Музейдің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, 1974 жылы Торғай өзенінің арнасынан табылған көне жәдігерлерді мұражай қорына белгілі жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметов өткізіпті. Қазір сөреде мамонт қаңқасының бір бөлігі ғана тұр. Қалғаны сирек кездесетін экспонаттарға арналған қоймада екен. Өйткені былтыр ғана жөндеуден өткен музейге әлі реэкспозиция жасалмапты.
– Қазірше сирек кездесетін экспонаттардың біразы көрнекі жерде емес. Олардың бәрі реэкспозициядан кейін ғана өз орнын табады. Мамонтты қазір қазақ арасында зіл деп атап жүр ғой. Зіл мен піл деген бір-біріне ұйқасып тұр ғой. Тұрпатына, кескін-келбетіне қарасақ та піл мен мамонттың анатомиясында ұқсастық бар. Зіл деген қазақ мифологиясында кездеседі, ескі ертегі-аңыздардағы жануардың атауы. Ол өте ірі болмайды екен, шағын ғана жануар. Бірақ салмағы ауыр. Зілдей ауыр деген содан шыққан. Мамонт деген зілдің өзі болып шығуы да мүмкін. Жалпы, қазақтың дүниетанымында осындай қызық дүниелер көп. Мысалы, айтыстарда «тауыс құстай түрленіп» деген тіркес кездеседі. Тауыс дегеніміз – павлин. Қазақ даласында жоқ қой. Немесе «Жансызда үлкені – қамыс, жандыда үлкені – балық» дейді. Енді әлемдегі ең үлкен жануар кит қой, көк кит. «Жансызда үлкені – қамыс» дегенде ең биік болып өсетін өсімдік кәдімгі бамбукті меңзеп тұр. Қамыс тәріздес қой ол. Немесе пілді алайықшы, піл де жоқ қой қазақ даласында. Бірақ ауыз әдебиетінде «құнан пілдің қайысы» деген тіркес бар. Бұл жерде үш жасар деп пілдің жасына дейін анықтама беріп тұр. Осындай-осындай қызық дүниелер бар, – дейді ғылыми қызметкер.
Ел ішінде ежелде Торғай табанында теңіз болған деген сөз бар. Дала өлкесі тарихы музейінде тұрған акуланың тісі, бірте-бірте тасқа айналып, көмірге ұқсап кеткен ежелгі өсімдіктер, бұдан өзге де түрлі палеонтологиялық қазба қалдықтары да осыны меңзеп тұрғандай.
Арқалық