Сайлау • 27 Қыркүйек, 2022

Тоқаев Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы жайлы пікір білдірді

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы жайлы пікір білдірді

«Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды», деді Мемлекет басшысы.

Президент осы сара жолдан тайқымай, ілгері жүру керек екенін жеткізді.

«Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ ол бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұраққа да жауап бере кетті.

«Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», деді Президент.

Еске салайық, кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленген. Осы ретте Президент бұл науқан заңға сәйкес, әділ және ашық өтетініне кепілдік берді.

«Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Отанымыздың болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Сондықтан баршаңызды ел тағдырына бей-жай қарамауға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық! Түркі әлемінің бойтұмары – Түркістан көркейе берсін!», деді сөз соңында Мемлекет басшысы.