Саясат • 28 Қыркүйек, 2022

Басты мақсат – құқықтық қолдау

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл оқиға – Әділетті Қазақстан құруда Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттар секілді мемлекеттік институттардың қайта жандануындағы маңызды сәт. Елордада бас қосқан заңгерлер саяси науқанға қатысты ойларын ортаға салды.

Басты мақсат – құқықтық қолдау

Осы орайда заңгерлер қауымдастығы «Адал сайлау үшін» штабын құрып, сайлау науқаны кезінде конституциялық реформа, Президент сайлауының ережелерін заң тұрғысынан түсіндіріп, халыққа құқықтық қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр.

«Президент сайлауы туралы конс­ти­туциялық заңдар бойынша азаматтары­мыздың сұрақтарына жауап беруге да­йынбыз. Олар біздің Қазақстан заңгерлер одағының сайты арқылы сұрақтарын жолдай алады. Барлық сауал жауапсыз қалмайды, уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Сонымен қатар Заңгерлер одағы барлық заңгерді, тіпті одақ құрамына кірмейтіндерді де осы жұмысқа белсене араласуға, яғни Президент сайлауы туралы заңды халыққа барынша кең ауқымда түсіндіруге шақырады. Бұл – біздің басты міндетіміз», деді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбай.

Арнайы штабтың құрамында әзірге 7 адам бар, штаб төрағасы болып С.Ақылбай сайланған. Сондай-ақ барлық облыс орталықтарында штаб өкілдіктері құры­ла­ды. «Адал сайлау үшін» штабы – мемлекет мен­шігінде тіркелмеген қоғамдық ұйым. «Біз ха­лық сайлауға қатысты құқығын білсе дей­­міз. Сай­лаудың жалпы заңға сай өту жол­­дарын, талаптарын қарапайым тілмен жет­кі­зе­міз, түсіндіреміз», деп қосты штаб төрағасы.

«Адал сайлау үшін» штабының өкілдері бай­қау­шылар, сайлау комиссиясының мүше­л­ері және құқық қорғау органдарының өкіл­­деріне сайлау өткізу рәсімдері туралы әдіс­темелік нұсқаулықтар дайындайды. Бұған қоса сайлау қорытындылары бойынша байқау­шы­ларға құқықтық көмек көрсетуді қоса ал­ғанда, олардың штабына заңды қол­дау көр­сетеміз», деді заң ғылымдарының док­то­ры, про­фессор, одақ мүшесі Индира Әубәкірова.