Саясат • 29 Қыркүйек, 2022

Қаржының қайтарымы бола ма?

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолдауда көтерілген үлкен мәселенің бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Президент құжатта бұл секторды дамыту еліміздегі басты проблеманың бірі деп атап көрсетті. Ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні тағы белгілі.

Қаржының қайтарымы бола ма?

Осыған орай Мемлекет басшысы: «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес», дей келе, Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тапсырма берген еді.

Жолдауда Президент тапсырған аграрлық секторды субсидиялау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру міндеттері қалай жүзеге асырылып жатыр? Мәжі­ліс депутаты Қайнар Абасовтың төрағалығымен өткен Amanat партиясы жанындағы Агро­өнер­кәсіптік комитеттің отырысында осы және өзге де мәсе­лелер талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы саладағы субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін оны алушыларға бірқатар міндеттеме енгізу жоспарланып отыр.

«Бұл өз өндірісінің өнімін жыл сайын кемінде 3 пайызға ұлғайту­ды қамтамасыз ету (форс-мажор жағдайларды қоспағанда), еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру және негізгі капиталға инвестиция құюды қамтамасыз ету», деді министр.

Комитет отырысында баяндама жасаған Е.Қарашөкеев ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында атқарылып жат­қан жұмысқа да назар аударды. Агроөнеркәсіптік кешенді 2025 жыл­ға дейін дамыту жөніндегі Ұлт­тық жоба шең­берінде ауыл тұр­ғын­дарын несие­лендіру жұмысы көз­деліп отыр. Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жыл сайын 7500 шағын несие беру жос­парымен 30 млрд теңге сомасын­да қаржыландыру көлемі қарас­ты­рылды. Сондай-ақ министр инвес­ти­­циялық жобаларды іске асыру мәсе­лесіне де жеке тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақ­­­стан халқына Жолдауында агро­өнер­­кәсіптік кешенді дамыту мәселе­сіне қа­тысты бірқатар міндет қой­ған бола­тын. Биыл Агроөнеркәсіп­тік кешен­­де 81,1 млрд теңге сомасына 110 ин­вес­тициялық жоба пайдалануға беріл­ді. Нәтижесінде, 2022 жылдың 8 айын­да АӨК-тің негізгі капиталына құйыл­ған инвестиция көлемі 524,8 млрд тең­гені құрады. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңі­мен салыстырғанда 1,7 есе көп (306,3 млрд теңге). Жыл соңына дейін 127 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр», деп атап өтті ол.

Отырыс қорытындысы бойынша комитет бейінді мемлекеттік органдарға арналған бірқатар нақты ұсынымдар қабылдады. Ауыл шаруашылығы саласына миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Ал қайтарымы қалай болмақ?