«Шың Шысай кеңес одағымен «достасу» саясатын жүргізді. Өзі кеңес одағы большевиктер партиясына мүше болды және Қытай (жұңго) коммунистік партиясына кіруді өтініш етті. Осы кезде кеңес одағынан бірсыпыра марксизм-ленинизм шығармалары, әртүрлі ғылыми, әдеби кітаптар Шыңжаңға таралды. Алматыдан, Ташкенттен баспа машиналары әкелініп, Шыңжаңда ұйғыр, қазақ тілдерінде тұңғыш газеттер шығарылды. Сол кезде Шыңжаңның жер-жерінде ашылған ұйғырша, қазақша жаңаша мектептердің оқулықтары да түгел кеңес одағынан әкелінді» («Қазақ әдебиетінің тарихы». Шыңжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл. 5-бет).
1935 жылы Іледе қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шығып, оны ақын Таңжарық Жолдыұлы басқарды. Алтайда Шəріпхан Жеңісханұлы Көгедаев 1934 жылы кеңес одағынан баспа машинасын алдырып, 1935 жылы қазіргі «Алтай газетінің» тұңғыш саны «Шыңжаң Алтай газетін» шығарды. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Сталин мен Шың Шысай арасы қожырады.
Алайда 1944 жылғы Шығыс Түркістан республикасының құрылуы және оның алды-артындағы үгіттік жұмыстар шағын ұлттарға көптеген тиімділік ала келді. Кеңес одағының арнайы ұйымдастыруымен Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен басылған ұйғыр, қазақ тіліндегі газет-журнал, кітаптар Шыңжаңға көптеп кірді. Қазақстандық әдебиет үлгілерінің Шыңжаң қазақтарына кеңінен тарауы осы кезеңнен басталды.
Көп өтпей, яғни 1949 жылы коммунистер басшылығындағы жаңа қытай билігі орнады да, 1950 жылы кеңес одағымен достық келісімшарт негізінде жаңа қарым-қатынас қалыптасты. Әдебиет жағында әлем әдебиетінің озық үлгілерімен бірге, Максим Горький, Владимир Маяковский, Мұхтар Әуезов шығармалары Шыңжаңға тарады.
«Қытай үкіметі азаттық кезеңі атаған 1949-1957 жылдар аралығындағы кезеңде де Қытай қазақтары мен кеңес одағы құрамындағы Қазақстан қаламгерлерінің байланысы біршама терең болды. 1956 жылы Сəбит Мұқанов, 1957 жылы Ғабит Мүсірепов қытай жеріндегі қазақ қаламгерлері арасында болып қайтты. Тіпті сол жылдардағы Шыңжаң жазушылар одағының құрылуына да қазақстандық қаламгерлердің ақыл-кеңесі мен үлесі мол болды» (Ж.Шәкенұлы «Қытай қазақтарының әдебиеті», зерттеулер. Алматы, Palitra Press, 2018 жыл).
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы осы жылдарда Шыңжаң қазақ оқырмандарының қолына тиді. Сөйтіп аталған жылдар ішінде қазақстандық қазақ ақын-жазушыларының шығармалары Шыңжаң қазақтарына кеңінен таралумен бірге бірқатар еңбек қытай тіліне аударыла бастады.
Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін және Мұхтар Әуезовті хан тіліне алғашқы тәржімалаушы Қытай еліндегі сібе ұлтынан шыққан Қабай. Шын есімі Ха Хуанжаң. Ол ШҰАР институтының орыс тілі факультетін бітіріп, 1973 жылға дейін Іле аймағының Күнес, Нылқы аудандарында әртүрлі қызметтер атқарған. 1973 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасында» редактор, аудармашы болып жұмыс істеген. Қытай, орыс, қазақ тілдерін толығынан меңгерген.
Қабайдың Абайды аударуы 1950 жылдардың орта кезінен бастау алады. 1955 жылы ол Абайдың «Ескендір» атты поэмасын қытай тіліне аударып, Бейжіңде шығатын «Аудармалар» (8-сан) журналында шығарған екен. 1958 жылы Абайдың поэмаларының аудармасын топтап, «Абай дастандары» деген атпен «Халық әдебиеті баспасынан» кітап етіп шығарады. Сол жылы Үрімжіде шығатын «Тәңір тау» (8-сан) журналына «Қазақтың ұлы ақыны – Абай» деген мақаласын қытай тілінде жариялайды.
1982 жылы «Абайдың таңдамалы өлеңдерін», 1984 жылы «Абайдың қарасөздерін» жеке-жеке Шыңжаң халық баспасынан қытай тілінде кітап етіп шығарды. 1993 жылы Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында «Абай шығармаларының толық жинағын» қытай тілінде аударып, дайындап, Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» шығарды. Жинаққа Абайдың 168 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегі кірді. Қабай ендігі жерде М.Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» еңбектерін тәржімалауға кірісті. 1997 жылы «Абайдың» 1-томы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» қытай тілінде жарық көрді. Ол мұнымен тоқтап қалмай, 1995 жылы қыркүйекте «Ұлттар баспасынан» «Абайды зерттеуге арналған мақалалар жинағын» қытай тілінде шығарды. Аталған жинаққа М.Әуезов бастаған абайтануға қатысты қазақстандық қаламгерлердің еңбегі кірумен қатар, өз тарапынан жазылған 14 мақаласы да енген.
1991 жылдан кейінгі тəуелсіздік кезеңі екі ел қазағының қарым-қатынасына кең жол ашты. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары Шыңжаңда жарық көруі үрдіске айналды. Бір М.Мақатаев шығармаларының өзі 8 рет басылым көрген. М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ə.Нұрпейісов, І.Есенберлин, М.Мағауин, О.Бөкеев, Ə.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, М.Айтқожина, Н.Келімбетов, Р.Отарбай, Қ.Əше т.б. қаламгер кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жақсы бастама осы күндерге дейін жалғасып, тек кітап түрінде ғана емес, шыңжаңдық басылымдардың бəрінде де қазақстандық авторлардың шығармалары жарияланып келеді.
Абай мен Мұхтарды қытай тіліне арнайы аударумен айналысқан екінші қаламгер-жазушы, аудармашы Қайша Табаракқызы.
Қ.Табаракқызы әдеби жасампаздықпен қоса, аудармашылық жұмысымен айналысып, қазақ тіліндегі шығармаларды қытай тіліне аударуда үлкен міндетті үстіне алып, «Елжау Күнби» (С.Жанболатов), «Жан» (Б.Құсбегін) (1-том), «Таңжарық өлеңдер жинағы», «Ертіс кілкіп ағады», «Қазақ ертегілері», «Құз басындағы аңшының зары» қатарлы кесек-кесек романдармен бірге М.Әуезов, М.Шаханов, М.Мақатаев шығармаларын қытай тіліне аударды. М.Әуезов бастаған қазақстандық қаламгерлер еңбегі Шыңжаң қазақ әдебиетінің қалыптасуына, дамуына игі ықпал жасады.
1933-1935, 1955-1957 жылдар аралығындағы Қытай-Кеңес одағы достығы жəне екі арадағы ұзақ мерзімдік тоң жібіген 1980-жылдардың ішінде «Қарағанды», «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Абай», «Абай жолы», «Ұлпан», «Қан мен тер» сияқты туындылар əртүрлі жолдармен қолдан қолға өтіп, оқырман шөлін қандырды.
Шыңжаң қазақ əдебиетіндегі тарихи тақырыптағы романдар, мейлі, сан жағынан болсын, мейлі, сапа жағынан болсын, Шыңжаңның бүгінгі əдебиетіне өкілдік етеді. Десе де, бұл романдарда бір ортақ ерекшелік бар десе, ол – Мұхтар Əуезовтей қара нардың соңынан ерген бота-тайлақтардың əдебиет көшін керуенге айналдырғаны дер едік. Жəне де бұл романдарда бір ортақ кемшілік бар делінсе, ол да осы көштің шиырынан шыға алмағанымыз деп мойындар едік.
Шыңжаң қазақтары Абайды қалай таныса, М.Әуезовті да солай таныды. Тіпті шынайы өмірдегі Абай бейнесінен гөрі, Әуезов қаламынан туған «Абай» оларға барынша «таныс» болды. Әуезовтің Абайдың көркем бейнесін жасауы – Шыңжаң қазақ қаламгерлеріне үлгі-өнеге болды. Осы жолды үлгі тұтқан қазақ қаламгерлері көптеген романды өмірге әкелді. Осылайша, шетел қазақ әдебиеті үшін ұлы тұлға – Мұхаң ұстаздық мінберге көтеріліп, ел жадынан өшпестей орын алды.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы