Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2022

Шағырай батыр мен Орақ әулиеге кесене ашылды

1403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылдық округінде XVIII ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар – Шағырай Жәдікұлы мен Орақ Қайыпұлына кесене орнатылды.

Шағырай батыр мен Орақ әулиеге кесене ашылды

Кіші жүздегі Байұлы бірлестігінің ағасы саналатын шеркеш руының ұранына айналған Шағырай батырға және ел-жұрт қастерлейтін Орақ әулиеге арнап салынған қос кесененің ашылу салтанаты жалпыхалықтық тойға айналып өтті. Жайық өзені жағасында орналасқан Қадырқұл ауылының маңына Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау өңірінен арнайы отау үйлер тігіліп, аруақты аталарға ас берілді. Сауапты шараның құрметті қонақтары қатарында КСРО және Қазақстан Республикасының халық артисі Асанәлі Әшімов, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Меруерт Өтекешова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, шежіреші Пернебай Дүйсенбин, Атырау облысының экс-әкімі Махамбет Досмұхамбетов, экс-сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, бұрынғы Мәжіліс депутаты Болат Қонарбай, Kazenergi компаниясының төрағасы Кенжебек Ибрашев, кәсіпкер Төкен Жұмағұлов және басқалары болды. Салтанатты жиында Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарынан келген өнер ұжымдары, жекелеген өнерпаздар жиналған халыққа ән мен жырдан шашу шашты.

- Бұл 2014 жылдан бері басталған жұмыстарымыздың алғашқы нәтижесі. Сол жылы «Шағырай» қоғамдық қоры құрылып, ел қамын жеген ерлердің есімін мәңгі есте қалдыруға байлам жасалған болатын. Барлық шаруа халықтың күшімен, қолдауымен болды. Ең алдымен, осы жердің жергілікті халқына, осы өңірде ұзақ жыл мал бағып, Орақ әулие атамыздың есімін сақтап, құрметтеген марқұм Саясат Сәлімов ағамызға, әулетіне қарыздармыз, - деді «Шағырай» қоғамдық қорынының директоры Ерғали Жақсылық.

Алыстан көз тартатын қос кесененің құрылысы былтыр басталған екен. Биіктігі 12 метрлік қос ескерткішті маңғыстаудың аппақ ұлутасынан көтерген – белгілі шебер Ермұхамбет Әлиев. Қазақстанның батыс өңіріндегі белгілі тарихи тұлғалар – Байбарақ батыр Құдайқұлұлының, Исатай батыр Тайманұлының, әнші Мұхит Мерәліұлының кесенелерін салған маңғыстаулық шебер бұл жолы да ерекше шеберлік танытқаны байқалып тұрды.

- Қазақстанның киелі нысандары қатарына жаңадан қосылып отырған бұл мекенде келер жылы да үлкен ас беріп, дала қызықтарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Кесене маңына тал-терек отырғызылып, саябаққа айналады. Биыл салынған үлкен қонақ үйдің бір бөлмесінен болашақта тарихи тұлғалардың өмірі мен тарихи қызметінен хабар беретін музей ашылады. Қысы-жазы зиярат етіп келетін халыққа лайықты қызмет көрсету үшін тұрақты түрде шырақшы болады деп отырмыз, - деді «Шағырай» қоғамдық қоры ұйымдастыру алқасының мүшесі Екпін Алпамысұлы.

 

Батыс Қазақстан