Бұл жобаның аясында ахуал орталығы мен мәліметтерді өңдеу орталығы құрылғанын айта кеткен орынды. Тұтастай алғанда, қала бойынша 1,5 мыңдай бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір барлық бақылау жүйесі сынақ режімінде жұмыс істеп жатыр.
«Облыстық Полиция департаментімен кеңесіп, «Сергек» бейнебақылау жүйесін 1 қазаннан бастап іске қосуды ұйғардық. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалауға арналған 1551 камера орнатылды. 775 камера қоғамдық қауіпсіздікті және 776 бейнебақылау аппараты жол қауіпсіздігін бақылайды.
Бейне материалдар бойынша деректерді сақтау 30 күнге, фото-айыппұл бар суретті 3 айға дейін сақтау көзделген және метеодеректер шамамен бір жылдай сақталады», деді «Көркем телеком» компаниясының Семейдегі филиалының директоры Рүстем Елубаев.
Осы жобаның аясында полиция қызметкерлеріне «Сергек Қорғау» мобильдік қосымшасымен жұмыс істеу үшін 100 планшет алыныпты. Аталған мобильді қосымша жолдағы «Сергек» жүйесіне біріктіріліп, жалған нөмір таққан, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғандарды, сондай-ақ іздеудегі көліктерді анықтауды оңтайландыра түседі дейді құзырлы орган өкілдері.
«Мұндай көліктер жөніндегі ақпарат операторға жіберіліп отырады. Жедел алдын алу шаралары кезінде полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, қажетті шара қолданатын болады. Жол ережесінің бұзылуын тіркеу автоматты режімде жүзеге асады.
Қазақстандық мамандар дайындаған бағдарлама арнайы алгоритмге сәйкес заң бұзушылықты анықтайды. Бұдан кейін полиция қызметкері тексеру жүргізіп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы ұйғарымға қол қояды. Барлық факті Бас прокуратураның құқықтық статистика және Арнайы тіркеу комитетінің әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне бірден тіркеледі», деді құзырлы орган мамандары.
Алдағы уақытта Деректерді өңдеу орталығының қызметі кеңейеді деп көзделіп отыр. Қала әкімінің міндетін атқарушы Димитрий Гариков айтқандай, қазір бейнебақылау камералары 88 оқу орны мен шаһардың бірқатар шағын ауданында жұмыс істеп тұр.
«Бұдан басқа, мұнда тағы бір қызмет – Komek 109, яғни барлық қалалық коммуналдық кәсіпорынның бірыңғай апатты қызметі орналасатын болады. Қала көшелерінен түсетін ақпарат орталық пультке келіп, кері байланыс орнайды. Алдағы уақытта осы жүйе Семей және бүкіл өңір бойынша жұмыс істейтін 112 қызметімен біріктірілмек. Оның құрылымына 101, 102, 103 қызметтері қосылады», деді Д.Гариков.
«Сергек» жүйесі оқиға орнына жақын орналасқан патрульдік және қызметтік автокөліктерді анықтап, оларды хабарландырып отырады деп нақтылады әкімдік өкілдері.
Абай облысы