, ал 22-сі ірі кәсіпорындар.

Ресейдегі күрделі ахуалға байланысты Қазақстанда жұмыс істейтін америкалық компаниялар саны одан әрі көбеюі мүмкін. Қазір бірқатар шетелдік гигант Ресей нарығын тастап кетті және тың нарық іздеу үстінде. Бұл ретте Қазақстан тартымды инвестициялық климат ұсына алады және релокация бойынша кез келген ұсынысқа ашық екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мәлімдеді. Үкімет қазір осы мәселе бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.