20 Мамыр, 2014

Салада салмақты жетістіктер бар

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алуы және оларды жою саласындағы 2013 жылдағы және үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы қызметінің қорытындылары туралы есебі кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында тыңдалды. – Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында халықтың әлеу­меттік қауіпсіздігі және оның тұр­мыс жағдайы әлеуметтік сая­саттың басты бағыты ретінде ай­қын­далды. Жолдауда қойылған та­лаптарға сәйкес, Төтенше жағ­дайлар министрлігіне бірқатар мемлекеттік міндеттер қойылған және іске асып келеді, – деді вице-спикер. Бұл мәселелер депутаттар назарында екенін мәлімдеген С.Дьяченко осы жылдың сәуірінде «Азаматтық қорғау туралы» негізгі және ілеспе заңдар қабылданғанын және халыққа қажет заңға Елбасы қол қойып, күшіне енгенін қаперге салды. Бұдан кейін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко сөз алды. Министр 103 422 кәсіпкерлік объектіні (жеке кәсіпкерліктің 65 пайызын құрайды) тексеру тоқ­татылғандығын жеткізді. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі са­ла­сындағы тексерулер 46 пайызға, ал өнеркәсіптік тексерістер 42 пай­ызға азайған. Жалпы, 2013 жылы ТЖМ күштері 6 748 адамды құтқарып, төтенше жағдайлар ай­мағынан 6 651 адамды эвакуа­ция­лаған және 3 667 зардап шегушіге ал­ғашқы медициналық көмек көр­сетіпті. Министр жыл бойына әр тәу­лікте 100-ден 450-ге дейін шақы­ру­лар орын алғандығымен де бө­лісті. Дей тұрғанмен, 2012 жылмен салыстырғанда, табиғи және техногендік сипаттағы төтен­ше жағдайлар 2013 жылы 17,6 пай­ыз­ға, оның салдарынан зардап шек­кендер – 13,3 пайызға, қаза тап­қандар саны 15,9 пайызға азайыпты. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда көз жұмғандар саны 16,6 пайызға, ал зардап шеккендер 7,1 пайызға төмендеген. Бұл ретте қыс мезгілінде республика жолдарында 14 423 адам мен 5 366 бірлік автомобиль техникасы эвакуацияланғанын да айта кету керек. Ал тасқынға қарсы режімде жұмыс істеген Көксарай су реттегіші 3 млрд. текше метр су жинағаны белгілі болып отыр. Есіл өзенінің тасқынды суларынан елорданы қорғау мақсатында Астана (Вячеславск) су қоймасы арнасынан 120 млн.-нан астам текше метр су асып кеткендіктен, оны кешен сыйымдылығына қайта құю жүзеге асырылған. Бұдан басқа, апаттар медицинасы және санитариялық авиация жүйесін дамыту жалғасуда екені де аталмай қалмады. Апаттар медицинасы орталығы есепті кезеңде 3 305 шығу жасады, 4 054 зардап шеккенге медициналық көмек көрсетті, емдеу мекемелеріне 1 213 адам жатқызылған. Республикалық маңызы бар авариялы автомобиль жолдары учаскелерінде жұмыс істеп жатқан 12 күре жол медициналық-құт­қару пункттеріне қоса, тағы 14-і пайдалануға берілгендігін жет­кізген министр олардың күш­терімен есепті кезеңде 903 шығу жүзеге асырылып, 2 680 зардап шеккенге көмек көрсетілгендігін де қаперге сала кетті. «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде санитарлық авиацияны дамыту мақсатында 14 ЕС-145 тікұшағы мен 2 Ка-32 тікұшағы сатып алынса, тікұшақтар әр облыс ор­талықтарында тәулік бойы кезекшілікте тұрады екен. Үш медициналық пойыз 2013 жылы барлық облыстардың 300 шалғай стансасының 64 418 тұрғынының денсаулығын тексеріпті. Апаттар медицинасының теміржол гос­питальдарында 2013 жылы 57 258 ауру емделсе, 2 миллион адам қаралып, 12 361 операция жасалғаны мәлім болды. ТЖМ тез ден қою күштерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2013 жылы 4 бірлік ЕС-145 тікұшағы, 166 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құт­қару техникасы сатып алынған. Министрлік қызметкерлері тұ­рақты негізде Көкшетау техни­калық институтында, Ақтөбе өңір­лік орталығында, Азаматтық қор­ғаудың республикалық оқу-әдістемелік орталығында білік­тілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өтеді. Барлығы 252 адам, 99 курсант Мәскеу, Санкт-Петербург және Минск қа­лаларындағы ТЖМ институттарында оқуда. Және де Алматы қаласында өрт сөндіру-қолданбалы спорт бойынша 10-шы әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр екен. Министрлік 6 ірі зілзаладан зардап шеккен шет мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетіпті. 2013 жылы Гватемалаға, Ау­ған­станға, Ливанға, Шри-Ланкаға ақшалай баламада тамақ өнімдері түрінде 978 мың АҚШ доллары шамасында көмек көрсетіліпті. Ауғанстанға 1 миллион 985 мың 917 доллар көлемінде тамақ өнім­дері жөнелтілсе, Ресей­дің Благовещенск қала­сында 240 орынға арналған ба­ла­бақ­шаны салуға 379,3 миллион теңге бөлінген. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин аталған тақырыпқа қосымша баян­дама жасады. Комитет төрағасы Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында қар суынан елді мекендердің зардап шеккендігін жеткізіп, Қарағанды облысындағы жағдайды еске салды. Осыған орай су қоймаларына мемлекеттік бақылауды күшей­ту мақсатында тиісті норма­лар енгізіліпті. Сонымен қатар, ауылдық аймақтар өрт сөн­ді­ру бөлімшелерінен алшақ орна­лас­қандықтан, олардың қызметі жете бермейтіндігі де аталмай қалмады. Сондықтан да қосымша өрт сөндіру орындары құрылып, судан құтқару стансаларының жұмысы бір ретке келтірілуі тиіс. Баяндамалар аяқталысымен депутаттар министрге көптеген сұрақтар қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары қорытты. Сөз соңында айтарымыз, Үкімет сағаты ұзаққа созыла қоймады. Оған министрдің жан-жақты дайындалып келгені себеп болды. Оның үстіне, депутаттық корпус бұл саланың дамуына әрқашан заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсететіндігін де білдіріп жатты. Артынан Үкіметке бір­қатар ұсыныстар жобасы дайындалды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».