19 Мамыр, 2014

Атыраулық балуан грек-рим күресінен Азия чемпионы атанды

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

E.polivadovАТЫРАУ. 19 мамыр. Атырау облысы спортының жас өрені Евгений Поливадов грек-рим күресінен кадеттер арасында Азия чемпионы атанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Өткен аптада Бангкокта грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Осынау құрлықтық сайыста Қазақстан құрамасының балуандары екі алтын, екі күміс және төрт қола медаль ұтып алды. Қос алтын медальдің бірін еншілеген атыраулық балуан Евгений Поливадов 69 килода төрт қарсыласынан да басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Сөйтіп, болашағынан үміт күттірген жас балуан Е.Поливадов Қытайда өтетін кадеттердің Олимпиадалық ойындарына берілетін жолдаманы ұтып алды. Кадеттердің Олимпиадалық ойындары тамыз айында өтеді.

Еске сала кетейік, атыраулық балуан бұған дейін Қазақстан чемпионатында жеңістің биік тұғырына көтерілген еді. Сонымен қатар, Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов атындағы халықаралық турнирде де жеңімпаз атанып үлгерді. Айтқандай, Евгений Поливадовты өзінің әкесі Александр Поливадов жаттықтырады. А.Поливадов Азия чемпионатының жүлдегері Мейрамбек Тұрдалиев, Қазақстан чемпиондары Нұрлан Мұқанов, Талғат Қазиев және Фархад Ғимрановтай шеберлерді шыңдаған белгілі бапкер.

Жолдасбек Шөпеғұл.

Дереккөз: egemen.kz.

Фото: egemen.kz.