Экономика • 30 Қыркүйек, 2022

Зауыт өнімділігі артты

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақсу ферроқорытпа зауыты агломерациялық цехтың өнімділігін 20 пайызға арттырып, максималды қуатқа қол жеткізді. Бұл компания мамандары ұсынған жаңашыл шешімнің нәтижесінде жүзеге асты. Енді өндіріс көлемі жылына 250 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Зауыт өнімділігі артты

Агломерациялық цех Ақсу фер­ро­қорытпа зауытының «ең жас» бөлімшесі болып саналады. Сондай-ақ барынша қалдықсыз өндіріске көшуге бағытталған ERG-дің ең ауқымды инвестициялық жобаларының бірі.

2010 жылы іске қосылған цех бұрын­нан қордаланған қалдықтарды өңдей бастаған. Ұсақ фракциялы шикі­зат балқыту пештеріне жарамсыз саналды әрі оны бұрын үйінді ретінде сақтай берген. Ал қазір агломера­циялық машина ұсақ кенді бір-біріне біріктіріп, балқыту пештеріне арналған дайын өнім – агломерат шығаруда. Осы жерде Ақсу және Ақтөбе ферроқо­рытпа зауыттарының газ тазалау құ­рыл­­ғы­лары қармап алған шаңдар да өнді­ріске қайта бағытталатынын атап өткен жөн.

– Ақсу ферроқорытпа зауытында әлемдік экологиялық стандарттарға ұмтыла отырып, қалдықсыз өндіріс технологиялары сәтті қолданылып келеді. Бұл жерде қожды қайта өңдеу цехы мен агломерациялық цехтың септігі зор. Соңғысын «экологиялық ең таза бөлімше» деп атауға болады. Себебі агломерат өндірісіне бұрын пай­дасыз болған ұсақ-түйекті бағыттап қана қоймай, тек жағылып, ауаға ұшқан ферроқорытпа газы да пайдаға аса бастады, – дейді кәсіпорын директоры Валентин Чихичин.

«Қазхром» трансұлттық компаниясында агломерациялық цехтың өнімділігін арттыру үшін қайта құру бағдарламасы әзірленді. Алдын ала есептеулер бойынша оны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады екен. Алайда осы маңызды бөлімшенің тиімділігін арттыруға қыз­меткерлердің идеяларының сеп­тігі тиген. Олар ERG-дің ғылыми-зерт­теу инжиниринг орталығымен бірле­сіп, өндіріс технологиясына да, жаб­дық­қа да бірқатар өзгеріс енгізіпті. Атап айт­қанда, конвейерлік таспаны ыс­тыққа төзімді таспаға ауыстыру және дайын агломерат желісін жетіл­діру нәтижесінде агломерация машина­сының жылдамдығы артқан. Ал шикі­зат құрамына жаңа компонентті қосу нәти­жесінде бірігу жылдамдығы ұлғайған.

– Бірлесе әрекет жасап, біз аглоцех­тың өнімділігін жылына 50 мың тон­на­ға дейін арттыра алдық. Бірақ шегі­не әлі жеткен жоқпыз. Бұл – жоба коман­дасының алғашқы үлкен жеңі­сі. Алдын ала бағалау бойынша үш бастаманы енгізудің пайдасы ша­мамен 5,6 млрд теңге болмақ. Алайда идеяларымыз мұнымен таусылмай­ды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз, – дейді агломерациялық цехтың басшысы Дмитрий Поляков.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Ақсу ферроқорытпа зауытының агломерациялық цехы – хром және марганец агломератын шығаратын әлемдегі жалғыз өндіріс ошағы.