Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнатылады

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таразда қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнатылады

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Бүгін халық жазушысына 90 жыл толды. 

Осы жылдың сәуір айында Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен жиында жамбылдық ақсақалдар қаламгерге ескерткіш орнату туралы қала тұрғындарының ойын айтқан болатын. Бұл бастамаға «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетті. Мамыр айында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың тапсырмасымен жазушының ең үздік мүсіндік бейнесіне байқау жарияланған болатын.

«Көне Тараз» қорының төрағасы Мұратбек Әзімовтің айтуынша, ескерткіш жобасын іріктеу және бекіту жөніндегі комиссияның құрамына бір кездері Шерағамен жеке таныс болған қазақстандық мәдениет қайраткерлері, ардагерлер, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінен тұратын 20 адам кірген.

«Байқауға 17 үміткердің жобасы ұсынылды, кейбір мүсіншілер ескерткіштің бірнеше нұсқасын ұсынды. Комиссия мүшелері 34 жастағы алматылық мүсінші Айдос Бүркітбаевтың, әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов, Дина Нұрпейісова ескерткіштерінің авторы жұмысына бірауыздан дерлік дауыс берді. Үздік деп танылған жоба Қазақстан Республикасында салынып жатқан ескерткіштер  жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді», деді «Көне Тараз» қоғамдық қорының басшысы.

Ш.Мұртазаның мүсіндік бейнесін жасау үшін А.Бүркітбаев оның шығармаларын, өмірбаянын, ол туралы естеліктерін қайта оқып шықты, оның портреттік бейнелері мен өзі бейнеленген фотосуреттерін зерттеді.

Ескерткіш орнату үшін орынды таңдау қиын болды. Қала тұрғындарының әлеуметтік желіде айтқан қоғамдық пікірі де, мамандардың пікірі де назарға алынды. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, Шерхан Мұртаза ескерткіші орнатылатын жер таңдалды.

Сауалнама барысында тараздықтар жазушының ескерткішін орнатудың 14 нұсқасын атады. Маусым айында арнайы комиссия мен сәулетшілердің бірлескен отырысында бұл ұсыныстар қаралды.

«Талқылау қорытындысы бойынша үш орын белгіленд. Бұл жер «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият» орталығы ғимаратының дәл алдындағы жер. Екінші нұсқа – Жастар аллеясында және үшінші нұсқа – Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алдында. Қорытынды шешім бойынша, ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының алдына орнату таңдалды», деді спикер.