ІІМ Кинология орталығының басшысы, полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев қызмет түріне қарай иттер күдікті адамдарды, есірткі, жарылғыш заттар мен шабуылдаушыларды іздеуші иттер болып бөлінетінін айтады. Спикер қылмысты ашуда қызметтік иттің рөлі күн сайын артып келе жатқанын нақты деректермен дәйектей келе: «Елімізде соңғы 8 айда іздестіру иттерінің қатысуымен 4292 қылмыстың беті ашылса, оның 618-і есірткі қылмысы. Осылайша, 355 кило есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 6 кило 130 граммы синтетикалық заттар», деді.
Кинология орталығының басшысы биыл тамыз айында Алматы облысында өткен «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы аясында иісшіл иттің арқасында 290 грамм героин табылып, тәркіленгенін де мысалға келтірді. Орталық қызметкері иттердің адамды иісі, ізі арқылы табуға және жарылғыш заттар мен есірткі құралдарын іздеуге қалай үйретілетінін түсіндіріп өтті. Иттердің керемет иіс сезгіштік қасиеті одорологиялық сәйкестендіруге, яғни иістерді тексеруге мүмкіндік беріп, қылмыстардың ізін суытпай ашуға септесіп отырғанын да айтты.
«Кинология орталығы иттерді қызмет етуге машықтандырып қана қоймай, кинолог мамандарды да оқытады. Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан орталықта қызметтік иттерді сапалы дайындау үшін барлық жағдай жасалған. Жақсы материалдық-техникалық база құрылды, мұнда бельгиялық, неміс және шығыс еуропалық иттер өсіріледі. Жыл сайын қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қорғауды жүзеге асыратын 50-ге жуық қызметтік ит дайындалады. Сонымен қатар оқыту курсынан 150-ден астам кинолог пен сонша ит дайындықтан өтеді», дейді Нұсқабек Зауланбаев.
Арнайы дайындық бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Руслан Қанафин орталыққа погон таққан кинологтер арнайы оқу-жаттығудан өту үшін өз иттерімен бірге келетінін айтады. «Бастапқыда барлық ит сынақтан өтеді, басқа тілмен айтқанда, иттердің «таланттары» белгілі бір бағытта анықталады», дейді нұсқаушы.
«Бұл ретте барлық ит әлеуметтену мен бейімделуден өтеді, өйткені олар Алматыға климаттық жағдайы басқа өзге өңірлерден де келеді. Сонымен қатар кинологтер алдымен иттер ауырған жағдайда көрсетілетін медициналық көмек көрсету курстарынан өтеді. Сондай-ақ кинологтер иттерді оқыту тактикасына, мінез-құлқын темпераментін ажырата білуге дағдыланып, курс соңында сынақ тапсырады», дейді Руслан Қанафин.
Полиция капитаны үйретілген иттер есірткімен «тамақтандырылады» деген аңыздарды жоққа шығарды. Барлық оқу-жаттығу белгілі бір әдіске негізделген. Дәмді тазарту, ойын әдісі, басу әдісі және басқа да түрлері бар. Кеңінен тараған әдіс – доп қолдану ойыны.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне бельгиялық төбет Астра туралы бейнебаян көрсетілді. Асыл тұқымды иттер питомнигі бастығының міндетін атқарушы, полиция аға лейтенанты Асхат Алнұр өз қамқорлығындағы төбеттің жарылғыш затты қалай іздейтінін көрсетті.
Мамандар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, барлық қызметтік ит қоршалған арнайы аймақта ұсталатынын, үй жануарларын күніне 2 рет құрғақ жеммен асырайтындарын айтты. Кинологтердің айтуынша, қызметтік иттер 8 жылдан кейін «зейнетке» шығады. «Бірақ төбеттердің денсаулығы одан әрі қызмет етуге жараса, мерзім 10 жылға дейін созылуы мүмкін», дейді орталық қызметкерлері.
АЛМАТЫ