Қоғам • 30 Қыркүйек, 2022

Өсер елдің қариясы – қазына

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ынтымағы жарасқан, ырысы ортаймаған берекелі қоғамның сипаты, ең алдымен, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі азаматтарға жасалған қамқорлықтан көрінетіні анық. Әсіресе әлпетінен әрі, әлеуетінен әлі тайған үлкен кісілерге көңіл бөлек.

Өсер елдің қариясы – қазына

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бұл ретте «Еңбегіне қарай – құр­мет, жасына қарай – ізет» деп білетін, қазақы қалпымыздан ай­нымаған қоғамымызда қария­ларды қадірлеу – қашаннан келе жат­қан мызғымас, берік дәстүрі­міз. Ал қазанның басын қазы­налы қарттарымызды құрметтеумен бастауымыз осынау дәстүріміздің діңгегін одан сайын бекіте түседі.

Расында, осы даталы күні баталы қарияларымыз айна­ла­сын­дағы аяулы адамдарының жылы лебізін естіп, жүзінде шуақ ойнап, көңілі шалқып, мерейі тасып, бір жасап қалады. Жасы егде тартқан шағында ардақты ата-әжелеріміз сый-құрметке кенеліп, еңбегі еле­ніп жатса, нұр үстіне нұр. Үл­кен­деріміздің «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп құлшылық етуінің мәні де осында.

Зейнет демекші, еліміздің әлеу­меттік саясатында қамсыз қарт­тықты қамтамасыз ету мақ­сатында бірқатар бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – «Күміс жас» бағдарламасы биылдан бастап қолға алынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басындағы халыққа Жолдауында зейнетақы көлемін жылдан-жылға арттыра түсуге тапсырма берді, бұған қоса әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін ұлғайтуға мораторий жариялады.

«Біз зейнетақы жүйесін қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 70 пайызына, ал жоғар­ғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеу­меттің талап-тілегін ескере оты­рып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңге­йін­де қалдырамыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы жа­рия­лаған бұл мораторий жөнінде жан-жақты мағлұмат берген Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Тамара Дүйсенова еңбек­ке жарамды жастағы әйелдер­дің зейнетақысын молайтуға мүмкіндіктер қарастырылғанын айтып берді.

«Бүгінгі таңда елімізде 325 мыңнан аса еңбекке қабілетті жастағы, табысы жоқ әйелдер бар. Тиісінше, олар мемлекеттен алатын ең төменгі базалық зейнетақыға ғана сене алады. Қазір аталған зейнетақы көлемі 20 мың теңгеден сәл-ақ асады. Ал 2023 жылдан бастап 24 мың теңге болады. Біздің міндетіміз – осы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларын барынша кеңінен ұйымдастыру. «Күміс жас» жобасына қатысушылардың шекті жасы төмендетілді, енді жобаға 50 жастан асқан әйелдер де қатыса алады. Жалақы мемлекет тарапынан субсидияланып, кем дегенде 100 мың теңгені құрайды. Бұл әйелдерге еңбек өтілін, аударым­дарды алуға және зейнетақы жинақ­тарын толықтыруға мүмкін­дік береді. Жобаға қатысқан жағдайда көрсетілген 5 жыл ішінде әйел 70 мың теңге көлемінде зейнетақыға үміт арта алады», деді Т.Дүйсенова.

Министр 2023 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап базалық зей­нет­ақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру зейнетақының өсуіне ықпал ететінін айтты. Бұл ретте жылдық өсім шамамен 13%-ды құрап, барлық 2,2 млн зейнеткерге әсер етеді. Сонымен қатар ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді.

Жаңа іс-шаралар кешені 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруға бюджеттен 1,3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Жұмыс берушілерден қызметкердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары есебінен шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу де зейнетақы мөлшерін арттыруға ықпал етеді. Бұл норма 2024 жылдың қаңтарынан бастап 5 жылға кезең-кезеңімен енгізіледі.

Аталған іс-шаралар алдағы уақытта қариялардың әлеу­мет­тік жағдайына оң әсер етеді деген үміт зор. Ал олардың ден­саулығын күтуіне де қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мұны еліміздегі өмір сүру жасының жылдан-жылға ұзарып келе жат­қанынан байқауға болады. Қазір елімізде өмір сүру жасының ұзақтығы орташа есеппен 70,23 жасты құрап отыр. Соған сәйкес жалпы қартаю индексі де артып ке­леді. Дәлірек айтсақ, 2021 жы­лы Қазақстан өңірлерінде ха­лықтың қартаю индексі 26,6 құ­рады. Бұл дегеніміз 0 жас­тан 15 жасқа дейінгі әрбір 100 бала­ға елімізде 65 жастан асқан 26,6 аза­маттан келеді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 25,9 (2017 ж.) деңгейінде болған.

Елді мекендермен салыс­тырғанда, Қазақстанның қалалық жерлеріндегі қартаю көрсет­кіші жоғары – 28,7. 2019-2020 жыл­дар­дағы қалалық индекс 29,1 дең­гейінде бағаланған еді. Өңірлер арасында ең жоғары индекс көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында – 66,5. Ал ең жас қала Шымкент болып шықты, онда 100 балаға шаққанда 65 жастан асқан 14,3 адамнан келеді. Астана халқы да салыстырмалы түрде жас, бұл қаланың индексі 17,3 құ­рады. Ауыл тұрғындары арасын­да­ғы қартаю индексі қала­лық көр­сет­кіштен 4,9 пунктке (23,9) аз. Бес жыл ішіндегі көрсеткіш айтар­лықтай өзгерген жоқ, 2017 жылы 100 балаға 22,4 қарттан келген.

Қорыта айтқанда, еліміз­дің қанат жайып өркендеуіне, ұрпа­ғы­ның келешегіне тілек­ші бо­лып, шүкіршілік еткен қариялары­мыздың алаңсыз, аман-сау өмір сүргеніне не жет­сін?! «Өсер елдің қарты қазы­на болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» дегендей, әдемі қартая білетін, аузы дуалы, сөзі уәлі, қазыналы қарт­тарымыздың қатары артқаны адам капи­талына басымдық беріп жатқан елімі­з­дің болашағына көп үлес қосары сөзсіз.