25 Мамыр, 2010

ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҮДЕРІС ШЫҢЫ – КЕДЕН ОДАҒЫ

583 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ол үш мемлекет аумағында бірыңғай кедендік кеңістік құруды ақиқатқа айналдырды Бұдан бұрын газетімізде хабар­лағанымыздай, Нева жағалауын­да­ғы шежірелі Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына, Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастыққа және осы қоғамдастық аясында құрылған Кеден одағына мүше елдер үкімет басшыларының басқосуы болып өтті. Осы отырыстарда барлық елдердің үкімет басшылары атап көрсеткеніндей, сонау кеңестік им­перия ыдыраған алғашқы күннен Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына талмай шығарып келе жатқан интеграциялану идея­сына балама жоқ екендігін уақыт­тың өзі дәлелдеді. Әсіресе, оған ұзақ уақыт үзілістен кейін ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің Үкімет басшылары отырысына қайтадан бақылаушы ретінде қатысқан Ук­раина Премьер-министрі Н.Азаров­тың сөзі толық дәлел болғандай. Ол өз сөзінде соңғы жылдары бұрынғы Украина басшылығының тар ауқым­дағы келеңсіз саясатының салдарынан бұл ел ТМД аума­ғындағы барлық интеграциялану үрдісінен сырт қалғанын, осы жағдайдың ел экономикасына орасан зор нұқсан келтіргендігін атап көрсете келіп, алдағы уақытта Достастық мемлекеттері шеңбе­ріндегі барлық интеграциялану бастамаларына, оның ішінде Кеден одағы құрылымына да белсене қатысатындықтарын мәлімдеді. Санкт-Петербург қа­ласында өткен үкімет басшы­лары­ның басқосуы “ТМД шең­бе­рінде 2010 жыл – ғылым және ин­новация жылы” деген ортақ ұран­мен өтті. ТМД-ға мүше мемлекет­тер Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қаралған жиырмаға жуық мәселе де нақ осы тақырып­тар аясында өрбіді. Инновация мен интеграция ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі­нің үкімет басшылары деңгейінде өткен отырыстарының да басты тақырыбына айналды. 2010 жыл ЕурАзЭҚ үшін мүшелді мерекелік жыл болып отыр. Биыл бұл ұйымның құрылғанына он жыл толмақ. Осы жылдар ішінде қоғам­дастық қатал уақыт алға тартқан талай сыннан сүрінбей өтті. Қазақстан басшысының тарихи табандылығының нәтижесінде өмірге келген осы қоғамдастықтың ауқымында ТМД шеңберіндегі жаңа әрі сапалы интеграциялық үрдіс – Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында Кеден одағы өмірге келді. Кеден одағына қатысты мәселелерді талқылау барысындағы үш мемлекеттің үкімет басшы­лары­ның басқосуында Ресей Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин Кеден одағы сәтті бастау алды. Оның негізгі тетіктері жыл басынан бері лайықты жұмыс істеуде. Әрине, аз уақыттың ішінде мұндай тың да ірі жобаны ешқандай кінәратсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Алайда, өткен айлардың қорытындысы көр­сетіп отырғанындай, біздің елдер қандай да күрделі ахуалдар­дан шығатын жол тауып, тығырықты сәттерде өзара түсіністікке қол жеткізді деп атап көрсетті. Соны­мен бірге, ол өз сөзінде Кеден одағының өмірге келуіне Қазақстан Рес­публикасы Президентінің баста­малары негіз болғандығын да ерекше ескертіп өтті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіне қойған экономикалық ынтымақтас­тықты барынша кеңінен дамыту мә­селелері өз өміршеңдігін дәлел­дегенін тілге тиек етті. Үш мем­лекет шеңберінде таза экономи­калық бірлестіктің, ортақ кедендік кеңістіктің құрылуы жаңа геосаяси ақиқатқа айналды. Интеграциялық үдерістің ең шырқау шыңы – бірыңғай экономикалық кеңестік құру болса, біз оған қол жеткіздік, деді ол өз сөзінде. Кеден одағына кіретін үш мем­л­екеттің үкімет басшыларының осы жолғы басқосуында бұл интегра­циялық жаңа құрылымды дамыту­дың көкейкесті мәселелері талқы­лан­ды. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтар­дан бастап үш мемлекет Кеден одағының кедендік тарифтерін сәйкестендіретін алғашқы кезеңді бастан өткеріп жатыр. Енді 1 шілдеден бастап үш мемлекеттің халқы бірыңғай кедендік кеңістікте өмір сүретін негізгі кезеңге аяқ басатын болады. Осы уақытқа дейін арнайы құрылған Кеден одағы комиссиясы үш мемлекеттің кедендік тарифтерін сәйкестен­діре­тін сегіз ірі жобаны ретке келтірген. Әлі де үш мемлекеттің кедендік тарифтерін сәйкестендіретін оннан аса ірі жобаларды ретке келтіру керек. Осы жолғы отырыста Кеден одағында санитарлық, мал дәрі­гер­лік-санитарлық, фитосанитарлық шараларды қолдануды реттеу, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі­нің шешімімен бекітілген Кеден одағының Кеден кодексін жүзеге асыруға байланысты жасалған іс-шаралар жоспарын халықаралық ке­лісімдерге сәйкестендіру, ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден ода­ғына мүше мемлекеттердің сауда қатынастарын реттеу, Кеден одағы кедендік аумағынан тауарларды шығарғанда және жеткізгенде қол­данылатын баж салықтарын реттеу, ЕурАзЭҚ аумағында Кеден одағына кіретін үш елге ортақ тауарларға тех­никалық регламент қабылдау және басқа келелі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, үш елге ортақ тауар­ларға техникалық регламент белгілеу мәселесі кешенді жұмыс жүргізуді қажет етеді. Осы уақытқа дейін Кеден одағына кіретін мем­лекеттер өз тауарларының техни­ка­лық регламентін өзі белгілеп кел­ген. Енді бірыңғай кедендік кеңіс­тіктің қалыптасуына байланысты ортақ техникалық регламент жасау қажет. Осыған байланысты үш мем­лекет бойынша 38 техникалық регламент қабылдануы тиіс. Қазір әрбір мемлекет бұл мәселеде өз ұсы­ныс-талаптарын талқылауда. Алдағы уақытта Кеден одағы ко­миссиясы бұл мәселелерді ортақ оты­рыста қарайтын болады. Оған қосымша екі апта уақыт беріліп отыр. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.