Денсаулық сақтау министрлігі және ТМД Атқарушы комитеті ұйымдастырған іс-шараға ТМД мемлекеттерінің Денсаулық сақтау министрлері, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты. Отырысты ашқан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биыл Кеңес аясында 24-тен астам іс-шара өткізіліп, 100-ден астам мәселе қаралғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Кеңестің COVID-19-ға қарсы іс-қимыл, туберкулездің таралуы, инфекциялық қатерлерге қарсы күрестің бірыңғай өңірлік жүйесін қалыптастыру, онкологиялық патологиясы, қант диабеті бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, трансфузиологиялық көмекті дамыту және электрондық денсаулық сақтауды дамытудағы жұмысының маңыздылығын айтты. COVID-19-ға қатысты жағдай электрондық денсаулық сақтау мен телемедициналық коммуникацияларды дамыту бойынша өзара іс-қимыл туралы шешімнің дұрыстығын растағанын жеткізді.
«Электрондық денсаулық сақтауды дамыту жақын болашаққа арналған стратегиялық мақсат болып саналады. Осыған байланысты электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін одан әрі дамыту және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің трансшекаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігі, оның ішінде телемедициналық консультация жүргізу бөлігінде ерекше мәнге ие болады», деді А.Ғиният.
Электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобы ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде телемедициналық технологияларды қолдана отырып, медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде құқықтық реттеу мен бағдарламалық – техникалық мүмкіндіктерге салыстырмалы талдау жүргізген. Осы талдаудың нәтижелері бойынша кеңес одан әрі ынтымақтастықты қандай бағыт бойынша дамыту керектігін айқындауы қажет.
Сондай-ақ отырыс барысында қатысушы елдердің тиісті ведомстволарының өкілдері, оның ішінде Армения денсаулық сақтау министрінің орынбасары Артак Джумаян, Беларусь денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру бас басқармасы басшысының орынбасары – мамандандырылған медициналық көмек басқармасының бастығы Татьяна Санукевич, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Гүлнара Баатырова, Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Бехзод Мусаев, Ресейдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Михаил Мурашко, Тәжікстан денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Абдухолик Амирзода өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар қант диабетінің, онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу, туберкулездің таралуының алдын алу бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ұлттық қан қызметтерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, ТМД аймағында тұрақты даму мақсаттарын орындау, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және емдеу, цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті арттыру сынды мәселелер де ортаға салынды. Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдаудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы таныстырылды.
Кеңес отырысы аясында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен өткен «Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту» атты дөңгелек үстелде Қазақстан әлемдік үрдістерден тыс қалмайтыны, медицина саласы ауруларды анықтау, алдын алу, ден қою, бақылау саласында жаңа білімді қалыптастыру және практикалық шаралар әзірлеу үшін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланатыны айтылды.
«Пандемия Қазақстан үшін қоғамдық денсаулыққа байланысты төтенше жағдайларға дайындық және онымен күрес саласындағы процестер мен деректерді цифрландыруға көбірек көңіл бөлуге түрткі болды», деді А.Ғиният.
Ал министрліктің электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Фархад Бекболатов дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстанда іске асырылған бірнеше цифрлық жоба туралы хабардар етті. Еліміздің электрондық денсаулық сақтауды дамыту стратегиясы монополиясыздандыру және орталықсыздандыру қағидаттарына негізделген денсаулық сақтауды ақпараттандыру саласындағы шешімдердің ашық нарығын қалыптастыруға қайта бағдарланған болатын. 6 мыңға жуық мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінде медициналық ұйымдардың IT-инфрақұрылымы дамыған (98%), медициналық ақпараттық жүйелер (98,2 %), мобильді және веб-қосымшалар (20-дан астам) енгізілген, оларды интеграциялау жүзеге асырылған. Цифрлық трансформация аясында eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа сандық архитектурасына көшу жұмыстары басталды.
«Денсаулық сақтауды цифрландыру саласын трансформациялаудың негізгі міндеті министрліктің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру болып саналады. Бұл цифрлық денсаулық сақтаудың мақсатты архитектурасын құру, дербес медициналық деректерді рұқсатсыз жариялау және тарату қаупін болдырмау және медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу үшін қажет», деді департамент басшысы. Бұл ретте eHealth электрондық денсаулық сақтау архитектурасы азаматтардың денсаулығына арналған ұлттық электрондық паспортты толық және жан-жақты қалыптастыруға ықпал етеді. Медициналық қызмет көрсету сапасын бағалау үшін пациенттермен кері байланысты ұйымдастыру қажеттілігін ескере отырып, статистикалық деректерді жинау, сақтау және ұсынудың цифрлық технологияларына құрылған медициналық ұйымдар пациенттерінің қанағаттануын қадағалаудың әртүрлі жүйелері жоспарлы түрде енгізілуде. Сондай-ақ жақын арада медициналық бейнелер мен зертханалық зерттеулер үшін қойма құру, медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі, мемлекеттік медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін автоматтандыруды жүргізу жоспарланып отыр. eGovMobile мобильді қосымшасында жаңа «eGov.Densaulyk» бөлімі әзірленуде. Денсаулық сақтау саласына қатысты барлық ақпарат eGovMobile бір бөлімінде біріктіріліп, азаматтарға қолжетімді болады. Азамат өзінің медициналық деректеріне жылдам қол жеткізе алады, бұл медициналық көмек көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ отырыста Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері өз елдерінде цифрлық денсаулық сақтаудың дамуы туралы хабардар етті. Айта кетелік, форум аясында еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Бехзод Мұсаев екіжақты кездесу өткізіп, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша «Жол картасына» қол қойды.
Түркістан облысы