Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Елге келгендердің есебі бар

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көрші Ресейдегі ахуал еліміздің көші-қон саясатына қатысты сауалдарды арттыра түскені рас. Саясаттан алыс деген шалғай ауылдағы қарапайым тұрғынның өзі бұл жайдан хабардар. Қоғамда түсінбеушілік, алаңдаушылық байқалады.

Елге келгендердің есебі бар

Осы ретте Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының мін­де­тін атқарушы Аслан Аталықов қазіргі жағ­дайға тоқталды.

 – Пандемиядан кейін көші-қон саласына қан жүгіре бастады. Карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, мемлекеттік шекараның құрлықтағы өткізу пункт­те­ріндегі жағдай тұрақтала бастады. Жыл басынан бері елімізге 4 млн 399 мың шетел азаматы келді. Атап айт­­сақ, Ресейден – 1 млн 700 мың (39%), Өз­бекстаннан – 1,5 млн (34%), Қыр­ғыз­станнан – 547 мың, Тәжікстаннан 200 мыңнан астам, Беларусьтен – 53 мың, Түркиядан – 68 мың, Германиядан 43 мың адам ел шека­ра­сын аттады. Осы уақыт ішінде Қа­зақ­стан арқылы 4 млн 155 мың адам шетелге кетті. Оның ішінде Ресей Федера­ция­сының 1 млн 666 мың азаматы, 1 млн 370 мың Өзбекстан азаматы, 540 мың Қырғызстан азаматы, 196 мың Тәжікстан азаматы бар, – дейді Аслан Аталықов.

Ресей Федерациясы азаматтарының иммиграциясына кеңінен тоқталған ІІМ өкілі 2019 жылы пандемия болмаған кезде Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік келгенін мәлімдеді. «Яғни сол кезде 3 миллионға жуық адам кірді. Ал биыл 9 айда 1 млн 600 мың адам тіркелді, яғни әлдеқайда аз. Десе де Ресей билігінің таяудағы шешімдерінен кейін өткен аптадан бастап Ресей Федерациясынан эмигранттар ағыны көптеген бағытта, оның ішінде Қазақстанға да ұлғайды. Сондықтан да Ресей Федерациясының шекарасы жағынан кептеліс байқалады. Бұл жерде қазақстандықтардың мүдде­ле­рін де атап өту маңызды. Күн сайын 40-қа жуық және мыңнан аса азамат Қазақстаннан шығады. Күн сайын 15-17 мың қазақстандық Ресей Федерациясына барады, онда туыстары, балалары оқиды, ата-аналары тұрады, бизнес және басқа да шаруалары бар. Яғни шекаралардағы кептеліс отандастарымызға да кері әсерін тигізуде», деді Көші-қон комитетінің қыз­меткері.

Қазақстанның Ресеймен құрлық ше­ка­расының ұзындығы – 7 591 км. Бұл – әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы. Сәйкесінше, Ресей Федерациясының азаматтары үшін Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Ресми жаңалықтардан Ресей әуежайларында үлкен сұранысқа байланысты әуе билеттеріне қатысты проб­лемалары басталғанын аңғаруға бола­ды.

– Транзитке келетін болсақ, соңғы бір­неше күнде Қазақстаннан Ресей Фе­де­рациясының 40 мыңнан аса азаматы кетті. Мыңдаған адам Қазақстан арқылы оңтүстік көршілеріміз Қыр­ғызстан мен Өзбекстанға аттанды. 5 күн ішінде 6 мыңға жуық ресей­лік Қазақстаннан біздің әуежайлар ар­қылы ұшып шықты. Көші-қон бақы­ла­уына келетін болсақ, заңнама бұл про­цестерді және шетелдіктердің Қазақ­­­станда болу тәртібін реттейді. Олардың есебі жүргізіледі. Болу мерзімі бақыланады. Көші-қон заңнамасын бұзушыларға көзделген ден қою шаралары қабылданады, – деді А.Аталықов.