Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2022

Ауданға сабылмайтын болды

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылдарда жаңадан 15 бастапқы медициналық-санитарлық көмек пункттері ашылады деп жоспарлануда. Олардың төртеуі –амбулатория, оны – медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер.

Ауданға сабылмайтын болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауылдағы денсаулық сақ­тау мәселелеріне ерекше назар аударғаны мәлім. Президент келесі жылдан бастап ауыл тұр­ғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл бағытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге аспақ.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуына қарағанда, ауылдық елді мекендерге 30 медициналық нысан қажет. Олардың екеуі – ауылдық амбулатория, бесеуі – фельдшерлік-акушерлік пункт және қалғаны – медпункттер.

– Жаңа нысандардың салынуымен өңірде жалпы саны 15 мыңнан астам тұрғын сапалы медициналық қызметпен қамтылады деп күтілуде. Бұл жобалардың жалпы құны шама­мен – 3,9 млрд теңге. Бұған дейін денсау­лық сақтау ұйымдары мүлде болмаған 3 ауыл­да жаңадан медпункт тұрғызылмақ. Тағы 9 нысан тозып тұрған ғимараттарды жаңар­туға және 18 құрылыс жалға алынып келген нысан­дар­дың орнына салынбақ. Жобалық-сметалық құ­жат­тамаларды Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеуде, республикалық транс­ферттер бөлінеді деп болжануда. Ал Пав­лодар облысын дамыту бағдарламасы аясын­­да жос­парланған 15 нысанның біреуі – Ақсу­дың Қызыл­жар ауылында 100 орынға лайық­талған ауыл­дық амбулатория салынды. Құры­лыс басқар­масы тағы үш жобаға құжат әзірлеп отыр. Келесі жылы Екібастұздың ауыл­дық айма­ғын­дағы Әлкей Марғұлан ауылын­да және Ақсудың Пограничник ауылы мен Павлодар ауданының Набережное елді мекенін­де медициналық мекемелер салынады, – деді басқарма жетекшісі.

Алыс ауылдарда тұратын халыққа жылжымалы меди­ци­налық кешендер қызмет көрсетеді. Игіліктің бұл түрі­мен 29 мыңға жуық адам қамтылып отыр. Кешен­дердегі дәрігерлер қазір­дің өзінде 2 мыңнан астам ем­делушіден түрлі ауруды анықтап, оларды диспансерлік есепке қойған. Бұған қоса аудандық ауруханалар мен пер­зентханаларға және жан сақтау бөлімшелеріне за­манға сай медициналық құ­рал-жабдықтар са­тып алуға республикалық қазынадан 1,5 млрд тең­ге бөлінбек. Тағы 1,2 млрд теңге денсаулық сақтау мекемелерін күрделі жөндеу­ге бағытталады. Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы қажетті жабдықтарды сатып алудың жоспарын жасап, медициналық нысандарды жөндеумен айналысатын мердігерлерді анықтады. Жаңа құралдар алынса, өңірлердегі емдеу ұйымдарының заманға сай жарақталуы 85-тен 90 пайызға дейін артады.

Бұған қоса демеушілер есебінен алдағы қазан айында 60 акушер-гинеколог пен неонатологті оқы­ту жоспарланып отыр. Бұл үшін Ресейден мамандар келіп, жүкті аналардың жағ­дайына шұғыл түрде баға беру бойынша семинарлар өткіз­бек. Ал 18 медицина қыз­меткері Татарстанның Қазан қаласына жіберіліп, онда ультрадыбыстық зерттеу бойынша оқудан өтпек. Өңір­дегі ақ желеңділерге құр­сақта жатқан баланың ал­ғаш­қы даму кезеңінде ден­сау­­лығындағы ақауларды анық­тау міндеті қойылып отыр.

Атап өтерлігі, биыл экстракорпоралды ұрық­­тан­дыру бойынша өңірге 281 квота бө­лінген. Қазір 82 жұп сәби сүю бақытын асыға күту­­де. Тағы 80 ерлі-зайыптыдан оң нәтиже шы­ға­ды деп болжанып отыр. Былтыр бала көтере алмау мәселесі бойынша Павлодардағы реп­ро­дуктивті орталықта 1,5 мың ерлі-зайыпты тір­келген еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқы­лы жүзден астам отбасы нәрестелі болды. Олар­дың арасында егіз балалы болғандар да бар.

 

Павлодар облысы