Ал өмірге егіз, не үшем келсе ше? Ата-ана қуанышы одан сайын еселене түседі. Құрманғазы ауданында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде әдеттегіден өзгеше іс-шара өтті. Ерекше дейтініміз, алғаш рет қолға алынған егіздер шеруіне 48 егіз бен бір үшем қатысты. Сахнаға қол ұстаса шыққан 99 баланың бәрі де өнерлі екен. Дөңгелене би биледі, әуелете ән салды.
Мәдениет үйінің директоры Жалғас Сағындықовтың айтуынша, бұл – аудан тарихындағы егіздердің қатысуымен өткен алғашқы іс-шара. Сол себептен егіздер мен үшемге ерекше құрмет көрсетілді.
– Бұл шеруді өткізудегі басты мақсатымыз – аудандағы егіздерді жұртшылыққа таныстыру. Сөйтіп, егіздерді көрсету арқылы тұрғындардың көпбалалы болуға ынтасын оятуды көздедік. Бұдан былай егіздер мен үшемнің арасында шынайы достық нығайып, бір-бірімен араласып тұрғанын қалаймыз, – дейді Ж.Сағындықов.
Егіздер мен үшемге тілі дәм үйіретін тәттілер мен «Тамаша» ойын-сауық кешеніне сертификат берілді.
Атырау облысы