Экологиялық төлемнің ауыртпалығы
«Терра Вита» компаниясының басшысы Насихат Исабаеваның айтуынша, экологиялық төлемдер шағын және орта бизнес субъектілеріне әжептәуір салмақ түсіріп отыр.
«Кәсіпорнымызда жалақыға 1,5% экологиялық төлем қосылып беріледі және 10 күн экологиялық демалыс та төленеді. Бізге көптеген міндеттеме жүктелген. Өз қызметкерлерімізді ренжітпеуге тырысамыз. Мәселен, сыйақы үнемі беріліп тұрады. Алайда экологиялық төлем біздің өңір үшін үлкен қиындық тудырып отыр. Неге оны тек шағын және орта бизнес төлеуі керек? 1949 жылы ядролық бомбаларды біз жардық па? Бұл – Үкіметтің тікелей айналысатын мәселесі. Экологиялық проблемалар Үкімет деңгейінде шешілуге тиіс. Мысалы, нақты атаулы көмек түрінде жәрдемдессін. Біз онсыз да өз міндеттемелерімізді артығымен орындап келеміз. Неліктен мұны біздің мойнымызға артып отыр?! Бұл туралы депутаттар ондаған жыл бойы айтып келеді. Бірақ мәселе орнынан қозғалар емес. Ай сайын жалақыға 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі соманы қоса төлеуіміз керек. Егер де АЕК-тің көлемі өзгерсе, сәйкесінше төлем сомасы да өзгеретінін естен шығармаған жөн», деді Н.Исабаева.
Банктің талабы тым қатал
Кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті несиелендіру саясаты тым қатал екенін айтады. Мысалы, бір өтінішті екінші деңгейлі банктер шамамен 6-9 айдай қарауы мүмкін.
«Дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнестің ахуалы қандай деп сұрағыңыз келсе, мына нәрсені айтайын. 20 жылдан артық бір ғана банктің қызметін пайдаланып келемін. Олар мені жақсы біледі. Мысалы, жуырда 26 млн теңгеге бағаланатын қондырғыны сатып алу қажет болды. Қарыздарым жоқ болғанына және банктің мінсіз клиенті екеніме қарамастан, несие алуға байланысты өтінішім 9 ай қаралды. Мұның салдарынан сатып алынуға тиіс қондырғымыз шекарада тұрып қалды. Себебі Қытай пандемияны жариялады. Ал бұл жабдық бізге ауадай қажет еді. Демек, қағазбастылық, бюрократияландыру жүріп жатқанын байқайсыз. Бір кездері екінші деңгейлі банктердің мемлекеттен қыруар көлемдегі ақшаны алғанын барлығы жақсы біледі. Ақыры сол қаражатты алған екен, онда ШОБ-тың да жағдайын жақсартуға болар еді ғой?! Оның орнына банктер керісінше шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша шарттарды қатаңдатты», деді «Терра Вита» компаниясының басшысы.
Отандық бизнесті кім қорғайды?
Өңірдің іскер ортасы елімізге көшіп келіп жатқан шетелдік бизнеске де алаңдаулы. Кәсіпкерлер отандық бизнестің мүддесін лайықты қорғайтындай құзырлы органдардың жоқтығына қапалы.
«Қазір елімізге шетелдік бизнес субъектілері жаппай ағылып жатыр. Ал бізді, яғни отандық бизнесті кім қорғайды? Біздің мүддемізді қорғай алатындай құзырлы органдар бар ма? Бұған күмәнім бар. Мысалы, Ресейдің кәсіпкерлері 100% өздеріне қолайлы жағдайда біздің нарыққа еш алаңсыз кіре алады. Ал еліміздің іскер жандары дәл солай Ресейде өз өнімдерін өткізе ала ма? Жоқ! Себебі ресейліктер өз нарықтарын сауатты қорғап алған. 2015 жылдан бастап үкіметтік емес стандарттар мәселесі жөнінде талай арпалыстық. Нәтижесінде, ол жұмыс істемеді. Содан кейін индустриалды сертификатты да жасадық. Ол да мардымды нәтиже бермеді», деді Н.Исабаева.
Бір терезе қағидаты жұмыс істемейді
Шағын және орта бизнес өкілдері шетелдік инвесторларға берілетін артықшылықтар еліміздің кәсіпкерлеріне де көрсетілуге тиіс деген ойда. Сондай-ақ қағазбастылық пен бюрократияландыру шаруаның шатқаяқтап тұруының тағы бір себебі, дейді Абай облысының азаматтары.
«Елімізде көптеген инвестициялық бағдарлама бар. Айталық шетелдік инвестицияны тартсаңыз, бірқатар жеңілдік беріледі. Оның ішінде бизнеске арналған жер учаскелерін бөлу, салықтық жеңілдіктер және тағы сол секілді. Бірақ та инвестор ретінде өз қаражатыңды салсаң онда мұндай артықшылықтарды иеленуіңіз екіталай. Яғни елімізде шетелдік капиталды тарту үшін барлығы жан-жақты ойластырылғанымен отандық инвесторларға мұндай салықтық преференциялар қарастырылмаған.
Қазір біз Семейде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеу бойынша Қазақстандағы алғашқы клиниканың құрылысы жобасын қолға алдық. Бірнеше рет әкімдікке осы клиниканың құрылысына жер телімін бөлу туралы өтініш берген едік. Десе де жер учаскесін өз қаражатымызға сатып алуға тура келді. Сатып алған учаскеміздің айналасын көркейтіп, абаттандыру үшін жақын маңда жатқан жерді қосып алғымыз келген. Жер қатынастары бөліміне барып, аталған мәселені реттеп беруді өтіндік. Алайда Жер қатынастары кодексінде бұл тәртіп бір терезе қағидаты арқылы жүзеге асырылуға тиіс деп көрсетілген. Өкінішке қарай, бұл заң жұмыс істемейді. Бүкіл құжатпен түрлі органдарды аралап, мұның барлығына 9 айдай уақытымыз кетті. Осыншама уақытымыз тиісті құжаттарды жер қатынастары бөліміне тапсырып, екі апта ішінде олардан менің сұрағыма жауапты есту үшін ғана жұмсалды. Былайша айтқанда, мемлекеттік органдардың қызметін өзіміз орындап жүрміз. Тұтастай алғанда, бір терезе қағидаты өзінің тиімсіздігін көрсетті», деді Nucmed компаниясының өкілі Раушан Фатхулина.
Ашылмай жатып жабылған цех
Бесқарағай ауданының тұрғыны Рысбике Тілеуқабылова 2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен несие алып, тігін цехын ашқан. Әйтсе де ол кәсібінің нәсібін де көріп үлгермеген. Себебі аудандық әкімдік жергілікті кәсіпкерді жарты жолда қалдырып кеткен.
«2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен несие алып, тігін цехын ашқан едім. Сол кезде шамамен 50-ден астам адам кредит алып, өз кәсіптерін бастаған болатын. Аудан әкімдігі соңымыздан қалмай осы мемлекеттік бағдарламаны пайдалануды уәжіптеген еді. Ал іске келгенде, кәсібіміз тұралап, дамымай қалды. Себебі тапсырыс жоқ. Өзіміз дайындаған бизнес жоспарды қабылдамай, өздерінің бизнес жоспарын бізге сатты. Еріксіз алуға тура келді. Стандарттау рәсімі сынды барлық талапты орындап, мемлекеттік сатып алу аясында тапсырыстарды орындауға талпындық. Алайда оған да жолатпай қойды. Салдарынан шығынға батып, тігін цехын жабуға мәжбүр болдық. Несиенің негізгі сомасын төлеуге мүмкіндігіміз болмады. Үйдегі малдың барлығын саттық», деді бесқарағайлық азаматша.
Қарағайлы өңірде тұратын халықтың дені займдық қаражатты көбінесе мал шаруашылығын дамытуға алған. Әйтсе де бұл амалдарынан мардымды нәтиже шықпапты. Өйткені көп жағдайда төрт түлік мал бруцеллез ауруына ұшырады деген желеумен тәркіленетін көрінеді. Бұған аудан халқы күмәнмен қарап отыр.
Тұмса табиғатымен көрікті Бесқарағай ауданында қордаланған проблема жеткілікті. Осы уақытқа дейін ауданда 8 әкім ауысқан. Жергілікті шаруалар жайылымға жер таба алмай отырғанда Қарабас ауылдық округінде 16,5 мың гектар жердің Long Xin компаниясына неліктен берілгенін түсінбей дал.
«Онда немен айналысып жатыр десеңіз, олар 3 халықаралық конвенциямен тыйым салынған улы пестицидтерді контрабандалық жолмен алып өтіп, жерді өңдеп жатыр. Енді жалға алынған жерді Қазақстан азаматының атына рәсімдеп, 49 жылдай пайдалануды көздеп отыр», деді Қарабас ауылының тұрғындары.
Грек-рим күресінен балалар жаттықтырушысы Ержан Амархановтың Ертістің маңынан қауіпсіз жағажай салып жатқанына да біраз болды. Спорт маманы жағажайдағы қауіпсіздік шараларын күшейту үшін қала әкімдігінен бейнебақылау камераларын орнату бойынша көмек сұраған. Алайда бапкер жергілікті билік құрғақ уәде беруден ары аса алмай келе жатқанын жеткізді. Сонымен қоса жағажайды ретке келтіру үшін арнайы техника да қажет болып тұр. Бұл орайда Семейде жыл сайын Ертіске батып, қаза табатындардың саны артпаса да кемімей жатқанын айта кету керек. Айталық, былтыр 11 адам суға батса, соның 3-і – балалар.
Абай облысы