Қазақстандық былғары қолғап шебері Иван Дычко әлем чемпионатынан кейін рингке қайта оралып, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Сидней Джаксонды еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Ол финалда Өзбекстан командасының нөмірі бірінші боксшысы, бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы Мирзохиджон Абдуллаевпен қолғап түйістіріп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Осы турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы аға жаттықтырушы Нұрлан Сафиуллиннің жетекшілігімен бес салмақта күш сынасты. Оған Дычкодан басқа Закир Сафиуллин (60 кг), Алмасбек Орынғалиев (69 кг), Сапарбай Айдаров (75 кг) пен Нұрдәулет Жарманов (81 кг) қатысты. Жалпы, турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қытай мен Түрікменстаннан барлығы 150-ден астам боксшы қатысып, сынға түсті.
Бокстан Қазақстан командасының тағы бір құрамы да елге жеңіспен оралды. Жақында Албанияның Шкодер қаласында өткен Влазнианы еске алуға арналған ХІ халықаралық турнирде біздің боксшылар үш алтын және бір күміс медальді жеңіп алды.
Онда Біржан Жақып (49 кг), Жанболат Тілегенұлы (56 кг) мен Алексей Севостьянов (91 кг) жеңімпаз болса, Ерлан Тәмемов күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол финалда Біржан Жақыптан есе жіберді. Осы турнирде 64 кг дейінгі салмақта Алмасбек Шымбергенов қолғап түйістірді. Жалпы, жарысқа жеті елден 28 боксшы қатысты. Турнирге Қазақстан құрамасын жаттықтырушы Александр Стрельников бастап барды.
Енді құрама команда биылғы жылдың басты бокс бәсекесі саналатын Жазғы Азия ойындарына дайындалу үшін 26 мамыр мен 1 маусым күндері Германияның Галле қаласында өтетін халықаралық турнирге қатысады.
Жуырда осы екі турнирден басқа Ресейдің Хабаровск қаласында да Кеңес Одағының батыры Константин Коротковты еске алуға арналған тағы бір үлкен халықаралық жарыс өткен болатын. Осы сында біздің құрама екі алтын, төрт күміс және үш қола жүлдені жеңіп алды.
Турнирде Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) мен 91 кг-дан аса салмақтағы Нұржан Бекзатов жеңімпаз атанса, Жомарт Ержан (49 кг), Әділет Құрметов (52 кг), Айдар Әмірзақов (64 кг) пен Дәурен Елеусінов (81 кг) күміс медальді, Ержан Ордабаев (56 кг), Сағадат Рахманқұлов (69 кг), Антон Пинчук (91 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Осы жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Бірінші орынды Ресей, үшінші орынды Әзербайжан алды. Турнирге 17 елден 71 боксшы қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».