Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Тартымды жобалар жаңа жұмыс орнын көбейтеді

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен сегіз ай аралығында Алматы облысының экономикасына құйылған инвестиция ағыны 19 пайызға ұлғайып, жалпы, қаржылай көлемі 320 млрд теңгеден асып түскен екен. Яғни жыл басынан бері аймақта 54,2 млрд теңге жұмсалған 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, соның нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Тартымды жобалар жаңа жұмыс орнын көбейтеді

Бұл қатардағы ірі жобалардың мысалы ретінде «Наурыз Агро» асыл тұқымды құс репродукторы, «Алюгал» қорытпалы құрылыс материалдарын шығаратын за­уыт, «Медикал Холдинг Sintez-KZ» ме­дициналық титан импланттары мен тренажерлар өндірісі және «Қарасаз Агро» балық шаруашылығы өндірісін айтуға болады. Ал ин­весторлардың сенімінен шыққан аудандар арасынан Еңбекшіқазақ ауданының аты озып тұр. Яғни өткен мерзімде аудан­ экономикасын дамытуға 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған көрінеді. Және бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 1,2 есеге артқан. Дей­тұрғанмен, инвестиция портфелі бо­йынша ауданның жалпы облыс көле­мін­дегі үлесі 8 пайыздан сәл ғана жо­ға­рылаған екен. Жақында ауданға барған сапарында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жергілікті басшылыққа осы жағы­на баса назар аударуды тапсырған болатын.

– Еңбекшіқазақ ауданы бойынша қазірге дейін 20 шақты инвестжоба бар. Соның ішінде «Жетісу энергия­сы» серіктестігінің қуаты 60 МВт болатын Шелек жел электр стансасы жақында іске қо­сылды. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі 37,4 млрд теңгені құрайды. Сәйкесінше, 30 жұмыс орны ашылды. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Аудан­ның қазіргі мүмкіндігі мен инвес­тициялық тартымдылығы оның көле­мін еселеп арттыруға тиіс, – дейді М.Сұлтанғазиев.

Жалпы, облыстың энергия көз­дерін өндіруге қатысты жобалары же­місті. Бұл тұрғыда Еңбекшіқазақ ауданында желден қуат алатын қон­дырғыларды көптеп салу мүмкіндігі мол болса, Райымбек ауданында су электр стан­саларының құрылысын жан­дандыруға мүмкіндік бар. Қа­зір ағынды тау өзендері бар Райымбек өңірінде су электр стан­саларының құрылысын жүргізу қолға алынуда. Солардың қата­рында Үш Қақпақ ауылы маңында басталған «Үлкен қақпақ Гидро» серіктестігінің жұмысын айтуға болады. Аталған серіктестік биылдан бастап Кіші Қақпақ өзенінен қуаты 4,9 МВт құрайтын су электр стансасының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жобаға 3,3 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Сондай-ақ Energy DeveIopment Company Текес өзенінің бойынан қуаты 24,8 МВт болатын су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта техникалық және экономикалық құжаттары дайындалуда. Бұл жо­баға тартылатын инвестиция көлемі 14,1 млрд теңгені құрайды. Компания құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастап, 2025 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен. Сон­дай-ақ аталған компания 2025 – 2027 жыл аралығында Нарынқол ауы­лының маңындағы Байынқол өзе­нінен қуаты 32,8 МВт құрайтын су электр стансасын салуды да жос­пар­лап отыр.

– Алматы облысы – кез келген саланы дамытуға ыңғайлы өңір. Оның ішінде әлеуметтік сала, ин­фра­құрылым, логистика, балық, мал, егін шаруашылығы, балама энергия көзі салалары бар. Инвестициялық тартымдылық арқылы аймақта ет экспортынан гөрі балық экспорты жақсы дамып келеді, – дейді облыс әкімі М.Сұлтанғазиев.

Айтпақшы, облыстың жаңа орталығы – Қонаев қаласын IT ма­­­мандарының шоғырланған, өнер­­­­кәсібі дамыған, таза эколо­гия­­лық қала ету үшін түрлі жобалар жасалып жатыр. Бұл бағытта инвес­торларға иек артқан орынды. Жақында Алматы облысының әкімі Еуропалық инвестиция банкінің өкіл­дерімен кездесті. Кездесуде Қонаев қаласының түрлі салалардағы жо­басы бойынша екіжақты ынты­мақ­тастығы сөз болды.

– Еуропалық инвестиция банкінің жұмыс бағыты негізінен 4 салаға бағытталған: инновацияларды қол­дау, шағын бизнесті дамыту, климатты қорғау және инфрақұрылым нысандарын құру. Яғни банк мем­лекеттік және жеке секторға, оның ішінде инновациялық стартаптарды қаржыландыру үшін кредиттер береді. Шағын және орта бизнеске әдетте жергілікті банктер арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл ретте орташа көлемді компаниялар Еуропалық инвестиция банкінен ғылыми-зерттеу саласы мен дамуға инвестициялар ретінде тікелей қолдау ала алады. Жалпы, біз Қазақстанға жеке инвесторлар мен мемлекеттік қаржы мекемелерінің қаражатын тартып, жұмыс істеуге мүдделіміз. Бұл тізімде Алматы облысы бірінші тұр деуге болады, – дейді Еуропалық инвестиция банкінің мемлекеттік мекемелермен жұ­мы­сын дамыту бөлімінің маманы Адам Бруун.

Жалпы, бұл қаржы ұйымы Еуроодақ кеңесінің шешіміне сәй­кес ЕО елдерінде және шетелде, оның ішінде Азияда жобаларды қаржыландыру бойын­ша кредиттік операциялар­ды жүргізу мандатына ие. Банк 2 жылдан 6 жылға дейінгі жеңілдікті кезеңімен, 7 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге несие береді. Ал шетелдік инвестициямен жұмыс істеу бағытында да облыста ауқымды шара атқарылуда. Мысалға, қазір Алматы облысы әлем бойынша 97 елмен сауда ынтымақтастығын жүргізуде. Биыл 7 айда облыстағы экспорт айналымы 179,9 млн долларды құрады. Бұдан басқа шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашыл­ған, жалпы құны 1,3 млрд доллар болатын 19 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 6 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Алматы облысы