Адамзат дамуының тарихында айрықша орын алатын ХХ ғасыр аяғында ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болды. Тарихтың шешуімен, тағдырдың жазуымен өзінің байырғы ата-бабасынан келе жатқан ата жұртында қазақ халқы да шаңырақ көтеріп, ту тікті. Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мүшесі болып, мемлекеттік рәміздерін анықтады. Мемлекеттік шекарасын белгіледі, ұлттық теңгесін шығарды. Әлем алдында қазақ халқы өзге халықтармен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатын болды. Жаңа дәуір қарсаңында қазақ деген ұлт барын, ол құрған зайырлы тәуелсіз мемлекет барын бар әлем тани бастады. Ғасырлар бойы бабалар аңсаған тарихтың сындарлы сағатында жаңа құрылған мемлекетті басқарудың ұлы миссиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жүктелді.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Баянды болашаққа, берекелі тірлікке кәміл сенген көп ұлтты Қазақстан халқының таңдауы солай болды. Елінің қолдауына ие болған Елбасы қара нар көтере алмас ауыр міндеттерді мойнына алып, аз уақыттың ішінде мемлекет басқару институттарын толық қалыптастырып, үлкен абыроймен, кең қолдаумен ХХІ ғасырдың табалдырығынан батыл қадаммен аттады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында заман міндеттеген қиын тапсырмаларды толағай табыспен орындаған Қазақ елінің Президенті сол тәуелсіздіктің жиырма жылдығының қарсаңында жаңа белестерге құлаш сермеді. Еліне жаңа бағыт сілтеп, халқына жаңа міндеттерді қойды.
ХХІ ғасырдың екінші онжылдығынан аттаған адамзат баласының алдында бүгінгі таңда жаңа міндеттер тұр. Ендігі дәуірде мемлекет, халық, ел, ұлт секілді ұғымдардың мән-мағынасы өткен ғасырлардағыдай сақтала ма, әлде өзгере ме? Жаһандану деген алып күш қайдан пайда болды және онымен қалай күресуге болды? Ұлттық мәдениет деген түсініктің шеңбер, аясы қай көлемде қалады? Ол барлық мемлекеттер үшін бір бола ма? Міне, осы секілді өзекті, ел мен жер тағдырына қатысы бар көкейкесті мәселелер қазір саналы адамның барлығын толғандырады. Мемлекеттің даму стратегиясын бір емес, бірнеше онжылдықтарға ілгері жоспарлай алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің таңы енді атқан кезде “Қазақстан-2030” атты даму стратегиясын ұсынды. Бұл тарихи құжат балғын, буыны бекімеген жас мемлекетке темірқазықтай бағыт берген аса маңызды бағдарлама болғанын уақыттың өзі дәлелдеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның бүгіні мен болашағы жайында ой қозғағанда үнемі оның көне тарихына шолу жасап, одан тағылым алу қажет екенін ескертіп келеді. Бүгінгі мемлекет еліміздің орнында ерте заманнан бері қандай өркениеттер салтанат құрғанына “Тарих толқынында” атты кітабында жан-жақты талдау жасағаны соған дәлел. Аталған еңбегінде Елбасы қазіргі Қазақстан шеңберіндегі руханият дамуының алты мың жылдық тарихын қарастырады. Онда, яғни ежелгі арийлердің заманынан бастап, Таңбалы қонысы, Есік пен Бесшатырдағы қорғандар, Сақ, Ғұн тайпалары, Түркі қағанаты, араб-ислам рухының тегеурінді толқыны, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауидің феномендері, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығының құрылуы мен тағдыры, қазақтардың туған жері үшін жанкешті соғыстары, Ресей империясының отарындағы кезең, кеңестік тоталитарлық қоғамдағы қазақ ұлтының тағдыр-талайы – бәрі-бәрі хронология бойынша рет-ретімен тізбектеліп беріледі.
Қазақ халқы өзінің болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан далалық дүниетанымын, тілі мен ділін, мәдени ерекшелігін, рухани құндылықтарын шашасын шығармай, шашып-төкпей болашақ ұрпаққа қалай жеткізе алады? Бұл сұраққа берер жауап: қазақ атты халықтың болашағы жарқын болу үшін, ең алдымен, оның тарихи Отаны, атажұртында пайда болған Қазақ елі атты тәуелсіз мемлекеттің келешегі кемел, баянды болуы тиіс. Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан Қазақстан мемлекеті халқының саны аз екенін мойындаймыз. Осы өлкедегі жер асты, жер үсті байлығына қызыға қарайтын алпауыт мемлекеттердің бар екені де рас. Отанымыздың геосаяси жағдайы, жан-жағынан күшті мемлекеттер қоршаған қазіргі қалпы оған мейлінше сабырлы әрі ақылды саясат жүргізуге шақырады. Бұл орайда біздер үшін тегіміз бір туыстас халықтармен саяси, мәдени, ғылыми, сауда-экономикалық ынтымақтасу жолдарын көбірек іздегеніміз пайдалы. Осындай бірліктің нәтижесінде, біріншіден, түркі тілдес халықтар және негізін түркі тілдес ұлттар құрайтын мемлекеттердің болашағы мейлінше ғұмырлы болады. Екіншіден, аталған интеграцияланудың арқасында түркі тілдес халықтар әлемге түркі мәдениетін, көшпелі өркениет құндылықтарын ортақтасып таныстыра алады. Әрбір тегі түркі халықтар тарихы бір екенін қаншалықты мойындаса, болашағы да ортақ екенін соншалықты түсінуі қажет, деп білеміз.
Осы жерде тарихтан ғибрат алу үшін оның қойнауына тағы да шолу жасасақ. Жарты әлемді жаулап алып, алып Еуразия кеңістігін тітіренткен Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейін оның орнына негізі түркі тектес жеке мемлекеттер пайда болды. Олар: Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-Тархан хандығы, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы, Ұлы Орда. Заманымыздың заңғар жазушысы, терең білімді тарихшы Мұхтар Мағауин “Қазақ тарихының әліппесі” атты кітабында: “Сөйтіп, жарым жалғанға билік құрған Алтын Орда өзара тәуелсіз жеті бөлікке бөлінді. Бұлардың жерінің көлемі, халқының саны, даму дәрежесі мен күш-қуаты әртүрлі деңгейде болатын. Бірақ қай-қайсысы да өз туының астында, өз бетімен ел болып тұрарлық дәрежеге жеткен. Тек туыстық, бауырластық өзара көмек керек еді”, – деп жазып, олардың ынтымағының болмағанына өкініш танытады. Біле білсек, Алтын Орданың аталған мұрагерлері бір-біріне бауырмалдық қолдау білдірмегеннен кейін бірінен кейін бірі күшейіп алған Ресей империясының аузына жұтылып кетті. Әуелі 1552 жылы Қазан хандығын тізе бүктірген Ресей – “бөліп ал да билей бер” деген саясатын берік ұстанып, түркі тектес халықтардың басым бөлігін үш ғасырдың ішінде бодан елге, олар мекен еткен алып өлкені отар жерге айналдырды. “Амал не, діні бір, тегі бір, әдет-ғұрпы ортақ, тілінде болмашы ғана айырма бар туыстас түрік-қыпшақ тайпаларының бауырмалдығы іргедегі қатерді көрмей, өзара қырқысқа бейім тұрды”, – деп жазады жазушы М.Мағауин.
Кеңес одағы Ресей империясының заңды жалғасы ретінде отарланған аймақтарын темір құрсауда ұстап тұруға тырысты. Отарланған халықтардың тарихи санасын, ұлттық рухани болмысын өшіруге күш жұмсады. Алайда тарих өзгеше шешім қабылдады. Байырғы Қазақ хандығының мұрагері – Қазақ елі деген мемлекет қайта түледі. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Қазақстаннан бөлек Кеңес Одағынан: Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді негізгі халқы түркі тектес республикалар бөлініп, жеке шаңырақ көтерді.
Елбасы әлемдік кеңістік аясында түркі дүниесінің алатын орны туралы үнемі айтып келе жатыр. Дүниежүзілік қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген халық жеке-жеке кетсе өзінің мәдениетін, болмысын жоғалтып алуы мүмкін. Ал рухани бірлігі бар мемлекеттер экономикалық шарттарын жақындастыру арқылы әлемдік интеграциялық жүйеге кіріге отырып елдердің іргесін мықтап, мәдениетін орнықтыра алады. Орталық Азиядағы мемлекеттердің арасында экономикалық бірліктің болуы, шекарадан өту барысында жеңілдіктер жасау, ортақ валютаға қол жеткізу, ортақ рухани кеңістіктерді қалыптастыру – осылардың әрқайсысы туралы Президент Н.Назарбаев үнемі мәселе көтереді. Бұл нені көрсетеді? Бұл Елбасының келешекке әрқашан сергек қарайтынын, ұзақ мерзімді саясатты болжай алатын үлкен қабілетін байқатады.
Қазіргі кезде Еуропа халықтарының, славян халықтарының қоғамдық ұйымдары жұмыс істейді. Сол секілді араб елдерінің арасында да ортақ мүдде көздейтін ондай құрылымдар бар. Міне, осы мәселені өте жақсы түсінген Елбасы түркі тектес халықтар арасында да ынтымақтасудың жаңа сатысына жету туралы жиі айтып жүрді. Соның нақты көрінісі – Нахчыванда өткен түркі халықтарының саммитінде түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін Түркі дүниесі академиясын құру туралы инициативасы еді. Бұл ойын кейін Анкараға ресми сапармен барған кезде одан әрі өрбітіп, нақтылы келісімдерге қол жеткізді. Нахчыванда өткен саммиттің қорытындысы бойынша Президент Қазақстан Республикасының Үкіметіне нақты тапсырмалар берді. Онда 2010-2011 жылдар аралығында орындауға тиісті нақты іс-шаралар көрсетілген. Президенттің тапсырмасының ішінде Қазақ елінде Түркі дүниесі академиясын (Түркі әлемін зерттейтін орталық) құру, сондай-ақ Түркі кітапханасы мен Түркі тарихының музейін де жақын уақытта ұйымдастыру керектігі айтылған.
Елбасының үлкен бастамасы – Түркі дүниесі академиясын құрудың қандай тиімділігі бар? Біріншіден, біз дүниежүзілік интеграцияға қазақ мәдениеті, өзбек мәдениеті, түрік әдебиеті, түркі тарихы сияқты нәрселермен кіре аламыз. Бұл – өз алдына жеке шаруа. Бірақ біз жалпытүркілік өркениет ретінде соның бәрін тұтастай пайымдап, зерделеп, славян мәдениеті, қытай өркениеті, роман-герман халықтарының өркениеті деген сияқты бір өркениет ретінде әлемдік мәдениет тарихынан өз орнымызды көрсетуге мүмкіндік аламыз. Аталған игі шараның екінші жағы: кез келген мемлекет егер ол болашаққа көз жіберіп, үлкен дамудың даңғыл жолына түскісі келетін болса, тегі жағынан ынтымақтасу мәселесін назардан тыс қалдырмағаны абзал.
Кеңестік дәуірдің дүрілдеп тұрған заманында Мәскеуде Кеңес түркологтарының комитеті болды. Ол комитет жыл сайын түркі тілдес халықтардың өкілдерін жинап, үлкен жиындар өткізіп отырды. Комитет түркологиядағы істеліп жатқан жұмыстарды жыл сайын қорытындылап, алдағы міндеттерді белгілеп берді. Кезінде оның органы “Советская тюркология” журналы Бакуде тұрақты түрде шығып тұрды. Міне, сол кеңестік дәуір тарағалы бері мұндай функцияны ешкім қолына алған жоқ. Қазір біздің Елбасы Н.Ә.Назарбаев түркі халықтарының арасында түркология мәселесімен тыңғылықты айналысатын орталықтың болуын қалайды. Бұл – пантюркстік пен ұлтшылдықтан ада, оларды насихаттамайтын, керісінше түркі халықтарының тарихи, табиғи қалыптасқан тамырының бір екенін зерттейтін іргелі ғылыми орталық болмақ.
Бірақ осындай орталықты ұйымдастырғанда біреудің мүддесін аяққа басып, болмаса басқаша бір көзқарас тұрғысынан қарастырып емес, жұмысты таза ғылыми негізге қою арқылы зерттеу ісі жүргізілмек. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Түркі әлеміне деген Елбасының тұтастай көзқарасы қазіргі әлемдік интеграциялық, инновациялық заманға сәйкес қалыптасып отыр. Көп ұлтты Қазақстан халқының өзара достығы, олардың ұстанып отырған діндер арасындағы өзара келісімділігі – түркі халықтарының арасында да орнықса деген Елбасының игі тілегі бар.
Түркі дүниесі академиясы осындай үлкен жемістер беретін болса, бұл сөз жоқ, өткен тарихымызды, мәдениетімізді қазіргі дүниежүзілік даму процесінің аясында зерделей отырып, мұнан кейінгі болашақтағы даму ерекшеліктерімізді, оның жолдарын, тәжірибесін анықтауға, айқындауға септігін тигізеді.
ТҮРКІ ДҮНИЕСІ АКАДЕМИЯСЫ НЕГЕ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ АШЫЛАДЫ?
Түркология – кешенді ғылым. Оның негізі он сегізінші ғасырда қаланып, біздің заманға дейін аталған сала бойынша біршама іргелі зерттеулер жазылды. Алайда кейінгі уақытқа дейін түркі әлемінің тарихы батыстың немесе шығыстың мүддесі тұрғысынан, солардың идеологиясы ұсынған концепциясы аясында зерттеліп келді. Бүгінгі таңда тәуелсіз түркі тектес мемлекеттер өздерінің өткен дәуірін қайта жазуға мүмкіндік алған заманда түркілердің ортақ тарихын да бірлесе түгендеуге, ондағы ұлы рухани және материалдық ескерткіштерді насихаттауға, әлем алдында түркі мәдениеті деп таныстыруға лайық құндылықтарды көрсетудің уақыты жетті деп айта аламыз.
Жоғарыда атап өткен Әзірбайжанның Нахчыван қаласында болған түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІX саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Түркітілдес мемлекеттер Еуропа мен Азия арасында көпір болуға тиіс... Түркі әлемі шеңберіндегі серіктестік ешбір басқа мемлекеттерге қарсы бағыт ұстамағаны және болашақта да ұстамайтыны ақиқат” деген сөз айтты. Қазақ елінің басшысы мәселе етіп көтерген бұл ой барлық түркі тектес ұлттардың санасына сәуле салды деп айта аламыз. Түркі тамырлас ұлттар, түркі тектес мемлекеттер бүгінгі таңда ұлы таңдау, ұлы тарихи миссия алдында тұрғанын мойындайды.
Түркі дүниесі академиясын құрудағы басты мақсат – түбі бір туыстас ұлттардың басын біріктіре алатын, олардың тарихи, мәдени, рухани мұрасын зерттейтін ғылыми орталықты ұйымдастыру. Түркі тамырлас тарихи тұлғалардың өмір жолын, олардың әлемдік ғылым мен өнерге, әдебиетке қосқан үлес салмағын айқындап, бүгінгі түркі тектес барлық халықтардың бойында мақтаныш сезім ұялатуды асыл мұрат деп табу.
Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ мемлекетінде жүзден аса ұлт өкілдері бейбіт өмір сүреді. Ұлттық негізге құрылған Қазақстан мемлекетінде негізгі ұлт – қазақтар. Ендеше, қазақтай тәуелсіздіктің баянды болуын тілейтін Қазақстанда ұлт жоқ екені де ақиқат. Қазақ елінің туы жығылмауы үшін алдымен қазақтар ұлт ретінде сақталу керек, қазақтар жойылмас үшін Қазақстан мемлекеті жасай беруі тиіс. Жоғарыда сөз еткеніміздей, жаһандану үрдісі бүгінгі таңда өріс алды. Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Оны образды түрде таудан көшкен селге теңесек, оның екпініне іргетасы мықты, қабырғасы қалың зәулім сарайлар ғана шыдамақ. Ендеше, күш біріктіріп, кез келген апатқа төтеп беретін берік іргемізді көтергеніміз ләзім. Түркі тектес ұлттар тарихын, рухын жаңғырту керек болып тұр. Бұл іске қазақ ұлты қол созды. Болашақта Қазақ елінің астанасында құрылғалы отырған Түркі дүниесі академиясы – соның бір дәлелі деп санаймыз.
Түркі дүниесі академиясының қазақ топырағында ұйымдастырылуының тарихи-мәдени, моральдық-этикалық, саяси-экономикалық, ғылыми-интеллектуалдық, діни-конфессиялық негіздері бар. Біріншіден, кең байтақ қазақ даласы – ежелгі Сақ, Ғұн, Түркі империялары салтанат құрған кеңістік. Адамзат тарихында жылқыны алғаш қолға үйреткен ғажайып көшпелі мәдениетті өмірге әкелген бұл жердің байырғы тұрғындарының бүгінгі ұрпағы – қазақтардың түркі әлеміне осылайша үн тастауға, олардың алдында зерделі ой көтеруге толық құқығы, тарихи негізі бар екеніне ешкім күмән келтірмейді. Қазақтың сөзіне түркі жұртшылығы құлақ артады, себебі қазақ ұлты атажұртта, қарашаңырақта отыр.
Екіншіден, қазіргі түркі халықтары біркелкі саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларда дамып отыр дей алмаймыз. Көптеген шағын түркі тілдес ұлттардың болашағы күмәнді екендігін жоғарыда көрсеттік. Өткен ғасырдың аяғында Кеңестер одағы секілді алып империя ыдырап, оның орнына бірнеше дербес мемлекеттер пайда болғанда түркі әлемінде үлкен серпіліс орын алды. Бауырлас түркі халықтарының басы бірігуге енді кедергі қалмады деп сенді көпшілік. Алайда, алғашқы кезеңдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық қиындықтар, жаңа мемлекетті ұйымдастырудағы уақыт күттірмейтін маңызды шаралар түркі тектес халықтардың интеграциялануына кедергі жасады. Бүгінгі таңда жаңа заманда жаңа міндеттерді алдына қойған тәуелсіздікке қол жеткізген түркі тектес мемлекеттер арасында экономикасы қарқынды ілгерілеп отырған Қазақстан екенін түркі әлемі мойындайды. Сондықтан оның Түркі дүниесі академиясын қаржыландыруға, оны материалдық-техникалық тұрғыдан ұйымдастыруға қауқары толық жетеді.
Үшіншіден, Қазақстан Республикасының географиялық, геосаяси жағдайы, оның Қытай, Ресей секілді алып мемлекеттер арасында орналасуы түркі халықтарының ғылыми орталығы болуына әбден ыңғайлы. Мыңдаған жылдар бойы Ұлы Жібек жолы арқылы Қытай елі батыстағы мемлекеттермен қарым-қатынас жасап келді. Батыс пен шығыс арасында алтын көпірге айналған, көршілеріне өзінің мәдениетін мойындатқан түркілердің тарих сахнасындағы бағы ХХІ ғасырдың басында қайта жануда. Қытай мемлекеті бүгінгі таңда жыл сайын қарқынды дамып жатқанын мойындасақ, тарихи мүмкіндікті күллі түркі әлемі, соның ішінде алдымен қазақ ұлты қалт жібермеуі тиіс деп білеміз.
Төртіншіден, Қазақстандағы түрколог ғалымдардың ғылыми әлеуеті, білімі мен біліктілігі Түркі дүниесі академиясы секілді халықаралық үлкен ғылыми орталықтың қызметін басқаруға, жоспарлы жұмыстарын жүргізуге толық жетеді деп есептейміз. Бүгінгі Қазақстандағы түрколог мамандардың көбі Ресей мектебінен өткен ғалымдар. Түркологияның бірден-бір үлкен орталығы болған кешегі кеңестік мектептің тәлім-тәрбиесін көрген, зерттеу жүргізу принциптерін ұстанған отандық ғалымдарымыздың түркі әлеміне айтар табанды пікірі, салиқалы сөзі бар екені даусыз. Әлемдік ғылыми зерттеу жүргізудің алғышарттарын берік ұстана отырып, ұлттық мазмұнда, ұлттық мүддені бірінші орынға қою арқылы кешенді инновациялық ғылыми жұмыс атқаруымыз керек. Азат рухты, терең білімді, таза текті, намысы берік, иманы кәміл, ұлт мүддесін алдыңғы орынға қоятын қазақ ғалымдары мұраты биік жауапты істі тарих алдында абыроймен атқара алады.
Бесіншіден, қазақтың даласы – ежелгі заманнан бері мәдениеттердің тоғысқан алаңы. Кімдер келіп, кімдер кетпеді бұл алып өлкеге. Қандай күш сырттан келіп сұқтанса да, қазақтар қиындыққа төзе білді, сөйтіп, өзіндік ұлттық ерекшелігін, көшпелі мәдениетін, дүниетанымы мен салт-дәстүрін сақтай алды. Сонымен қатар, қазақтардың мінезі мекен еткен даласындай дарқан, пейілі мен қонақжайлығы жайған дастарқанындай кең екені әмбеге аян. Қиын-қыстау заманда осы жерге күшпен қоныстандырылған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырмал қазақ ұлты құшағын жайып қарсы алды. Сондағы бауырмалдығының жемісін қазақ елі бүгін көріп отыр. Биылғы жылы қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуының бір себебі де оның кезінде жасаған кеңдігінен деп айтуға болады. Жүз отыз ұлт пен ұлыстың тілін таба біліп, дінаралық келісім арқылы бейбіт те берекелі қоғам орнатқан Қазақстан Республикасы түркі халықтарының да басын біріктіре алатынына кәміл сенеміз.
Түркі дүниесі академиясының басты мұраты – алдымен, бүгінгі барлық түркі тектес ұлттардың тарихына, тіліне, салт-санасына, мәдени, рухани, материалдық құндылықтарына бөле-жармай бірдей қарау, бір түркі тілдес ұлтты екіншісінен төмен санамау, қайсысының әлемдік өркениетке қосқан үлес салмағы зор, қайсысынікі төмен демеу. Керісінше, барлық түркі тектес ұлттар үшін ортақ құндылықтарды алға тарта отырып, әлемдік деңгейде түркі мәдениетінің өзіндік орнын анықтау. Сол арқылы барлық түркі халықтарының басы бірігу үшін нақты зерттеулер жүргізу.
Түркі дүниесі академиясының зерттеу нысандарына негізінен түркі халықтарының тарихы, тілі және әдебиеті жатады. Бүгінгі заманға дейін жекелеген түркі халықтары түркілердің ортақ тарихын тар шеңберде, өздерінің бөлек ұлттық деңгейінде қарастырып келгенін мойындауымыз керек. Асылында ежелгі түркі тарихы қазіргі көптеген түркі тектес ұлттардың ортақ тарихы болғаны абзал. Осындай олқылықтардың орын алмауын қазіргі түркология ғылымы қадағалауға тиіс деп есептейміз. Тарихи-әлеуметтік құбылыс болып саналатын тілдің пайда болуы, даму эволюциясын түркі әлемі шеңберінде қарастыру – Түркі дүниесі академиясының алдына қойған негізгі ұстанымдарының бірі. Түркі тілінің шығу негізін Орхон-Енисей жазбаларымен шектемей, оның арғы ғұн дәуіріне қатысын жан-жақты зерттеу бүгінгі түркологияның басты міндеттерінің бірі. Аталған мәселеге байланысты әлі де ашылмаған аралдар бар екені даусыз. Бүгінгі ғылым ғұндардың түркі тілдес болғандығын дәлелдейді. Ғұндар заманы мен түркілер дәуірі арасындағы кезеңнің сыры, осы мезгілдегі түркі тілінің даму, өзгеру фактісі қаншалықты болғанын толық саралау керек. Әдебиет мәселесіне тоқталсақ, бізге бүгін байырғы түркілердің бай әдеби мұрасының сілемдері ғана белгілі болып отырғанын жасыра алмаймыз. Біршама зерттелген Орхон-Енисей жазбаларының арғы жағындағы ғұн, сақ заманында өмірге келген рухани мұраның жанрлық, көркемдік сипаты, идеялық мазмұны әлі де толық ажыратылмай жатыр. Қаншама әдеби, рухани құндылықтарымыз Қытай жазбаларында өз зерттеушісін күтіп тұр.
Қазіргі түркология ғылымының зерттеу аясын тарих, тіл, әдебиет, этнография, мәдениет, нумизматика, картография, дін, деректану, ономастика, география, педагогика, психология, т.б. салалар бойынша кеңейтуді талап етеді. Түркология ғылымының жаңаша түлеуі, заманға лайық дамуы – барлық түркі тектес ұлттар үшін аса зәру қажеттілік.
Кешегі Кеңес өкіметі өзінің құрамындағы түркі тілдес республикалар аралығында қандай да болмасын ынтымақтасуға жол бере қоймады. Алаш қайраткерлері аңсаған, Мұстафа Шоқай сынды біртуар перзентіміз тілеген түркілік бірлікті жақтырмады. Әсіресе, Мәскеу Орта Азия кеңістігінде мекен ететін түркі халықтарының Түркия мемлекетімен мәдени, шығармашылық, басқа да бір байланыс орнатуға түбегейлі жол бермеді. Ондай мүмкіндік осы республикалар егемендігін жариялағаннан кейін ғана туғанын біз бүгін көріп отырмыз. Түркі тілді мемлекет басшыларының ең алғашқы басқосуы 1992 жылы Анкара қаласында өтті. Содан бері он сегіз жыл ішінде бауырлас мемлекеттердің президенттері 1994 жылы Ыстамбұлда, 1995 жылы Бішкекте, 1996 жылы Ташкентте, 1998 жылы Астанада, 2000 жылы Бакуде, 2001 жылы Ыстамбұлда, 2006 жылы Антальяда бас қосып, түркі әлеміне қатысты келелі мәселелерді қарастырып келді. Алайда, түркі халықтарының тарихында өткен 2009 жыл ерекше бедерленіп қалады деген ойдамыз. Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен түркі дүниесі лидерлерінің саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) құрылғаны – түркі халықтары үшін аса маңызды тарихи уақиға. Осындай кеңес құру үшін түркі мемлекеттері он сегіз жыл уақыт кетірді. Әрине, ол жылдар ішінде басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды. Бірақ ол құжаттардың бәрі де аталған Кеңесті өмірге әкелу үшін жасалған қадамдар деп санаймыз. Біле білсек, 2006 жылы Антальяда өткен түркітілдес мемлекет басшыларының саммитінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясын және Ақсақалдар кеңесін құру қажеттігін ұсынған болатын. Міне, бүгін біз сондағы көреген саясаттың жемісін енді көріп жатырмыз. Яғни, бірте-бірте Елбасының ұсыныстары түркілік әлемде қолдау тауып, жүзеге асып жатыр.
Кейінгі жылдары Орталық Азияны мекен ететін түркітілдес мемлекеттердің саяси-экономикалық жағынан күшеюінің куәсі болып отырмыз. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары түркі әлемінде Түркия мемлекетінің үні басымырақ шығып, түркі дүниесіне қатысты негізгі ұсыныстар мен шешімдерді сол ел қабылдап келсе, кейінгі уақытта Қазақстан секілді жаңадан тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттің түркі әлеміндегі салмағы біршама артты. Біз бұл жерде өзіміздің бауырлас мемлекеттерімізбен ешқандай бәсеке мәселесін сөз етіп отырғанымыз жоқ. Қайта, керісінше, түркітілдес жеке мемлекеттің күшейгені жалпы түркі әлемінің күшейгені деп есептейміз.
Қазіргі Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында көшбасшы мемлекетке, оның Президенті Н.Назарбаев түркі әлемінің лидеріне айналғаны – біздің елімізде де, алыс-жақын шетелдерде де мойындалған шындық. Түркия Президенті Абдулла Гүл өткен жылы қазан айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа өз елінің жоғарғы наградасы – Түркия Республикасының Құрмет орденін тапсырғанда: “Президент Нұрсұлтан Назарбаев – аса көрнекті мемлекет қайраткері. Оның басшылығымен Қазақстан орасан зор табыстарға қол жеткізді. Ол көршілес елдермен мемлекеттік шекаралардың делимитациясын жүргізе алды. Экономика, энергетика саласында бауырлас еліміздің серпінді ілгерілеуін қамтамасыз етті. Ол Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына да шешуші үлес қосты. Біз Қазақстан астанасында, Түркиядан сырт жердегі Ататүрікке арналған алғашқы ескерткіштің ашылғанын мақтан тұтамыз”, – деді.
Абдулла Гүл кеше ғана түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып тұрып, оны жалпақ әлемге түркі дүниесінің көшбасшысы деп жариялады.
Бұл – жалғыз Түркия мемлекеті басшысының ғана емес, сондай-ақ бауырлас түркі ағайындардың, жалпы түркі әлемінің біздің Президентке берген әділ бағасы, қазақ елінің мерейін асқақтататын ғажайып тарихи уақиға.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.